Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Ғасырдың батыр анасы – Сәлима» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Социалистік Еңбек Ері, дән падишасы Сәлима Жұмабекованың туғанына 90 жыл толуына арналған сөз өнері сайысына облыс бойынша 15 талапкер қатысып, бақ сынасты.
Қара сөзден қаймақ терген сөз зергерлеріне ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов бастаған Ғазиза Әбілда, Ұлықбек Бекұзақұлы секілді мәдениет майталмандары төрелік етті.
Сәлима Жұмабекованың өмірдерегіне арналған бейнеролик көрсетілімінен кейін сахна төрінде әнші Е.Берістенбаевтың орындауындағы «Ана» әні шырқалды. Мұнан соң аудандардан ат арытып келген ақындар, кезегімен жырдан шашу шашып, ана әлеміне деген құрметін танытты.
Қазылар алқасының шешімімен сайыстың бас жүлдесі теңіз толқынымен тербелген айдынды Арал ауданының ақыны Алдоңғар Қалқаманға бұйырса, І орынның биігін жүз шырау шыққан қасиетті Қармақшының перзенті Бексұлтан Санақұл бағындырды. Әдемі өлеңімен ІІ орынды еншілеген Мақсат Қалиев – Шиелі ауданының тумасы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқиды. Жалағаштық Сәния Жақып үздік үштікті түйіндеп, ІІІ орынға табан тіреді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ерасыл ТҰРСЫНБАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!