Жұма, 29 наурыз, 18:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Мінгені пырағы абыройдың

25.12.2021

1469 0

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Бұл – Темірхан Әлімқұловтың өмірлік ұстанымы. Табанақы, маңдай терімен кәсібін дөңгелеткен құрылысшы айналасына адал еңбекті насихаттап, өзі үлгі болып келеді. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен несібесін теріп отырған кейіпкеріміздің өңірдегі құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар.

Мамандықтың қай-қайсы да қадірлі. Әрқайсының өзіне тән ерекшелігі, қоғам өміріне тигізер пайдасы мен алар орны бар екені сөзсіз. Кез-келген мамандық иесі адал еңбектің нәтижесінде өз ортасына, кіндік қаны тамған туған жеріне қызмет етеді. Бүгін біздің әңгімемізге арқау еткелі отырған ерекше құрметке ие кәсіп иесі – бұл құрылысшы мамандығы. Қыстың қақаған аязы мен шіліңгір шілденің аптап ыстығын да, құрыш білектің қуатын зәулім ғимараттардың бой көтеруіне арнайтын құрылысшылардың еңбегі зор. Бүгінде олардың ерен еңбегінің арқасында қаншама адам жайлы тұрғын үйде алаңсыз ғұмыр кешуде. Халық денсаулық сақшыларын «Ақ халатты абзал жан» десе, құрылысшыларды «Алтын қол», «Құрыш қол» деп дәріптейді.

Темірхан Әлімқұлов 1956 жылы Қызылорда облысы Тартоғай станциясында дүниеге келді. 1964-1974 жылдары Бәйгеқұм қыстағындағы орта мектепті бітірді. Алғаш еңбек жолын Шиелі ауданындағы №97 СПТУ-да жүргізуші болып бастады. Одан кейін Алматы темір жол транспорты инженерлер институтына «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша оқуға түсті. Сөйтіп, Бәйгеқұм қыстағында ПМК-47 мекемесінде тас қалаушы болып жұмыс істеді. Қарапайым маман болып бастаған кейіпкеріміз өзінің еңбекқорлығының арқасында биіктен көріне білді. Атап айтсақ, Шалқар станциясындағы СМП-660 «Ақтөбетрансстрой» мекемесінде учаске мастері, 1983 жылы прораб, 1984 жылдан бас инженер қызметтерін атқарды. Содан бері құрылыс саласындағы қанша сатыдан өтті.

Қазіргі кезде «СМП-Қызылорда» ЖШС облыс көлемінде ғана емес, ел аумағындағы кез-келген күрделі ғимараттарды салу бойынша құрылыс монтаждау жұмыстарын бірінші санаттағы мемлекеттік лицензия негізінде жүзеге асырады. Бұл мекеме арнайы құрылыс техникасымен, түрлі мақсаттағы механизмдер және үлкен автомобильдер паркімен жабдықталған.

– Бұл мекеменің тарихы тереңде жатыр. Толығырақ айтсақ, алғаш 1945 жылы Қызылорда қаласынан Ташкент темір жолы механикаландырылған колоннасының прорабтық учаскесі болып құрылды. Ал 1958 жылы осы учаске базасында Теміржол байланысы министрлігіне қарасты Қазақ теміржолының СМП-355 құрылыс мекемесі жасақталды. Ол Түркістан станциясынан Сексеуіл станциясына дейінгі аралықтағы теміржол саласына бай-ланысты барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізумен айналысты. Айта кету керек, мекеме құрылғаннан бері қырық жыл ішінде вагон депосын қайта жарақтандыру кешенін, теміржол ауруханасын салды. Қалалық ішкі істер бөлімі орналасқан аудандағы, темір жол вокзалы маңындағы тұрғын үйді, монша, локомотив депосы, рельс дәнекерлеу зауыты, нан зауыты, балабақшалар және басқа да нысандар салып, пайдалануға берді. Осылайша 1998 жылы темір жол құрылыс мекемесінің барлығы «Желдорстрой» акционерлік қоғамы құрамына еніп, осы құрамдағы біздің мекеме СМП-4 болып аталды. Сөйтіп, көптеген нысанға құрылыс монтаж жұмысын жүргізе бастады. Сол кезде қарашығанақ кешенінде темір жолды дамыту, Ақсай темір жолы, Ұзынағаш-Алматы темір жол учаскесін жарықтандыру, жанармай құю бекеті, шағын қазандық құрылысы салынды. Ал 2002 жылы «Желдорстрой» АҚ кәсіпорыны қайта құрымдауға түсіп, мекеме жаңадан өз алдына «СМП-Қызылорда» ЖШС болып аталды. Алғашқы кезде мекеменің ішкі жағдайының төмен екенін көрдім. Жұмысшылардың да жағдайы жасалмаған. Осы кезеңде құрылыс саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, шыңдалдым. Қиындықты көппен бірге көріп, жетістікке жұртпен бірге жеттік, – дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде серіктестіктің өндірістік қуаты жоғары. Кәсіпорында лай-бетон дайындау торабы, ағаш құрылым цехы, арматура цехы, механикалық цех, пластикалық бұйымдар цехы, шағын темірбетон бұйымдарын дайындау

цехы, қозғалқыштарды орау цехы, екі бетон зауыты және база аумағында ұзындығы 3,6 шақырым теміржол желісі бар.

«СМП-Қызылорда» ЖШС құрылған уақыттан бері тұрғын үйлер, мектептер, балалардың жазғы тынығу лагерін, ауыл клубтарын, салды. Атап айтсақ, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, Қорқыт ата мемориалды кешені, әкімшілік ғимараттардың құрылысын жүргізді. Сондай-ақ Шиелі ауданы елді мекендері мен Шиелі кенті, Жосалы кенті, Қызылорда қаласындағы шет аймақ тұғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысына үлес қосты. Сонымен қатар қаладағы «Арай» шағын ауданындағы №10-13-ші 50 пәтерлік тұрғын үй мен Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысын жүргізді. Сонымен қатар Шиелі ауданы Иіркөл ауылдық округіне қарасты Ы.Жақаев елді мекеніндегі мұражайды ел игілігіне пайдалануға берді. Ал Жаңақорған ауданы Төменарық елді мекеніндегі 300 оқушыға арналған мектептің құрылысын сапалы аяқтап, қаншама балаға қуаныш сыйлады. Сондай-ақ Шиелі кентінде 150 төсектік аудандық аурухана құрылысын бітірді. Жақында ғана сол жағалау мен СПМК-70 тұрғын ауданына көп қабатты үйлердің құрылысын өткізіп, кілтін табыстады.

Бүгінде мекемеде 245 адам еңбек етуде. Оның ішінде 171 әртүрлі мамандық иелері бар. Атап айтсақ, 42 экскаватор, бульдозер, кран машинистері мен жүргізушілер мен 32 инженерлік-техникалық қызметкерлер бар. Мұнда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жалақы, еңбек демалысын уақытылы беру, арнайы киіммен қамтамасыз ету басты назарда.

– Соңғы жылдары Сыр өңіріндегі құрылыс қарқыны еліміз бойынша алдыңғы қатардан көрінгені баршаға мәлім. Қаншама шағын аудандар бой түзеп, әдемі ғимараттар еңсе тіктеді. Бүгінде Сырдарияның жағалауынан жаңа қаланың құрылысы қарқынды жүруде. Сол жетістіктерге біздің құрыш қол құрылысшылардың еңбегі ерен. Себебі құрылыс алаңында тер төккен құрылысшылар – негізгі еңбек күші. Қоғам өзгеріп, дамыған сайын бұл мамандыққа деген қажеттілік күн санап артып келеді. «Біткен іске сыншы көп» демекші, құрылыс айналасында сын көп екені де шындық. Құрылысшы ретінде сапаға мән береміз. Осыған дейін жүргізген құрылыс сапасына байланысты шағым болған емес. Сапалы құрылыс жүргізу нәтижесінде елдің алғысына бөленіп келеміз. Осы орайда құрылыс саласында еңбек етіп жүрген сәулетші, жобалаушы, инженер, тас қалаушы, сылақшы, сияқты көптеген кәсіп иелерінің ақ адал маңдай терін айта кету керек, – дейді Темірхан Әлімқұлов.

Жасыратыны жоқ, құрылыссыз өмірде өзгеріс те, қозғалыс та болмайды. Тәуелсіздік алған жылдары құрылыстың бәсеңдеуі, құрылысшыларға жұмыстың табылмауы бұл мамандықты сәл де болса әлсіретіп, мықты мамандарды жоғалтып алды. Дегенмен қазір еліміздің қай өңірінде де құрылыс қарқыны жоғары деңгейде.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кейіпкеріміз түрлі қайырымдылық шараларға қатысып, демеушілік жасап келеді. «Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген тәмсілді берік ұстанатын кәсіпкер мұқтаж жандарға жасаған қамқорлығын жарияға жар салған емес. Десе де ол кісінің қаншама жанға баспана сыйлап, қаншама адамның ризашылығы мен алғысына бөленіп жүргенін өзі айтпаса да, ел жақсы біледі.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: