Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тілшіліктің бағындырып заңғарын,
Тіршілікке тіл бітірген мамандар!

18.05.2024

594 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Биыл аймақтың ата басылымы
«Сыр бойы» газетіне 95 жыл болса, өңірдегі алғашқы тәуелсіз газет саналған «Ақмешіт апталығы» газетіне
30 жыл толып отыр. Қос басылымның мерейлі жылында оқырмандармен бірге түрлі іс-шаралар өтуде. Соның бірі – «Журналистика – мәні терең мамандық» атты оқушылар арасында өткен жас ақындар мүшәйрасы.
Мүшәйрада 9-11 сынып аралығындағы 11 оқушы бақ сынады.

Талапты жастарға облыстық «Сыр бойы» газетінің редакторы Қуат Шарабидинов сәттілік тілеп, ғасырға жуық жуық тарихы бар басылымның тарихынан сыр шертсе, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің редакторы Әзиз Батырбеков қос басылымды мерейтойымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдәбекова қолына қалам ұстаған жас өрендердің талпынысына тәнті болып, әрдайым жастарға қолдау білдіруге дайын екенін айтты.
Жастардың үні – «Ақмешіт жастары» газетінің ұжымы бастама көтеріп, «Сыр медиа» ЖШС ұйымдастыруымен еркін форматта өткен шарада талантты жастар өлең оқыды. Смартфонды емес, қағаз бен қаламды серік еткен жас ұрпақтың көптігі, «оқысам, білсем» деген ынтасы көңілге қуаныш ұялатты. Ең бастысы, ынта мен ниет болғаны.
Мүшәйраға 20 үміткер қатысып, іріктеу кезеңінен 11-і өткен. Жүзден жүйрік шығудан үмітті 11 жас ақын қорытынды кеште екі өлеңнен оқыды.
Айта кетейік, байқауға «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Әлеуметтік және тәрбие жұмысы бөлімі меңгерушісі Жанар Бимұратқызы мен ақын Ақжол Түменбай төрелік етті.
Мүшәйра қорытындысында жас ақын Ұлықбек Бектай бас жүлде алса, І орынды Мерей Қалабай, ІІ орынды Данияр Құрбанәлі мен Мереке Қуаныш иеленді. Ал ІІІ орынды Расул Жеткерген мен Нұрайна Жүсіпбекова және Талшын Оспан иеленсе, «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша Ақтай Нұрбек марапатталды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға алғыс хат пен арнайы сыйлық табысталды.
Шығармашылыққа қадам басқан жастардың арасында қызығы мен шыжығы мол журналист мамандығының сырын ұғу үшін ізденгендері өлеңінен байқалады. Мәселен, бас жүлдені жеңіп алған Ұлықбек Бектай өз өлеңінде мамандықтың қыр-сырын ашуға талаптанғаны байқалады.
Апат келсе, далаң опат, жері – су,
Бірге жүріп көрсету мен көрісу,
Біреулердің қайғысына ортақ боп,
Біреулердің қуанышын бөлісу – десе, енді бір шумағында
Адам болып, адал ғұмыр кешетін,
Әдебиет пен мәдениеттің айнасы, –
деп мамындықтың қасиетін ұғынуға тырысады. Осы тұста айта кетелік, мақала тақырыбын да жас ақынның өлең жолдарынан алдық.
Ең бастысы, талантты жастардың сөз өнеріне деген – көңілі, құрметі сезіледі. Ақ қағазға түскен, аппақ көңілден туған өлеңдерді тыңдай отырып, жастардың оқуға деген ынтасына риза болдық.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, аға буын кейінгі толқынның ынтасы мен ықыласына алғыс айтып, сәттілік тіледі.


Н.АЛТЫН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: