Сенбі, 20 сәуiр, 14:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Бір көш кетіп барады солтүстікке

03.05.2023

455 0

Оңтүстік жұртын Солтүстік өңірлерге көшіру бағдарламасының жүзеге асқанына да он жылдай уақыт болып қалды. Сол уақыттан бері ел үдере көшпегенмен, бұл көштің мәні бөлек екенін түсінгендей.

Елімізде 2017-2021 жылдары «Еңбек» бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге көшу жұмыстары жүзеге асса, енді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы арқылы жалғасуда. Солтүстікке шақырған бағдарламаның көздеген мақсаты қандай? Бұл сұрақтың да жауабы халыққа түсінікті болып қалды. Халық аз шоғырланған солтүстік өңірлерде жұмыс күші де жетіспейді, біздегі дипломды маманның арманына айналған жұмыс орындары иесін күтіп бос тұр. Маман барса, құшағын жайып қарсы алып, жағдай жасауға әзір. Бір сөзбен айтқанда теріскейдегі өңір түскейдегі қазағын елге қызмет етуге шақыруды тоқтатқан жоқ. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқан бұл көштің мәні мен маңызы бөлек екені белгілі. Елдегі демографиялық ахуал жайын бағамдаған мамандардың пікірінше, оңтүстік өңірлерде халық саны жыл сайын арта түссе теріскейде төмен. Мамандар болжамына сүйенсек 2050 жылға қарай оңтүстіктегі халық саны 5 миллионнан асып, жұмыс көзін табу қиындай түспек. Статистикаға сүйенбей-ақ, күнделікті өмірде көріп жүрген көріністен-ақ жағдайды байқауға болады. Соңғы жылдары мектептерде бала саны артып, бастауыш сы­ныптардың көбейгені сонша, алфавиттің соңына жетіп қалдық. Яғни мамандар болжа­мының бір көрінісін осыдан-ақ байқауға болады.

Солтүсттікке көшу науқаны жыл сайын жүйелі жүргізіліп келеді. Ұлттық жоба аясында еліміздің Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызыл­орда облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары шығу өңірлері болып саналса, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Абай об­лыстары оңтүстіктен келген көшті қабылдауға дайын ай­мақтар қатарында.

Бағдарлама жүзеге асқан уақыттан бері солтүстікке бет түзеген көш жайлы қонысқа орналасып, еңбекке араласты. 2014 жылдан бері көш жыл сайын жүйелі жалғасуда.

Облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін солтүстік өңірлерге ай­мақтан 2000-нан астам адам қоныс аударған. Өткен жылы 187 отбасы көшкен. Оның ішінде Қостанай облысына 57 отбасы, Павлодар облысына 64, Шығыс Қазақстан облысына 7, Солтүстік Қазақстан облы­сына 55, Абай облысына 2, Ұлытау облысына 2 отбасы қоныс аударған. Олардың ішінде 221-і тұрақты жұмысқа орналасса, 6 адам жеке кәсібін ашып, 2 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал 9 адам мемлекеттік грант алып, 1 адам қысқа мерзімді оқуға жолданған.

Биыл да бұл жұмыс жал­ғасын табуда. «Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сол­түстікке көшкен елді қолдау жұмысы жүзеге аспақ. Жақында аймағымызда солтүстік өңір­лерге жұмыс жәрмеңкесі өтіп, халыққа 3000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Бос жұмыс орындарының тізіміне қарап, теріскей жақтың жұмыс күшіне мұқтаждығы айқын аңғарылады. Барлық салада жұмыс жетерлік. Дәрігерден бастап, диқанға дейін мұқ­таж теріскей өңірде ауыл шаруашылығы мамандары, білім, денсаулық, зоотехник, механизатор, техника қауіпсіз­дігінің инженері, инженер-механик, көмір және цемент зауытының машинисі, электр-газбен дәнекерлеуші, орау машинасының операторы, ағаш және жиһаз өндірісінің шебері, құрылыс және монтаждау жұмыстарының шебері, кең пофилді станокшы, техник, аспаз, жүргізуші, автоэлектрик, дәнекерлеуші, іс жүргізуші, аудармашы, бухгалтер, еден жуушы, ветеринар және басқа мамандар қажет. Сандарды сөйлетсек, солтүстік өңірлерде 373 мұғалім, 629 дәрігер, 59 медбике, 32 бухгалтерге бос жұмыс орны болса, мұнан бөлек балабақша меңгерушісі, меңгеруші орынбасары секілді қызмет орындары да бос жұмыс орындарының қатарында.Солтүстікке көшуге ынта білдірген халықтың көкейіндегі алғашқы сауал қандай қолдау көрсететіні жайында екені даусыз. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілуде. Атап айт­қанда, қоныс аударушыға және оның әрбір отбасы мүшелерінен бір мәрте 70 АЕК мөлшерінде материалдық көмек берілмек. Сонымен қа­тар тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға алғашқы жарна ретінде тұрғын үй құнының 50 пайызы, яғни 4 млн теңгеден аспайтындай қаржы беріледі. Қоныс аударушыға бір жыл бойы тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығынын өтеуге материалдық көмек беріледі. Оның ішін­де қалалық жерге қоныс аударғандарға: 1 адамға – 69000 теңге, отбасында 2-4 адамға дейін болса, 86250 теңге, ал 5 және одан да көп болса, 103 500 теңге төленеді. Ал ауылдарға қоныс аударғандар үшін бір адамға 51750 теңге, отбасында 2-4 адамға дейін болса 62100 теңге, 5 және одан да көп болған кезде 72450 теңге мөлшерінде төленеді. Сондай-ақ жұмыс іздеушіге қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік білім беру ұйы­мына және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберіледі.

Мұнан бөлек, оңтүстіктен келген ағайынға теріскейдегі елдің қамқорлығы да аз емес. Мәселен, Қостанай облысы, Первомайский ауылдық ок­ругінің әкімі Нұрбол Қосанов өзі жыл сайын келіп, оңтүстік тұрғындарын көшке ілестіруге белсенділік танытып жүр

– Өткен жылы өзіммен бірге 6 отбасын көшіріп алып кеттім. Ауылға орналастырған соң, мемлекеттік қолдаудан бөлек, қолымыздан келгенше жаңа қонысқа бейімделіп кетуіне қамқор боламыз. «Өзің келдің, өз күніңді өзің көр» деген көзқарас жоқ бізде. Тіпті күн сайын жағдайын сұрап, барып тұрамыз. Бәрі де бір Қазақстанның іші, еш қиындығы жоқ. Бұл – жұмыссыз жүрген тұрғындар үшін ең дұрыс шешім. Кейде солтүстіктің суығынан қорқа­мыз деп жатады. Біздің өңірге жылы кезде келіп, бейімделсе, қыстан қорқатын еш нәрсе жоқ. Өзіміз пеш жағуды да үйретеміз. Біздің жақтың табиғаты тамаша ғой. Бір мысал айтайын, өткен жолы оңтүстіктен көшіп барған бір үлкен кісі осында қалта-қалта дәрімен келгенін айтты. Қазір мүлдем дәрі ішпейді екен. Ауа райының жаққаны сонша, қан қысымы көтерілмейтін болған, – дейді Қостанай облысындағы Первомайский ауылдық округінің әкімі Нұрбол Қосанов.

Биыл Абай облысы 147 адам қабылдауды жоспарлап отыр. Мұнда дәрігер, мұғалім, кен байыту орындарына жұмысшылар, ауыл шаруа­шылығы мамандары жетіс­пейді. Ал Ұлытау облысы 26 отбасын қабылдауға дайын. Мұнда да дәрігер, мұғалім, инженер мамандары, ал Қостанай облысына малшы, механизатор, мал дәрігерлері секілді мамандар қажет.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында солтүстік өңірлерге оңтүстіктен 2022-2026 жылдары 27 мыңнан аса адам қоныс аударады деп жоспарланған. Мемлекет еңбек күшіне мұқтаж сол­түстік өңірлерге қоныс ауда­ратындарға қолдау білдіруде. Ал солтүстікке көш түзеген оңтүстік халқы өзімен бірге теріскейге қазақылықтың иісін ала баратыны ел болашағы үшін маңызды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: