Сейсенбі, 05 мамыр, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 (2245)
05.05.2026
PDF мұрағаты

Жаңалыққа жаны құмар өрендер

05.05.2026

27 0

Назарбаев Зияткерлік мектебінде республикалық және аймақтық БАҚ өкілдеріне арналған ашық есік күні өтті. Журналистер қауымы заманауи білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, жас зияткерлердің идеядан нақты нәтижеге дейін жеткен бірегей жобаларын тамашалады. БАҚ өкілдері алдымен сабақтарға қатысып, білім ордасының атмосферасын сезінді. Олар оқушылардың сабақ барысындағы белсенділігін, мұғалімдер қолданатын заманауи әдіс-тәсілдерді, зерттеуге және талдауға негізделген білім беру жүйесінің ерекшелігін байқады. Сонымен қатар қонақтар оқушылар әзірлеген ғылыми жобалармен, авторлық өнертабыстармен танысып, идеядан нақты нәтижеге дейінгі ізденіс жолын көрді.

Ашық есік күні аясында журналистер инженерлік зертхананы, робототехника, киіз басу, қыш өнері үйірмелерін аралап, жас зияткерлердің техникалық, шығармашылық және практикалық дағдыларын дамыту бағы­тындағы жобаларын тамашалады. Бұл үйірмелер оқушылардың тек теория­лық білімін тереңдетіп қана қоймай, инженерлік ойлауға, ұлттық өнерге және жаңашылдыққа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етіп келеді.

Мектептің инженерлік зертханасындағы робототехника, қыш өнері және киіз басу үйірмелері жас дарындардың жан-жақты дамуына арналған алаңға айналған. Мұнда оқушылар тек теориялық білім алып қана қой­май, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған технологиялық жоба­ларды әзірлеуде. Мәселен, 12-сынып оқушылары Данияр Ақдәулетов, Әлтайыр Төлеген және Алишер Романқұл таныстырған «city.mgr+» веб-платформасы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты шешім. Жоба авторларының айтуынша, мұндай жүйе Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда жедел қызметтің оқиға орнына тез жетуіне, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және адам өмірін сақтап қалуға көмектесе алады. Әсіресе, экстремалды ауа райы жиі кездесетін аймақтарда тұрғындарды ерте құлақтандыру құралы ретінде маңызы зор. Жас өнертапқыштар өз жобасын «қауіпсіз, ақылды қала инфрақұрылымына жасалған алғашқы қадам» деп сипаттайды.

– Жүйе бейнебақылау камераларынан түсетін бейнедеректер ағынын немесе пайдаланушылар жүктеген медиафайлдарды қабылдайды. Жасанды интеллект пен геоақпараттық жүйелерді біріктірген бұл жоба төтенше жағдайлар кезінде хабарландыруларды жедел жеткізіп, оқиғалардың біртұтас картасын ұсынады. Жүйе YOLOv8 машиналық оқыту моделі арқылы өрт пен жол апаттарын автоматты түрде анықтай алады, бұл «ақылды қала» инфрақұрылымына жасалған маңызды қадам, – дейді Данияр Ақдәулетов.

7-сынып оқушысы Даниал Шакизада бағдарламалау негіздерін үйрету­ге арналған CodeQuest мобильді қосымшасын таныстырды. Жоба қазіргі информатика пәнін оқытуда цифрлық әрі интерактивті тәсілдердің қажет­тілігінен туындаған. Дәстүрлі оқыту әдістері кей жағдайда оқушылардың қызығушылығын толық оята бермейтіндіктен, жас зерттеуші білім мен ойынды ұштастыратын қосымша әзірлеуді мақсат еткен.

– «CodeQuest» қосымшасы геймификация элементтері арқылы оқушы­лардың бағдарламалауға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жоба барысында информатика пәнінің оқу бағдарламасы талданып, мобиль­ді қосымшаның құрылымы мен интерфейсі жасалды. Swift тілінде және SwiftUI технологиясы арқылы әзірленген қосымшада деңгейлер жүйесі, интерактивті тапсырмалар және оқушының оқу барысын бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Зерттеу нәтижесі мұндай форматтың 7-сынып оқушылары үшін бағдарламалау негіздерін түсінікті, қызықты әрі тиімді меңгеруге көмектесетінін көрсетті. «CodeQuest» оқушылардың логикалық және алго­ритмдік ойлауын дамытып, өз біліміне деген сенімділігін арттырады, – дейді Даниал Шакизада.

Қазақ тілі мен әдебиеті бағытындағы ерекше жобалардың бірі – 7-сынып оқушысы Нұрасыл Әбдікердің «Эмоция тілі» атты үстел ойыны. Жетекшілері Ақбота Жұмабай мен Гүлзат Шынтасованың қолдауымен әзірленген бұл жоба Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын оқығаннан кейін пайда болған. Нұрасыл көптеген оқушылардың тұрақты тіркестерді мағынасын түсінбей қиналатынын байқаған.

Инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған жобаны 11-сынып оқушылары Лағыл Амангелді мен Торғын Ерланқызы ұсынды. География пәнінің мұғалімі Арай Нұрбаеваның жетекшілігімен жүзеге асқан бұл бастама күрделі ғылыми тақырыптарды, соның ішінде «Эволюция» бөлімін комикс форматына бейімдеуге арналған.

Ал ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу мәселесіне арналған жобаны Айзере Жақыпбек таныстырды.

– Қазіргі таңда су ресурстары әлемдегі ең құнды табиғи байлықтардың біріне айналып отыр. Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі және Қазақстанның көп бөлігінің шөл және шөлейт аймақта орналасуы су тап­шылығы мәселесін күшейте түсуде. Осы жағдайды ескере отырып, жас зерттеуші «Arduino» процессорына негізделген автоматтандырылған суару жүйесін құрастырған. Қондырғы топырақ ылғалдылығын, ауа темпера­турасын және жарық мөлшерін арнайы құрылғы арқылы анықтап, деректер негізінде суды тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Жүйе су шығынын 25-30 пайызға дейін азайтып, артық суарудан болатын топырақ эрозиясы мен құнарсызданудың алдын алады, – дейді ол.

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бүгінде сапалы білім беретін оқу орны ғана емес, жас зерттеушілердің идеялары қолдау тауып, нақты жобаға айналатын ашық инновациялық алаңға айналып келеді. Мұндай бастамалар ел болашағына өз үлесін қосатын, ойы ұшқыр, жауапкершілігі жоғары жаңа буын қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: