Сейсенбі, 21 мамыр, 18:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40-2050
21.05.2024
PDF мұрағаты

Жырда рухани қуат бар

13.04.2024

619 0

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ, жыршы, ҚР мәдениет қайраткері, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі,
«Болашақ» университеті «Рекрутинг және Мансап» орталығының жетекшісі:

– Сұхбатымызды сүйінші жаңалықтан бастайықшы. Сыр елінің бас қаласында Жыраулар үйі бой көтеріп, пайдалануға берілді.  Бұл – қызылордалықтардың көп жылғы арманы еді.  Сіз де өнер жанашыры, термеші ретінде жыраулардың ортақ отауы болса деп талай шаршы топта пікір білдіргеніңізді білеміз.  Қуанған шығарсыз?

– Рахмет! Мен  руханият үшін жасалған кез келген үлкенді-кішілі дүниеге  егер ол шын мәнінде руханиятқа қызмет ететін болса қуанатын адаммын. Біздің облыс үшін Жыраулар үйі аса үлкен жаңалық емес. Себебі 2006 жылы Ырзақұл Сәденұлы Қармақшы ауданында әкім болып тұрғанда Қазақстанда тұңғыш рет Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйін ашқан болатын. Оның алғаш директоры марқұм Арнұр Көшенейұлы болған еді. Содан кейін Арал ауданында, Шиелі ауданында осындай орталық бой түзеп, кәсіпорынның қым-қуыт тірлігімен қатар өнерге талабы бар балаларды да тәрбиелеп келеді.

2022 жылы облыстық қоғамдық кеңестің отырысында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлына  ««Сыр елі – жыр елі» деген мақалға айналған нақылды түгел қазақ біледі.  Алайда  облыс орталығында жыраулардың өнерді дамытуына сеп болатын бір орталық жоқ. Сонау Оғыз мәдениетінің алтын тінін ұстап отырған жыршы-жырауларымызға бір орталықтың ашылуына ықпал етсеңіз» деген ұсынысымызды айтқан едік. Сол ұсыныстың негізінде сіз айтып отырған жыраулар үйі ашылды. Дегенмен облыстық филармонияның филиалы болып ашылды. Яғни  негізгі бағда­ры – концерттік бағыт. Бізде бір функцияны екі мекеме қатар атқара беретін үрдіс етек алып тұр. Бұл дұрыс тенденция емес. Біз популизмнен гөрі нақты істермен айналысуымыз керек. Менің айтқан орталығымның бағыты мүлде басқа болатын. Дегенмен құтты болсын! Өзім ашылуына бара алмадым. Себебі  ол кезде Астана қаласында көзіме ота жасатып жаттым. Біздің жырларымызда рухани қуат бар. Сол қуатты ұрпақ тәрбиесіне мейілінше пайдалану керек.

– Мектеп жасындағы балалар тәрбиесінде басты құрал ретінде термелер мен толғау­ларды енгізу жөнінде мәселе көтеріп келесіз. Бұл – шынында көңілге қонымды идея. Ой таразысына салып безбендесек, қиын шаруа емес секілді. Бірақ мықты бастаманы жүзеге асырсақ,  ғасырлар қойнауынан жеткен ата-баба мұрасын қадірлегеніміз ғана емес, оның тағылымды жағын жас ұрпақ санасына тереңдеп сіңіргеніміз де болар еді. Одан біз ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Осы тұрғыда  сіздің ойыңыз қандай?

– Жалпы  бала тәрбиесі бесікте жатқаннан басталады. Ананың әлдиінен басталған тәрбие баланың бұғанасы қатып, азамат болғанынша жалғасады. Сондықтан да бұрынғылар «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деп, тәмсілдеді. Қазіргі жаһандану заманында бұл тақырып басы ашық күйінде тұр. Демек, тәрбие мәселесінде көптеген жетіспеушілік  бар. Соның бірі – осы жырға қатысты мәселе. Мен әрдайым мектеп оқушыларына жырды қосымша тәрбие құралы етуді ұсынып келемін. Себебі  ұлттық тәрбиенің негізгі өзегі осы жырда жатыр. Адам баласын жайлаған «қуыс кеуделіктен» құтқаратын да осы жыр екенін білетін уақыт жетті. Түркі халықтарының біршамасы жырдың тәрбиеге әсерін енді біліп, жан-жағын қармана бастады. Олар мемлекеттен арнайы қаржы бөліп, жоқтан бар жасап бағуда. Біздің олардан айырмашылығымыз, бабалар аманаты тұтас күйінде тұрғандығында. Алайда жырдың маңызын түсінетін, оның  қадірін білетін жауапты тұлға жоқтың қасы екеніне қынжыламыз. Осы жерде басқа ел­дермен салыстыра айтуға болады, бірақ одан не пайда?

Қазақ елін­де қазіргі кезде жиырма аймақ бар. Құдай шүкір, халық саны да өсіп келеді. Біздің әр ай­мақ­тың өзіне тән ерек­шелігі бар. Осы тұрғыда білім, мәдениет салала­рына ұрпақ тәрбиесіне байланысты әр өңірдің өзіне ғана тән ерекшелігін бала бойына сіңіру үшін қосымша мүмкіндік берілсе жақсы болар еді. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» жобасы өте дер кезінде қабылданған жоба. Себебі осы жоба аясында шығармашылық және спорт бағытында қаншама ұрпақ тәрбиеленіп жатыр. Ертең олар қоғамға қызмет ететін жасқа келгенде елімізде рухани сілкініс жасайтындығына сенемін. Ол үшін 10-15 жыл уақыт қажет. Баланың тәрбиесін қалыптастыратын бірінші кезекте – ата-анасы, содан кейін барып мектептегі ұстаздары. Біз  бүкіл жауапкершілікті мұғалімге артып қойғанбыз. Бала мектепте әрі кетсе 6-7 сағат ғана болады. Қалған уақытта ата-ананың қасында немесе бақылауында. Сондықтан тәрбиелі, білімді бала қажет болса, бар жауапкершілікті ата-ана өзіне алу керек. Еліміздің еңсесінің биік болуы, оның экономикалық дамуы, шекарасының берік болуы жеткіншек ұрпақтың дұрыс қалыптасуына тікелей қатысты. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарауға қақымыз жоқ.

– Жырау мен жыршының айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

– Тарихқа зер салсаңыз жыраудан  жыр­шының әлдеқайда ескі атау екеніне көзіңіз жетеді. Біздің жыл санауымыздан екі мың жыл бұрын жыршы атауы бар. Яғни  тарихы өте терең атау. Жыршылар кезінде елдің данагөй, абызы болған тұлғалар.  Ал жырау кешегі 15 ғасырда Қазақ хандығы құрылған тұста пайда болған атау.  Менің ойымша жырау деген  өнерпаздан гөрі мамандыққа көбірек ұқсайтын сияқты. Хан мен халықтың ортасында алтын көпір болған жы­рауларымыз қазіргі мемлекеттік деңгейдегі идеологтардың қыз­метін атқарған. Сондықтан екі атаудың дәуірлік ерекшелігі болғанмен, негізгі қыз­метінде  аса көп айырмашылық жоқ.

– Аға буын мен кейінгі буынның арасында бай­ланыс қандай? Жастармен жиі кездесесіз бе?

– Мен  жас ақындармен көбірек кездесіп, олармен шығармашылық төңірегінде емен-жарқын әңгімелесуге тырысамын. Себебі  жас­тарды дұрыс бағыттап отыру – орта буынның, яғни біздің тікелей міндетіміз. Атақты ғұлама ұстаз Конфуцийдің мақтаулы үш шәкірті болыпты. Бірде ел кезіп жүрген діндар кісі Конфуцийден: «Гун деген шәкіртіңіз жайлы не айтасыз?» деп сұрайды. Сонда ол: «Гун – елден ерекше ақылды. Оны басқа ғалымдар да мойындайды»  дейді.

– Лу ше, онда не қасиет бар?

– Лу – батыр. Басқа батырлар шаңына да ілесе алмайды.

– Ал үшінші шәкіртіңізде қандай қасиет бар?

– Чжан деген шәкіртім – нағыз шебер. Еңбекқордың дәл өзі.

Діндар кісі  Конфуцийге:

– Егер Гун елден ерек ақылды, Лу асқан батыр, Чжан нағыз еңбекқор болса, онда сізден не үйреніп жүр? Одан артық не керек оларға? –  дейді.

– Ендеше,  бері қара, – дейді Конфуций.

– Гун ақылды, бірақ жалқау. Лу – батыр, алайда ақылы аз. Чжан еңбекқор болғанымен, іші тар, қызғаншақ. Ақылды Гун жалқаулықтан бақытты болмасын түсінбейді. Лу өте сақ жүрмесе, «батыр – бір оқтық» дегендей, өмірем қабарын сез­бейді. Чжан қызғаныш бар жерде қуаныш та болмайтынын біл­­мейді. Сон­дық­тан олардың осыларға көзі жетіп, әбден ұғып тү­сін­ген­ше, мен олар­дың ұстазы, ал олар менің шәкірт­терім болып қала береді, – деп жауап берген екен. Сондықтан менде ізімнен ерген іні-қарындас­та­рыма қолдан келгенше дұрыс ақыл айтқанды мақ­сат тұтқам. Жыр айту­шы шәкірттерім де осының ішінде.

– Әлеуметтік же­ліде белсендісіз.  Ғы­лыми-зерттеу ең­­бек­теріңіз де бар се­кілді.  Қандай та­қы­рыпқа қалам тербеп жүрсіз?

–       Негізгі бағытым – Сыр сүлейлерінің жақұт жырларын, би-шешендері­міз­дің өнегелі сөз­де­рін, баһа­дүрлеріміздің ел қорғаудағы ерлік істеріне құ­рыл­ған есті әңгімелерін ұрпаққа жеткізу.  Бұл  бағытта көп жұмыс жасап келе жатырмын. Осы кезде Сыр бойындағы ескі әңгімелердің басын құрап, үлкен дүние дайындаудамын. Алла қаласа, жақында қолға тиіп қалады. Осыған дейін де бес-алты кітап шыққан болатын. Олардың бәрі де өткен аталарымыздың еңбектерін насихаттауға арналған.

– Өнер жолыңыз қалай басталды? Саф өнер­дің тұнығынан сарқып ішу үшін көп еңбектенгеніңізді білеміз. Ұстаздарыңыз жө­нінде де айта кетсеңіз…

– Менің аталарым билік пен өнерді қатар алып жүрген кісілер. Тарқатып айтатын болсақ, Сүйкімбай, Сүйіндік, Жұматай, Сырбай, Ақдос, Манап деген атақты жыршылар менің сүйектес туысқандарым болып келеді. Кешегі Әбілхайыр ханның 29 биінің бірі Кенжалы би менің тікелей жетінші атам. Оның бер жағында Сыр елінде атағы шыққан Дәуімшар би төртінші атам болады. Жыраулық өнердің  текті өнер екенін есептесек, қанмен келгенін байқауға болады. Ал өнерге бейімдеген ұстаздарым марқұм, иманы саламат болғыр  Жадырасын Тасбергенов ағамызға, қазір ортамыздағы ақылшы ағаларымыз  Жұмабек Аққұлов, Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов ағаларыма осы мүмкіндікті пайдаланып, шексіз алғысымды білдіргім келеді.

– Күйтабақтан талай әндеріңізді тың­дап, құлақ құрышы қанғанын айтып, талай замандастарыңыз сыр шертеді. Грам­пластинкаға әніңіз жазылды ма? Танымал болу қалай әсер етті?

– Дауысымды грампластинкаға жаз­дырғаным жоқ. Себебі біз жаздырамыз деп жүргенде кеңес одағы тарап, грампластинкаға жазатын жақын жердегі Өзбекстан шетел болып шыға келді. Сондықтан сол кезде қазақ радиосының студиясынан бір сағаттық дауысымызды таспаға жаздырып, «Мәлика» студиясы көбейтіп, таратты. Сол дүние осы кезге дейін үлкен сұраныста. Замандастарымыздан бөлек, елдегі үлкен кісілердің барлығы магнитофоннан қосып қойып, айызы қанғанша тыңдағанын сеземін. Сол кезде енді жыр айтуға бейімделіп жүрген  жас жыршылардың көпшілігі сол таспадан дәріс алғанын да жақсы білемін.

Осы өнердің арқасында елге ерте таны­мал болдым. Талай олжа да салдым. Ол кездер қазір естеліктер арқылы ғана ойыңа оралады. Бірақ өте танымалдықты «жұлдыз ауруына» ұластырғаным жоқ. Қазір сахнаға бір рет шыққандардың өзі жан-жағын көрмей қалады ғой.  Мен бұлай  ауырғаным жоқ. Оның себебі қара шалдардан алған тәрбиенің жемі­сі шығар деп ойлаймын.

– Қоңыр әңгіме айту да машығыңызда бар екен.  Бізге де қонақкәде жасасаңыз…

– Мен бұрынғы мүйізі қарағайдай, қара шалдарды көп тыңдадым. Оларға өмір бойы қарыздармын және білетін құранымды әрқайсысының атын айтып, бағыштап жү­ремін. Шарт жүгініп, отырып алып, әңгімені жосылтып отыратын еді, жарықтықтар! Мен сол қара шалдардан естігендерімді жадымда сақтағаным үшін құрметтімін және оны мақтаныш көремін. Бабам Дәуімшар жайлы бір әңгіме айтайын. Тарихтың көне қатпарында Сырдың бойына белгілі тұлғалар ат басын бұрғаны жазылған. Солардың ішінде сол кездегі патша үкіметіне қызмет қылған,  Арыстан правитель Жантөрин де осы мекенге келгендігі туралы дерек бар. Бұл XIX ғасырдың елуінші  жылдары болса керек. Сол сапарында елдің игі жақсылары күтіп алып, төреге лайықты құрмет көрсетеді. Алғаш жүздесіп, амандық білгеннен кейін Дәуімшар Қитарұлы би:

«Адам ата жаралған топырақ, қасиетті жерге келдің,

Еңбегіңді еселеп, қадіріңді арттырар елге келдің,

Алланың ықыласы түскен,

«Жер кіндік» деп аталатын төрге келдің.

Сапарыңды Алла оң қылсын!» – деген екен.

Міне, Cыр бойының аса қасиетті жер екенін бізден бұрынғылар да дәріптеп өткен. Топырағымыздың құнары кемімей, талай талантқа алтын бесік болып, өркендей берсін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: