Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл тек жеке адамдарға ғана емес, бүкіл қоғамға әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Өкінішке орай, бұл өзекті болып отыр. Осы орайда, отбасындағы әйелдер мен балалардың тұрмыстағы зорлық-зомбылығына қарсы елімізде нақты іс-шаралар қолға алына бастады. Соның аясында А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Қауіпсіз қоғам: отбасы, тәрбие және жауапкершілік» тақырыбында жиын өтті. Басқосуда отбасы құндылықтарын сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет алаяқтық, сталкинг және құмар ойындардың зияны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, сала мамандары, білім саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алып, тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру.
Жыл басынан бері қалалық полиция басқармасына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1000-нан астам хабарлама келіп түскен. Аталған хабарламалар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құқықбұзушылық фактілері тіркелген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы осы бағытта 13 қылмыс дерегі тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы төрт айында-ақ 14 қылмыс фактісі орын алған. Сонымен қатар жыл басынан бері басқарманың профилактикалық есебіне 699 азамат алынған. Оның ішінде 152 тұлғаға ерекше талаптар белгіленіп, олардың мінез-құлқына бақылау күшейтілген. Бүгінде құқықбұзушылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Әр шаңырақта тыныштық пен қауіпсіздіктің болуы аса маңызды. Ал құқықтық сауаттылық – адамды түрлі қауіп-қатерден қорғайтын басты құралдардың бірі. Заңды білу – өз құқығыңды қорғап қана қоймай, өзгелердің құқығына құрметпен қараудың да белгісі. Өкінішке қарай, отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан адамдар түрлі дене жарақатын алып, кей жағдайларда адам өлімімен аяқталып жатады. Жүргізілген зерттеу нәтижелері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері ретінде ішімдікке әуестік, лудомания, алаяқтардың арбауына түсіп несие алу, құмар ойындарға тәуелділік болып отыр. Осындай жағдайлар салдарынан отбасылық жанжалдар көбейіп, әйелдерге күш көрсету оқиғалары артқан. Зәбір көрген әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалада қазіргі таңда үш дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Онда зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда әйелдер мен балалар арнайы орталықтарға алты ай мерзімге дейін орналастырылады, – дейді қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Айгерім Ерболат.
Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, 2026 жыл «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі» жылы болып жарияланған. Осыған орай, қалалық полиция басқармасының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз Қызылорда» атты кең ауқымды акция өтуде. Негізгі мақсат – қауіпсіз мектеп, қауіпсіз қоғам және қауіпсіз балалық шақ қағидаттарын қалыптастыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға қорғану тетіктерін түсіндіру.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және психологиялық салдары да ауыр. Мұндай жағдайлар жәбірленушілердің физикалық және психологиялық денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, жалпы қоғамға да теріс әсер етеді. Мысалы, балалар зорлық-зомбылықтың куәгерлері немесе құрбандары болғанда, олардың психологиясы бұзылады, өздері де қатыгез болып өседі.
Облыстық халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Жандос Тұсмағамбетовтің сөзіне сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көрсетілетін көмек көлемі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы орталықтан арнаулы әлеуметтік қызмет алған 58 әйел болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 79-ға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 25 ана көмекке жүгінген. Бұл әйелдердің өз құқықтарын қорғауға батыл қадам жасап, заң аясында көмек алуға шешім қабылдап отырғанын көрсетеді. Орталықта азаматтарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, құқықтық, психологиялық, еңбек, экономикалық, педагогикалық және мәдени бағыттарды қамтитын сегіз түрлі арнаулы қызмет ұсынылады. Нәтижесінде 2024 жылы 47, ал өткен жылы 69 әйел өз отбасына қайта оралып, мәселелерін шешуге мүмкіндік алған.
– Орталықтың басты мақсаты – отбасындағы түйткілдерді реттеп, қылмыстың алдын алу. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек әйелге ғана емес, баланың психологиялық жағдайы мен болашағына да кері әсер етеді. Сонымен қатар зорлық-зомбылық тек дене жарақатын салумен шектелмейді, адамның жан дүниесіне әсер ететін психологиялық қысым мен қорлау да ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір отбасында қауіпсіз орта қалыптастырып, зорлық-зомбылықтың алдын алуға қоғам болып назар аудару маңызды. Әрбір бала бақытты отбасында өмір сүруі тиіс. Отбасындағы зорлық-зомбылықты жасырудың соңы қылмысқа әкеледі. Отбасында барынша зорлық-зомбылық болмағанын қадағалау қажет, – дейді Жандос Тұсмағамбетов.
Күн сайын қатыгездіктің, зорлық-зомбылықтың күшейіп, жағдайдың ушығып бара жатқанын көз көріп отыр. Отбасылық ұрыс-керіс, адамдардың бір-біріне қастандық жасауы азаймай тұр. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық болғанымызбен қатыгездік көбеюде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы жиынында: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуы тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», – деп атап көрсетті. Ел Президенті де қауіпсіз қоғам орнату үшін заң талабын да қатаңдатты. Бұл – ел тыныштығы үшін, балаларымыздың қауіпсіз қоғамда өсіп-өнуі үшін жасалып жатқан қадам. Қауіпсіз қоғам бәрінен қымбат.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!