«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дейміз, бірақ жүргізуші куәлігін алу нағыз жарысқа айналғандай. Тіпті өз күшіңмен тапсыру «қиынның қиыны» дейді жұрт. Технология дамыған сайын құжат алу жолы жеңілдегенімен, тест сұрақтарының күрделенуі көпшілікті тығырыққа тіреп қойды. Бірқатар санат бойынша автомектепті оқымай-ақ, өз бетінше дайындалып келуге рұқсат берілген. Бірақ неге әлі күнге дейін автодромда құлайтындар көп? Артық шығынсыз және жүйкеңізді тоздырмай куәлікке қалай қол жеткізуге болады?
Мемлекет басшысы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді жүйелі түрде жаңғырту және сұранысқа ие сервистерді онлайн форматқа көшіру жалғасып жатқанын айтты. Осы бағыттағы жұмыстар аясында үкіметте жол қауіпсіздігін арттыру мәселелері қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен жиында жол-көлік оқиғаларын азайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын жол апатынан шамамен 40 мың адам жарақат алып, 2,5 мыңға жуық адам қаза табады екен. Соңғы уақытта көрсеткіштер аздап төмендегенімен, жағдай әлі де күрделі. Көп жағдайда жол апатына жүргізуші тәртібінің төмендігі, жол инфрақұрылымының әлсіздігі және көліктердің техникалық жағдайы себеп болады екен.
Жол қауіпсіздігін күшейту үшін бірқатар цифрлық шешімдер енгізілуде. Қазір республика бойынша 30 мыңға жуық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, олар заңбұзушылықтардың 60%-дан астамын тіркейді. Сонымен қатар орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кеңейтіліп, «жасырын» патрульдеу тәжірибесі енгізілуде.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол апаттарының алдын алуға, ауыр салдарын төмендету бағытында жаяу жүргінші өткелдерін салып, жол сызықтарының анық көрінуін арттыратын жаңа технологиялар қолданып жатқанын айтты.
– Жол желілерін жаңғырту шеңберінде соңғы 5 жылда 11 мың шақырым жол немесе еліміздегі жолдардың жалпы ұзындығының 45%-ы I және II техникалық санаттарға ауыстырылды. Қарама-қарсы бағыттарды бөлу және жүру бөлігін кеңейту қауіпсіздікті арттырды. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және транзиттік көліктер елді мекендерді айналып өтуі үшін 65 жол және 38 жаяу жүргіншілер өткелі салынды. 2030 жылға дейін тағы 2 мың шақырым жол салу жоспарланып, кейбірі бойынша жұмыс басталды, – деді көлік минстрі Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ электр скутерлер мен мопедтерді пайдалануға қатысты талап қатаңдатылады. Үкімет үйіндегі құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жүргізуші мәдениетін арттыру қажеттігін атап өтіп, ережелерді тек камера бар жерде емес, барлық жағдайда сақтау маңызды екенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға жол қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту және өңірлерде қосымша бақылау шараларын енгізу тапсырылды.
Жолаушылар тасымалы нарығын реттеу үшін бірқатар жаңашылдық бар. Ішкі істер министрі такси агрегаторларымен бірлескен жұмыстан соң 63 мыңға жуық оң рөлді автомобиль адам тасымалдауын тоқтатты. Ал бұрын рөлі оң жақта болған, яғни қайта жабдықталған автокөліктерді таксиде пайдалануға тыйым салу бойынша заңнамалық түзетулер әзірленуде.
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланды. Басты жаңалық – емтихан тапсыру ережесінің өзгеруі. Жаңа тәртіп бойынша азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шектеусіз тапсыра алады. Алайда әр әрекеттің арасында кемінде 10 күнтізбелік күн үзіліс сақталуы тиіс және кейінгі емтихан ақылы негізде жүргізіледі. Қазіргі жүйеде үміткерлерге 3 тегін мүмкіндік беріліп, одан кейін автомектепте қайта оқудан өту талап етілетін.
Сонымен қатар емтихан өткізуге заманауи технологиялар енгізіліп, экранда тек сұрақ қана емес, қосымша визуалды көріністер қолданылады. Мысалы жол жағдайы, белгі, немесе нақты ситуация көрсетіліп, талапкер сол жағдайға қарап жауап береді. Бұл кәдімгі тест емес, өмірге жақындатылған интерактивті формат. Практикалық емтихан барысында компьютерлік көру технологиясы қолданылады. Яғни көліктің ішінде және сыртындағы камералар жүргізушінің әр әрекетін автоматты түрде байқайды. Қауіпсіздік белдігін тақпаса, телефон қолданса, бағдаршамнан өтіп кетсе, қате бұрылыс жасаса жүйе жүргізушінің әрекетін автоматты түрде бақылап, тіркейді. Бұл емтиханның ашықтығын арттырып, заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жаңа емтихан жүйесі алдымен пилоттық жоба ретінде Астанада енгізіліп, цифрлық технологиялардың тиімділігі мен қауіпсіздігі тәжірибе жүзінде тексеріледі.
Бұдан бөлек, емтихан барысында ереже бұзғандарға қатысты әкімшілік жауапкершілік көзделген. Микроқұлаққап, жасырын камера сияқты құрылғыларды қолданған жағдайда айыппұл салынып, теориялық емтихан тапсыру құқығынан бір жылға дейін айыру қарастырылған. Өзгерістер автомектептерге де әсер етеді. Олардың қызметіне қойылатын талаптар күшейтіліп, лицензия жүйесін енгізу жоспарлануда.
Биыл Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептер қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін рәсімдеу барысында заңсыз сыйақы алу деректері анықталған еді. Тергеу мәліметіне қарағанда, азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға көмектескен. Жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам заңбұзушылық фактісі тіркелген екен. Емтихан тапсыру үшін арнайы дайындалғанын айтқан қала тұрғыны Ерғали Ерсінұлы арнайы курстан өтудің жөні бөлек екенін айтады. «Ережелерді өзім-ақ жаттап алармын» деген ой болғанын да жасырмады. Алайда теориялық модульдер кезінде әрбір белгі мен бұрылыс жауапкершілік пен адам өмірі екенін терең түсінген ол жүйелі оқудың арқасында жол ережесін мұқият меңгерген.
– Практикалық модульдер де оңай болған жоқ. Көліктің алдыңғы және артқы жиектерін сезіну, тепкіштерді дұрыс басу қиындық туғызды. Бір ай дайындықтан соң мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Алдымен теориялық сұрақтарды қайта-қайта пысықтап, қателеспеуге тырыстым. Дегенмен, емтихан залына кіргенде бәрібір қобалжу болады екен. Теориялық тест тапсыру кезінде әр сұраққа жауап берген сайын экранға қарап отырдым. Содан кейін ең жауапты кезең автодром басталды. Көлік жүргізу кезіндегі «эстакада», «параллельді тұрақ» сияқты элементтер нақтылықты талап етеді. Сәл мүлт кетсең, ұпай шегеріледі. Бірақ автомектептегі тәжірибенің арқасында тапсырманы байыппен орындап шықтым. Осылайша, аз уақыттың ішінде жүргізуші куәлігі қолыма тиді, – деді Ерғали Ерсінұлы.
Соңғы уақытта жүргізуші куәлігіне қатысты түрлі өзгерістер қоғамда қызу талқылануда. Өткен жылдың соңында әлеуметтік желіде келесі жылдан бастап, жүргізуші куәлігінің мерзімі өткеннен кейін, қайтадан емтихан тапсыру міндеттеледі деген ақпарат тараған еді. Алайда Ішкі істер министрі бұл ақпараттың жалған екенін, жүргізуші куәлігінің мерзімі өтсе, медициналық тексеруден соң құжат қалпына келтірілетінін айтты.
Сонымен бірге Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметін толықтай онлайн форматқа кезең-кезеңімен көшетінін, халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезекті азайту мақсатында сәуір айынан бастап өтінімдерді электронды тапсыруға басымдық берілетінін мәлімдеді.
Қазақстандықтар биыл сәуірден бастап жүргізуші куәлігін оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін де eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алады. Бұған дейін қызмет тек қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ оның жоғалуы, ұрлануы немесе тегі, аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Осы өзгерістер аясында жүргізушілерге қатысты түрлі ақпараттар таралуда.
«WhatsApp» мессенджерінде жүргізушілерге енді міндетті түрде барлық құжаттарды үнемі өзімен бірге алып жүру керек, олай болмаған жағдайда айыппұл көзделгенін, тіпті тексерулер жүріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Алайда құқық қорғау органдарының өкілдері бұл мәселеге қатысты заңнамаға ешқандай өзгерістер енгізілмегенін, барлық құжаттарды міндетті түрде өзімен бірге алып жүруі керек деген хабарлама шындыққа жанаспайтынын айтты.
Заңдағы соңғы өзгерістер – жолдағы қауіпсіздік үшін жасалған қадам. Автодромдағы қателік – ұпай жоғалту болса, жол үстіндегі қателік – өмірге қауіп. «Көш жүре түзеледі» десе де, жол үстіндегі қозғалыс салғырттықты кешірмейді. Сондықтан әр жүргізуші жол ережесін сақтап, өз қауіпсіздігімен қатар өзгелердің де өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Думан КЕҢШІЛІК,
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!