Сенбі, 27 маусым, 01:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48 (2260)
27.06.2026
PDF мұрағаты

Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры

27.06.2026

27 0

Қызыл кілем, сәні мен мәні келіскен безендіру, әсем киінген телемамандардың шат-шадыман көңіл күйі журналистердің төл думаны, кәсіби мерекесінде ерекше әсер сыйлады. Ақорда төрінде Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрге сай журналистерге Президент сыйлығы мен гранттарын тапсырып, алғысын жариялады. Сонымен қатар медиа саласының өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттады.

БАҚ өкілдерін қуантқан жаңалық, биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Мемлекет басшысы журналистика саласында қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, парасатты, нағыз отаншыл тұлғалар қызмет еткенін атап өтті.

– Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, ­бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар. Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.

– Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан жур­налистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті ат­қаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конс­титуциямыз өз тұғырына қонды. Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз. Комиссия отырысының әлеуметтік желідегі эфирлері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз. Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды, – деді Президент.

Салтанатты шарада Мемлекет басшысы ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санайтынын атап айтты. Журналистер қауымына зор үміт артатынын білдірді.  Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне орасан зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғысын білдірді.

– Сіздер қоғамда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын кеңінен дәріптеуге белсене атсалысып келесіздер. Сол арқылы халқымыздың болмыс-бітімін және санасын жаңғыртуға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Алдағы уақытта да ақпарат саласының мамандары ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін. Мен бүгін Қазақстан Республикасының журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін медиа саласының үздік мамандарына жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Марапатталған азаматтардың арасында саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған ардагер қызметкерлер де бар. Осы тұста ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген майталман диктор Зұлқия Жұматованы ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құрметтейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұқанқызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым. Сондай-ақ қазір ортамызда отандық медианың мәртебесін арттырып жүрген тәжірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді, – деді Мемлекет басшысы.

БАҚ өкілдері – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтанда  журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. «Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Мемлекет басшысы журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс екенін атап айтты. Яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: