Қызылорданың көркіне көрік қосқан Президент саябағы бүгінде Сыр жұртшылығының сүйікті демалыс орны. Кешкі уақытта жарқыраған шамдарымен, шолу дөңгелегімен, қызылды-жасылды жазуларымен ерекшеленетін саябақ қала қонақтарының да ерекше ықыласына бөленіп келеді.
2007 жылы пайдалануға берілген демалыс аймағы уақыт талабына сай жаңғыртылып, жаңа нысандармен толығуда. 510 орынға арналған заманауи академиялық музыкалық-драма театры, оның жанында тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапхана, халықаралық деңгейдегі бес жұлдызды «Rixos» қонақ үйі, 200 төсектік перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қоса саябақ маңында 9 қабатты үйлер салынуда. Жоспар бойынша 15 тұрғын үй салынады.
Жасыл желекке көмкерілген саябақта мерекелік кеш өткізу, отбасымен серуендеу, бүгінде қызылордалықтардың игі дәстүріне айналған. Президент саябағы аумағындағы ауқымды жобаның бірі – Ботаникалық білім беру орталығы. Заманауи үлгідегі табиғат пен ғылымды ұштастырған бұл орталық Сыр өңіріндегі экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған ерекше жоба болмақ. Парк аумағында экзотикалық өсімдіктері бар жабық оранжерея мен білім беру орталығы 4 миллиард 861 миллион теңгені құрайды. Нысан облыстық және қалалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Аумағы 4349 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат құрылысын «Alem Qurylys AQ» ЖШС жүргізуде.
– Біздің өңір шөлейтті аймақ екені белгілі. Сондықтан да сыр жұртына өсімдіктің сан түрін көрсетіп, өскелең ұрпақтың білімін жетілдіруге ықпал ету мақсатымыз бар. Ботаникалық білім беру орталығында әлемнің әртүрлі аймақтарынан әкелінген өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесі орнатылады. Ауа ылғалдылығы мен жарық деңгейі өсімдіктің биологиялық ерекшелігіне сәйкес реттеледі. Мәселен, тропикалық аймақтардан әкелінген өсімдіктер үшін тұрақты жылы әрі ылғалды орта сақталса, қоңыржай белдеудің флорасына салқындау температура қарастырылады, – деді жоба инженері Алмат Айдарханов.
Орталықтың бірінші қабатында кең вестибюль, ресепшн, сауда орындары мен қызметтік аймақтар қарастырылған. Негізгі бөлігінде екі ірі тақырыптық бақ орналасса, білім беру аймағында 40 орындық дәріс залы жұмыс істейді. Ал екінші қабатта әкімшілік бөлім, асхана, ашық аспан астындағы демалыс алаңы және бірінші қабаттағы оранжереяларды жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік беретін шолу көпірі салынады. Ғимаратты салу үшін 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Шынымен қапталған заманауи ғимарат ішінде Оңтүстік Америка, Африка, Қытай, Мексика, Жапония және Мадагаскар елдерінің флорасы ұсынылатын тақырыптық бақтар орналастырылады. Келушілер сирек кездесетін тропикалық сәндік пальмалардың бірі – вашингтония, көне дәуір өсімдігі саналатын диксония, нәзік жапырақты финик робелена пальмасы, сондай-ақ тропикалық банан ағашы, архидея, алоэ сынды өсімдіктерді тамашалап қана қоймай, табиғат әлемі туралы танымдық мәліметтер алады. Осылайша, Президент саябағы тек демалыс орны ғана емес, экологиялық тәрбие мен танымдық білім берудің жаңа орталығына айналмақ.
Мақаламызда айтып өткендей, жасыл желек, тропикалық өсімдіктердің қасында саябақ жанында тағы бір маңызды жоба – балалар сауықтыру лагерінің құрылысы қарқынды жүруде. Балалардың сапалы демалысын ұйымдастырып, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін ғимарат 300 орынға арналған. Мұнда спорт кешені, балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктар, мәдени-көпшілік іс-шараға арналған «Event place» ғимараты және дәстүрлі киіз үйлер бой көтерген. Құны 9 миллиард 968 миллион теңге болатын лагерьде балалар қосымша білім алып, үйірмелерге қатысып, жазғы демалысын қызықты өткізеді.
Мердігер мекеме өкілі Еламан Тұрсын тынығу лагері жыл бойы жұмыс істейтінін, әрбір тұрғын бөлме жеке санитарлық тораппен жабдықталғанын, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы орындар қарастырылғанын айтты.
– Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін спорт залдары, бассейн, робототехника, астрономия кабинеттері, шығармашылық бөлмелер, футбол алаңдары мен воркаут аймақтары қарастырылған. Заманауи үлгіні ұштастырған киіз үйлер де лагерьдің ерекше келбетін айқындай түспек. Ал ашық аспан астындағы амфитеатр мен ойын алаңдары балалардың шығармашылық қабілетін шыңдайды, – дейді Еламан Тұрсын.
Сырдария жағалауындағы Президент саябағы бүгінде демалыс аймағы ғана емес, жаңа шаһардың жарқын болашағы қаланып жатқан нағыз жасампаздық алаңына айналды. Биік мұнаралы крандар мен қайнаған жұмыс ортасынан бұл маңның жақын арада адам танымастай өзгеретінін байқауға болады. Айта кетейік, Сырдария өзені арқылы Президенттік саябақ пен Астана шағын ауданын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарда бар. Қазір лагерьдің негізгі құрылысы аяқталған. Әрлеу, абаттандыру, тазалау жұмыстары жүріп жатыр, сондай-ақ жиһаздар орналастырылуда. Мердігер мекеме өкілінің сөзінше демалыс орталығы «Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!