Сейсенбі, 28 сәуiр, 01:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2243)
28.04.2026
PDF мұрағаты

ҰБТ: Енді талапкерлер бір-ақ рет тест тапсырады

28.04.2026

41 0

Елімізде жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесі мен талапкерлерді іріктеу тетіктерінде ауқымды өзгеріс жоспарлануда. Соның ішінде ең басты жаңалық – Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) бір-ақ рет тапсыру ұсынысы.

Бұл туралы Премьер-министрінің орынбасары Аида Балаева мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі жүйеде талапкерлердің бір­неше рет тест тапсыру мүм­кіндігі болғанымен, бұл кей жағдайда нақты білім деңгейін объективті бағалауға кедергі келтіреді. Ал жаңа ұсы­ныс әр талапкердің білімін бір реттік нақты нәтиже арқылы анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, бұл  тестілеуден бас тарту емес. Керісінше, дарынды талапкерлерді анықтап, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам.

Қазіргі таңда талапкерлер ҰБТ-ны бірнеше рет тапсырып, ең жоғары нәтижесін грант конкурсына ұсына алады. Алайда бұл жүйе кей жағдайда дайындыққа көп мүмкіндік алған талап­керлер мен бір ғана мүмкіндікке сүйенген түлектер арасында теңсіздік тудыруы мүмкін деген пікірлер бар. Сондықтан бір реттік тестілеу енгізу арқылы бар­лық талапкер үшін тең жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар бұл өзгеріс талапкерлердің жауапкершілігін арттырып, білім алуға деген жүйелі дайындықты күшейтеді. Яғни, оқушылар тек тестілеу форматына бейімделіп қана қоймай, терең білім алуға ұмтылуы тиіс. Әсіресе педа­гогикалық мамандықтарға түсу кезін­де арнайы емтихандарды да қамтиды. Мұн­дай тәсіл талапкерлердің тек теория­лық білі­мін ғана емес, олардың сыни ойлау қабілетін, талдау жасау дағдысын, сондай-ақ қарым-қатынас мәдениетін жан-жақты баға­лауға мүмкіндік береді.

Жоспарланған тағы бір өзгеріс – жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы шартты қабылдау тәжірибесінен бас тарту. Қазіргі таңда мұндай бағдарлама арқылы қабылданған студенттердің бір бөлігі оқу барысында қажетті шекті балды жинай алмай, білімін жалғастыруда қиындықтарға тап болады. Осыған байланысты, білім сапасын арттыру мақсатында бұл тәжірибені қайта қарау ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындарына дайын әрі қабілетті талапкерлердің түсуіне мүмкіндік береді.

Ұсынылып отырған өзгерістер білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағыт­талған. Басты талап тек тео­риялық білім берумен шектелмей, нақты дағдыларды меңгерген, еңбек нарығына бейімделген мамандарды даярлау. ҰБТ жүйесіндегі өзгерістер де осы мақсатқа сай жүзеге асырылмақ.

А.АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: