Ашылғанына көп уақыт болмаса да қаламыздағы Президент саябағы тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген. Мұнда тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған барлық жағдай жасалған. Халықтың қарасы үзілмейтін, керемет демалыс орны кішкентай тұрғындар үшін де жайлы орын болмақ. Жақында саябақ аумағында «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Мемлекет басшысының қолдауымен салынған лагерь жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін болады. Салтанатты шараға аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев қатысты.
Облыс әкімі жаңа орталық жас ұрпақтың жан-жақты дамуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды жоба екенін атап өтті.
– Президент саябағы аумағында Мемлекет басшысының қолдауымен жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін оқу-сауықтыру орталығын ашып отырмыз. 10 млрд теңгеге салынған жаңа нысанның материалдық-техникалық базасы әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келеді. 300 орындық орталық аумағында 5 мың шаршы метрге жуық әкімшілік ғимарат, ауқымды іс-шараларға арналған ивент-аймақ, 4 жайлы жатақхана және қонақүй үлгісіндегі ғимарат бар. Сонымен қатар балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен заманауи жабдықтар орнатылып, демалыс аймақтары жасақталған. Алдағы уақытта 17 мыңнан астам шаршы метр аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылады. Халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында ашылып отырған бұл орталық Мемлекет басшысының қолдауымен жас ұрпаққа жасалған тамаша тарту, – деді облыс әкімі.
Бүгінде өңірде 180 мыңға жуық мектеп оқушысы бар. Олар жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуі үшін кешенді жұмыс жоспарланған. Биыл 170 мыңнан астам жеткіншек тынығу лагерьлеріне, 150 мыңға жуығы мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Өңірде 7 лагерь жұмыс істейді.
Оқу-сауықтыру орталығының басты ерекшелігі – қасында заманауи стандарттарға сай Ботаникалық бақтың болуы. Мұнда балалардың экологиялық білімін жетілдіруге және өсімдіктердің экожүйедегі маңызын түсіндіруге бағытталған оқу-танымдық жұмыстар жүргізіледі. Оңтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік Америка, Қытайдан әкелінген өсімдіктер өсіріледі.
Саябақтағы нысандар пайдалануға берілген уақыттан бастап, балалар демалу үшін жаз мезгілін күтіп жүрмейді. Сол сәттен бастап жыл он екі айды пайдалы әрі тиімді етіп өткізуге мүмкіндік болады. Жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін лагерь тек демалыс пен ойын-сауық қана емес, олардың әр түрлі бағытта дамуына ықпал ететін алаң болмақ.
– Балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған осындай заманауи орталықтың ашылуы – үлкен қуаныш. Бұрын жазғы лагерьлер белгілі бір уақытпен ғана шектелетін болса, енді жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін орталықтың іске қосылуы – ата-аналар үшін де зор мүмкіндік. Мұнда балалардың білім алып, демалып, жаңа дүниелерді тануына барлық жағдай жасалғаны көрініп тұр, – деді қала тұрғыны Эльмира Сыздықбаева.
– Президент саябағынан ашылған лагерь туралы естіп, қуандым. Мұндай орындар балдәурен шақтың бал дәмін ұмытпастай етіп өткізуге мүмкіндік береді. Әрбір бала жаңа қырынан ашылуға жағдай жасалады. Лагерьлер ой-өрісті дамытып, танымдық дүниелермен танысуға таптырмас орын. Әрбір баланың арманы десе де болады. Менде осы лагерьге барып, жаңа достар тауып, пайдалы сабақтарға қатысып, уақытты қызықты өткізгім келеді. Жыл бойы жұмыс істейтіні қуантады. Мұнда тек демалып қана қоймай, әр бала түрлі қырынан дамуға мүмкіндік бар екен. Табиғатты танып, түрлі үйірмелерге қатысу қызықты болады деп ойлаймын, – дейді 5 сынып оқушысы Айару Шәкірбек.
Рәсімде білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан мұғалімдер, жаңа нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!