Сейсенбі күні қала іргесіндегі Қарауылтөбе ауылының егіс алқабында күрішке орақ түсті. Бұл – дала дарабоздарының жаз бойғы төккен тер, еткен еңбегі еселенер сәті. Алда алтын дәнді ысырапсыз қамбаға құйып алу міндеті тұр. Дала төсін дүбірге бөлеген егін орағының салтанатты жиынына қала әкімі Ғанибек Қазантаев, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев қатысты.
Қала басшысы алдымен ауыл шаруашылығы саласының биылғы көрсеткіштері мен Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шарушылығы» ҒЗИ ЖШС-ның жұмыстарымен танысып, орақ түсу науқанын ашып берді.
– Биыл еліміз бойынша су тапшылығы орын алғанын бәріңіз білесіздер. Бұл ең алдымен егін шаруашылығымен айналысатын біздің аймағымыз үшін аса күрделі кезең болды. Дегенмен жаңа технологиялардың көмегімен заманауи әдісті қолдану шаралары негізінде бұл қиындықты да еңсердік. Еліміз бойынша алғаш болып жапониялық әдіспен кө-шеттеп күріш егуді қолға алдық. Күріштің жаңа сорты «Сыр сұлуын» жерсіндіруді қолға алып жатырмыз. Қосымша басқа түрлерін де егудеміз. Күріш дақылы біздің брендіміз болып саналады. Сала мамандарының айтуынша, биыл жоспарлы өнімнен мол дақыл аламыз деген ойымыз бар. Қырмандарыңыз астыққа толсын. Орақ науқанын нәтижелі аяқтап, ел ризығын төкпей-шашпай жинап алудағы еселі еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді қала әкімі.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдауға үлкен мән беріліп келеді. Биыл қала бойынша барлығы 8905 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 4664 гектар, яғни 4113 га күріш, 419 га бидай, 87 гектар арпа, 40 га сорго, 5 га сұлы, 1278 гектар мал азықтық дақылдары, картоп, көкөніс, 2818 гектар бақша дақылдары, 40 гектар майлы дақылдарды құрап отыр.
Негізгі дақыл күріштің көлемі 4113 гектарға егілді. Биылғы жылы егілген ақ егісті жинауды өткен шілде айының ортасында толық аяқтап, гектар түсімі бойынша жаздық бидайдың әр гектарынан 7 центнерден, арпадан 5 центнерден, сұлыдан 0,5 центнерден өнім алынды. Шаруашылық құрылымдары 1033 гектар алқаптағы жерге ескі жоңышқадан және 245 гектар жаңа жоңышқадан дақылдарынан барлығы 3196 тонна жоңышқа жиналды. Сондай-ақ егілген картоптың әр гектарынан 128 центнерден, көкөністен 131 центнерден, бақшадан 128 центнерден орта өнім алынуда. Егін жинау жұмыстары әлі де жалғасуда.
– «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС қала бойынша биыл барлығы 1413 гектар жерге егін еккен. Оның ішінде 655 гектар негізгі дақыл күріш, 30 гектар күздік бидай, 130 гектар жаздық бидай, 10 гектар арпа, 5 гектар сұлы, 40 гектар сорго, 40 гектар мақсары, 215 гектар жаңа жоңышқа, 284 гектар ескі жоңышқа және 4 гектарға көкөніс егілген. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз, – дейді «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты» төрағасы Қамбарбек Мүбараков.
Көз сүйсіндіріп, көңіл толтырған күріш алқабы биылдыққа бітік шыққан. Жер – ананың жомарттығы әмбеге аян. Тек оны баладай баптап, қариядай күте білсе болғаны. Сала мамандарының жүйелі жұмыстарының нәтижесінде су тапшылығы секілді қиындықтарды дер кезінде еңсере білді. Бұл – таза еңбектің жемісі. Ауыл шаруашылығы мамандары да осылай деп отыр.
– Қазіргі таңда шаруашылық құрылымдары күріш жинау жұмыстарына дайын. Белгіленген кестеге сәйкес күріштің суын байлау жүргізілді. Күріш жинау жұмыстары бойынша 1 қыркүйектен бастап саралап ору, 7 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін жаппай ору жұмыстарын аяқтап, шаруалар жоғарғы өнім алуды жоспарлап отыр. Келер жылғы егістің негізі үшін барлығы 2600 гектар сүдігер жырту және 850 тонна көлемінде сапалы күріш тұқымын құю жоспарланып отыр, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәуренбек Адбрасулов бізбен әңгімесінде.
Иә, Сырдың сары алтындай күріші күллі қазақтың маңдайына біткен бақ іспетті. Жаз бойы су астында тұратын өнім үлкен баптауды қажет етеді. Біздің өңірде көшеттеп күріш егуді де қолға алып жатыр. Бұл да өнімге жаңаша серпін беріп, жол ашады деп есептейміз. Күріштің өзбекстандық «Лазурный», «Аланга» және жергілікті «Сыр сұлуы» сорты Сыр топырағына көшеттеп отырғызылды. Егін даласындағы еңбек дүбірі осылайша өз жұмысын бастады.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!