Сенбі, 20 маусым, 01:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46 (2258)
20.06.2026
PDF мұрағаты

Ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы

20.06.2026

28 0

Әке – бұл сөз кім-кімге болса да жақын, жүрекке жылы тиетін сөз. Үш әріптен тұрса да ол кісінің бала үшін орны әрқашан биік, жоғары. Қашанда әке – асқар тау, оның отбасындағы орны бөлек. Қазақ халқы «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ» деп бекер айтпаған. Әке сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтереді. Баланың қорғаны, отбасы тәрбиесінің темірқазығы ретінде бағаланған.

Есте болса, 2023 жылдан бастап елімізде «Әкелер күні белгіленіп, алғаш рет ресми аталып өткен еді. Маусымның үшінші жексенбісі деп бекітілген мереке содан бері өз деңгейінде тойланып жүр.

Мерекелік күндердің тізбесіне «Әкелер күні» мерекесін енгізудің негізгі мақсаты еліміздегі отбасылық құндылықтарды ілгерілету, отбасы институтын нығайту, сонымен қатар әкелер институтын дамытуға ықпал ету болды. Мұндай мереке әлемнің көптеген елдерінде бар. Мәселен бұл мереке алғаш рет 1910 жылы АҚШ-тың Вашингтон штатында тойланған. Бұл бастаманы Соноро Смарт Додд есімді әйел өз әкесінің құрметіне ұсынған. Кейін бұл мереке бүкіл АҚШ-қа тарап, 1972 жылы ресми мереке болып бекітілген. Сол уақыттан бастап Әкелер күні 80- нен астам елде аталып өтіледі. Ал елімізде бұл күн кең көлемде аталып өтпесе де, әлеуметтік желілерде әкесін құттықтап бөлісетін азаматтар көбейген. Сонымен қатар мереке қарсаңында еліміздің әр өңірінде дәстүрлі отбасылық құндылықтарды әспеттеп, «үлгілі отбасы» идеясын насихаттау мақсатында түрлі іс-шара ұйымдастырылады.

Достық үйінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Әке тәрбиесі – ұлттың рухани діңгегі» атты облыстық әкелер форумы өтті. Оған «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, кәсібі мен еңбегі арқылы елге үлгі болып жүрген азаматтар қатысты.

Биыл төртінші рет ұйымдастырылған форумда әкенің отбасы өміріндегі орны мен қоғамдағы жауапкершілігі кеңінен көрініс тапты. Аймақ басшысы  Мұрат Ергешбаев мұндай шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ер азаматтың отбасы мен қоғамдағы мәртебесін арттыруда маңызы зор екенін атап айтты. 

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әке жауапкершілігі – отба­сының беріктігі мен ұрпақ тәрбиесінің негізі. Біздің қоғамда әкенің рөлін арттыру, отбасындағы беделін нығайту – өте маңызды міндет» деген болатын.Ұлттың сапасы, болашақ ұрпақтың азаматтық болмысы әкенің берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Жаңа Конституциямызда «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мем­лекеттің қор­ғауында болады» деп нақты көрсетілген. Бұл отбасы құнды­лықтары мемлекеттік саясаттың негізгі өзегіне айналғанын айқын дәлелдейді. Әке – тек отбасын асыраушы емес, баланы жауапкершілікке, еңбек­қорлыққа және Отанға деген сүйіспеншілікке баулитын алғашқы мектеп. Баланың бола­шағына әсер ететін ең қуатты күш – отбасындағы тәрбие, әкенің өнегесі. Сондықтан, «Адал адам», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» секілді мемле­кеттік бастамаларды қоғам­да орнықтыру ең алдымен отба­сынан басталуы тиіс. Баршаңызды ел мүддесіне адал қызмет етуге және ұрпақ тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деді облыс әкімі.

Форумда сөз алған «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынба­сары Бекдайыр Нығметұлы бүгінгі қоғамдағы әке­лердің рөліне кеңінен тоқталды.

– Бүгінде әкелер балабақша, мектеп өміріне араласып, бала тәрбиесіне көңіл бөлуде. Біздің мақсат – ұлттық құнды­лықтарды дәріптеу, әкелердің жауапкершілігін арттыру және өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу. Әкелер одағы­ның негізгі мақсаты бала тәрбиесіне көңіл бөліп, қоғамның рухани дамуына үлес қосу. Бала – ата-ананың айнасы екенін ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі әкелерді «Біздің ұрпағымыз бізді еске алама?» деген сұрақ мазалауы тиіс. Отбасы құндылығын сақтай отырып, ұрпағымызға жақсы үлгі болу мақсатында жұмыс істеуіміз қажет. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін ұмытпай, әкелер ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы екенін есте сақтаған жөн. Әкелер одағы республикалық «Аналар кеңесімен»  ұйымымен бірлесіп, отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастарға салт-дәстүр­лерді үйрету бағытында ауқымды жұмыстарды бірлесе атқарамыз. Ер баланың тәрбиесіне, оның ұлтжанды болып қалыптасуына әкелердің ықпалы зор. Сондықтан да ең бірінші өзімізді тәрбиелеу қажетпіз, – деді ол.

Ішкі істер органдарының ардагері Әмірбек Бердібекұлы отбасы құн­дылығы, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы сөз қозғады. Ол әкелер одағы арқылы бүгінде ер-азаматтардың қоғамдағы орны қалыптасып келе жатқанын және бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. 

Сонымен қатар жас ақын, респуб­ликалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері Ақжол Ғабитұлы және өнегелі әке Дәулет Амангелдіұлы тақырып аясында өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Іс-шарада отбасы құнды­лықтарын насихаттап, өскелең ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген әкелер облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Қазақстан дауысы – 2023» жобасының финалисі Нұрислам Тілеухан әсем ән орындап, оған қоғамдық бірлестік атынан смарт-теледидар сыйға берілді.

Форумда көпшілікті  қуантқан жаңалық, «Қызылорда» супермар­кетінің жұмысшысы Жандос Құдай­бергенұлына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталуы. Жандос Құдай­бергенұлы үшін бұл күтпеген сый болды. Ол мұндай сыйлықты алатынын және қуаныштан толқып тұрғанын жасырмады. Жандос Камалов мүмкіндігі шектеулі жұбайына және екі баласына қамқор болып отырған ардақты әке. Жас әке отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты ойымен бөлісті. 

– Бір қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырмыз. Әкенің міндеті балаға қолдау көрсету, сенімді қарым-қатынас орнату. Осы тұрғыда жауапкершілікті өзіне ала білуі тиіс. Әке – баланың әлемді танудағы тірегі әрі батылдықтың үлгісі. Әкенің балаға қалдырған ең үлкен сыйлығы – тәрбиесі, үлгілі әке бола білу.  Балаларыма әрдайым еңбекқорлықты үйретемін. Тәрбиесіне көңіл бөлуден шаршаған емеспін. Еңбекқорлығымның жетістігі бүгінгі сыйлық болды деп ойлаймын, – дейді жас үлгілі әке.

Тәрбиелік мәні зор жиында қоғам мен отбасындағы әкенің рөлі кеңінен сөз болды. Қазақта «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген қағида қашаннан қалыптасқан. Бұл шынында әке тәрбиесінің тағылымы терең екенін аңғартады. Әкенің орны әркез бір саты жоғары тұратыны сондықтан. Осы ретте, әке мен бала арасындағы байланысты нығайтып, үлгілі әке моделін қалыптастыруда аталған іс-шараның маңызы зор.

Иә, баланың болмысын, мінезін, өмірлік бағытын қалыптастыруда әкенің орны айрықша. Бала әкесінен еңбек­қорлықты, жауапкершілікті, тәртіп пен табандылықты бойына сіңіреді.  Турасын айтқанда, әкенің асқар тау ретіндегі негізгі міндеті – балаға арқасүйер болу, жақсы адам болып қалыптасу жолында дұрыс жол нұсқар үлгі-өнегесімен, тәрбиесімен өлшенбек. Ең бастысы, ертең балалардың жадында болу үшін бүгін олардың өмірінде болу маңызды. Сондықтан Әкелер күні – тек бір күндік мереке емес, оның қоғамдағы орнын, отбасындағы үлгісін бағалауға арналған мүмкіндік.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: