Бейсенбі, 29 шiлде, 13:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59 (1761)
26.07.2021
PDF мұрағаты

Қуаңшылық қиындығы

13.07.2021

545 0

Елдегі құрғақшылық мал азығын қиындатып, төрт түліктің қамын жасауға мұрша бермеуде. Қыс бойы қарық қылып қар түспей, көктемде жаңбыр жауып жарытпай, әйтеуір жаз айы басталғалы ауа райы шаруаның жайын қашырды. Аймақтағы ағайын қырылған малына алаң қылса, билік жем-шөп жеткізуге амал табуға асық­қан. Алайда аптап ыстықтан су тимеген кей жазық тақырға айналып, шөп көлемі айтарлықтай азайғанын байқау қиын емес. Содан болар, тарыққан шаруаға қол ұшын беруге билік өкілдерімен қатар, қарапайым халық та жұмыла күш біріктіруге көшті.

Бастапқыда Маңғыстау облысы мен Сыр өңірінде жаппай мал қырылды деген ақпар тарап, ел-жұрт ендігі ахуалдың қалай өзгерерін аңдаған еді. Кейін жағдай одан әрі асқынғанда қол қусырып отырудың жөні жоқ екенін бі­ліп, қимылдауға көш­ті. Жергілікті жас­тар аймақтағы қуаңшы­лықтан зардап шеккен ауылдарға қолдау көрсету мақсатында шөп шапса, билік өкіл­дері тасымал жолын қарастыруда. Аз уақытта игі істің нәтижесі де байқалып қалар деген үміт жоқ емес.

Жалпы қазақ даласы қуаң­шылыққа қалай тап болды? Бұған ғаламдық жылынудың әсері бар ма? Міне, осы сауалдар мәселенің күрмеуін шешіп, салдарын жоюға сеп болары анық. Синоптик мамандар мұндай қуаңшылық Қазақстанда ғана байқалған табиғи қатер емес, әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан жайсыз ауа райының бір бөлігі дегенді айтуда. Аталған қиындық көкейкесті мәселеге айналып, ғаламдық қауымдастықтардың назарын аударуда.

Бүгінде күннің күрт ысуынан жазықтар шөлге айналып, орман-тоғайлардың өртену дерегі көбейді. Мәселен, Орталық Азиядағы түгелге жуық мемлекет қуаңшылықтан зардап шегіп отыр. Мал жаятын жайылым тарылып, құдықтар кеуіп кеткен. Мал басы азайып, шығынды қысқарту үшін егінді әртараптандыру шарасы белсенді жүргізілуде. Осы орайда айта кетейік, Сыр бойындағы егінді әртараптандыру бірнеше жыл бұрын қолға алынған еді. Оған Сырдария өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуі мен сұранысқа сай ауылшаруашылығы дақылдарын көбейту бастамасы түрткі болған-тұғын. Алайда аймақта суды көп қажет ететін күріш өнімінің үлесін айтарлықтай азайту әлі мүмкін болмай отыр.

Салдары мен салмағы

Сонымен қатар қыста қардың аз түсуі мен көктемдегі жаңбырдың сирек жаууы да ахуалдың осы деңгейге жетуіне әкеліп соқты. Әсіресе, онсыз да жазы ыстық оңтүстік өңірде бір-екі бас ірі қара мен уақ малды талғажау етіп отырған ауыл тұрғындарына ауыр соққы болды. Тіпті кей ауылда бір отбасыға тиесілі 2-3 бас мал қатар қырылған оқиғасын да естідік. Халықты елді мекенде тұрақтауға жол ашқан ата-баба жолы мен төрт түліктің қамы екені жасырын емес. Егер күн көріп отырған малынан тігерге тұяқ қалмаса, көп ағайынның ауылдан безері белгілі. Сондықтан қуаңшылық қазаққа тек экономикалық шығын емес, әлеуметтік мәселені тудырады.

Расымен, мұндай жағдайға тап болған тек біз емес. Қазақстан мен Өзбекстанды сумен қамтамасыз етіп отырған Қырғызстанның өзі қиын жағдайда қалды. Оған Тянь-Шань тауындағы мұздықтардың еруі себеп болуда. Соңғы он жылдың өзінде таудағы мұздық 30 процентке азайған. Ал кей эколог мамандар Қазақстан аумағындағы 3500 метр биіктіктен төмен деңгейдегі мұздықтардың басым бөлігі еріп бітті деген пікірде. Бұлай жалғаса берсе, келешек ауа райының ахуалы қиындай түспек.

Қазіргі таңда әлемдік қауымдастықтар мен саяси белсенділер ұран қылған климаттың жылуын тежеу кезек күттірмейтін қадамға айналған секілді. Ол үшін қоқыс өңдеу ісін жандандыру, суды үнемдеу, зауыттарда экологиялық талаптарды сақтау сынды амалдар адамзат дамуының бір бөлігіне айналуы қажет. Бұл – жалаң ұран, бос сөз емес, нақты факт. Бір ғана мысал, 2019 жылы әлем бойынша жаһандық күннің жылыну деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті. Яғни, 1,5 есе жоғарылаған. Осының салдары мұздықтың еруі мен жердің кебуіне душар етті.

Негізі, қазақ тарихында құрғақшылық оқиғасы жиі кездеседі. Ұзаққа бармай, 1975 жылы орын алған қуаң­шылықты мысалға келтірсек, жеткілікті секілді. Сол кезде Қазақстанның сегіз облысында құрғақшылық орын алып, белсенділер қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға саябақтар мен далада шөп дайындап, демеу көрсеткен еді. Тіпті жем-шөп қоры ретінде қызылша, картоп, қызанақ, күнбағыс сабағы да әзірленіпті. Алайда елдің қолдауымен қиындықтан шыққан шаруалар қатарға қосылып, күйін оңалтқан-тұғын.

P.S. Міне, бізге де керек қадам осы. Халықтың қолынан келер көмек –  бірлесіп жем-шөп әзірлеу. Себебі құрғақшылық әлі де жалғасуда. Ал су қорын толықтыру, еларалық келісім арқылы су ресурсын толықтыру билікке жүктелген міндет екені анық. Ғалымдар қазақ даласындағы құрғақшылық әлі де жалғасатынын айтып, көмекті жүйелеуді ұсынуда. Сондықтан бірлесіп қолдау көрсетіп, бірлікті танытатын шақ тағы туған секілді.

Берен Шағыров

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: