Жұма, 19 сәуiр, 08:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Асарға барасыз ба?

14.09.2021

1389 0

Бала күнімізде ауылда ата-анамыздың ағайын-туыспен дос-жаранды шақырып, асарлатып үй салғаны есімде. Сол үрдісті осыдан он жыл бұрын қалада да жалғадық. Тіпті ауылда егін жинау, шөп шабу, отынға баруды да асарлататын еді. Сол күні үйде кішігірім той секілді дайындалып, бар тәттіні пісеріп, дастарханды жайнатып қоятын. Қазір қалай?

Асар – елді ынтымақ-бірлікке үндейтін тірліктің бастауы. Ол халықтың кеңдігін, бауырмалдығын білдіреді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тәмсіл осыдан қалса керек. Асар жасау – ауқымды әрі ауыр жұмысты көпшілік болып ақысыз атқару. Бір үйде асар болып жатыр дегенді естіген кез келген адам қарап жатпайды. Хал-қадірінше көмектесуге асығады. Асарға бару адамдық қасиетіңді арттырады әрі сауап іс жасайсың. Алайда қазір оның байыбына бара алмайтындардың көп екені өкінішті.

Бүгінде асарлатып үй салып, немесе ағайын-туысты жинап көмек істеп жатқандарды кездестіре бермейміз. Бірен-сараны ғана асарлатуы мүмкін. Алайда бұрынғыдай көп емес. Оның себебі де баршылық. Заман өзгерді. Уақыттың тығыздығы сонша, жан-жағына қарауға мұрша бермейді. Қайда барсақ та уақытын жеткізе алмай, мұрнынан шаншылып жүрген жандарды кезіктіресің. Дәл қазіргі сәтте өзгенің асарына бармақ түгілі, өзінің шаруасына уақыт таппай жүргендер қаншама?

Биыл ауылдағы ағам үлкен үйдің құрылысын бастады. Ағайын-туысты асарға шақырып, олардың мазасын алғанша, ақысын төлеп жауапты маманға тапсыра салғанды жөн көрді. Соған қарағанда «асарға шақыру» ауылда да сиреп бара жатқаны ғой. Әйтпесе қаймағы бұзылмаған ауылдың барлық адамдары бір-біріне туысқан емес пе.

Үйде анам әкемнің жас кезінде асарлатып, ана үйден мына үйге апталап жүретінін жиі айтып отырады. Тіпті үйге қонбастан ертесіне басқа адамның көмегіне барады екен. «Сол кездері күнде асарлатушы едік» деп әкем де жас кезін еске түсірді.

– Кезінде ауылда асарға жиі бардық. Көршінің, әулеттің, дос-жаранның асарынан қалмауға тырысатынбыз. Ол кездер қызықты сәтке толы ғой. Жалпы асардың пайдасы көп. Жұмыс кезінде ауылдағы түрлі әзілдер, ғибратты әңгімелер айтылады. Ал құрдастар арасында бала кездегі естеліктер сөз болады. Осылайша бір-бірімен әзілдесіп жүріп, жұмысты қалай бітіріп тастағанымызды білмеуші едік. «Көп түкірсе – көл» деп бекер айтпайды ғой. Асарлату қай жағынан болса да тиімді. Ең алдымен уақытыңды, одан кейін ақшаңды үнемдейсің. Сондай-ақ көмекке келген адам үлкен сауап жинап, бір жағынан қанша адаммен шүйіркелесіп бір жасап қалады. Асарға бару адам үшін кәдімгідей демалыс екенін қалаға келгеннен кейін ұғындық. Қазір міне күні бойы алақандай ұялы телефонға үңіліп отырмыз. Біздің ауылда әлі де жастар жағы асарлатып отын әкеліп, көмір түсіреді екен. Бұрынғыдай күнде көмек болмаса да, жиі асар болып тұрады. Сонымен бірге соғым союды да асарға жатқызуға болады. Бұл дүниелер адамдардың бір-біріне қол ұшын беруі үшін жасалатын игі амалдар ғой. Ол кезде заманның кеңдігі ме, адамның кеңдігі ме асарлату әр отбасында болушы еді, – деді өткенін сағышпен еске алған қала тұрғыны Қадырхан Олжабаев.

Есептеп қарасақ, бүгінде үлкен үй салу үшін материалға жұмсалған ақшаның жартысынан көбін жұмыс істеген адамға бересің. Оның үстіне өзің жүрмеген соң, жұмысшылардың қай жерін қалай істегенін білмейсің. Десе де қазір үй салатындардың басым бөлігі ағайынға өтініш айтқаннан, ақысына адам жалдағанды жөн көреді. Осылайша үй салуды, егін жинауды отын әкелуді, киіз үй тігуді асарлату жыл өткен сайын жойылып бара жатқандай.

Алайда осы дәстүр қайта түрленіп, жаңаша жандануда. Бұл қазақтың мәрттігінің, бауырмалдығының тағы бір дәлелі іспеттес. «Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» дегендей қазір әлеуметтік желілер арқылы түрлі қайырымдылық шараны көріп жүрміз. Елге танымал азаматтар халықтан қаржы жинап, тұрмысы төмен, жалғыз басты аналарға үй алып беріп жүр. Көмек қаржылай жиналғанымен мұны да асардың заманауи түріне жатқызуға болады. Осылайша асарлату ұмыт болмай, заманға сай түрленіп, халық арасында қолдау тауып отыр.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: