Сәрсенбі, 16 маусым, 06:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47 (1749)
15.06.2021
PDF мұрағаты

Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев: «Барлығы өз бақылауымда болады»

13.02.2021

7001 0

Жылдағы дәстүр бойынша қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халық алдында жылдық есебін берді. Елдегі ахуалға байланысты есепті кездесу онлайн түрінде өтті. Есепті жиын бір уақытта қаланың үш бөлігінде ұйымдастырылды. Әр шағын ауданнан жиналған тұрғындар Асқар Тоқмағамбетов, Мәдина Ералива атындағы мәдениет үйлерінде, Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп лицейіне жиналды.
Есепті кездесуге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, қалалық мәслихат депутаттары, бірқатар облыстық басқармалар мен қалаға қарасты мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Есепті кездесуді қаланың экономикалық көрсеткіштерінен бастаған шаһар басшысы сөзін жыл бойындағы жүзеге асқан жарқын жобалармен жалғады. Өткен жыл қорытындысында Сырдың бас шаһары қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге ие болған.
– Жыл басында қала бюджеті 69 млрд теңге болып бекітіліп, жыл қорытындысымен 94 млрд теңгеге жетті. Бұл – жақсы жетістік. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 480 млрд теңгеге жетіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артығымен орындалды. Облысқа салынған инвестицияның 52 проценті Қызылорда қаласының үлесінде. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 9 млрд 400 млн теңгені құрады, – деді шаһар басшысы.


Кәсіпкерлік көкжиегі

Қалада кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Кәсіппен айналысқысы келгендер мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алып, тірлік етуде. Алдағы уақытта да жарқын жобалар жалғасын таппақ. Мұны қала әкімі де мәлімдеді.
– «Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025» бағдарламасы аясында қалада жалпы құны 67 млрд 600 млн теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асуда. Жобалар толық іске қосылғанда 1000-нан астам қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы негізінде құны 6 млрд 500 млн теңгені құрайтын 161 жоба қаржыландырылып, 30 адам 57 млн теңгеге мемлекеттік қайтарымсыз грант алды. Ал «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша құны 968 млн теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылса, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағытына облыстық бюджеттен бөлінген 114 млн теңгеге кәсіптік оқуға 659 азамат жолданып, оның 425-і жұмыспен қамтылды, – деді қала әкімі.
Сонымен бірге бағдарламаның екінші бағытымен 125 азаматқа кәсіпкерлік бастамасын қолдауға 615 млн теңге несие берілген. «Жаңа бизнес идеяларды» іске асыруға 1 мың 355 азамат 750 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Бағдарламаның үшінші бағытына 598 млн теңге бөлініп, 2511 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Жастар тәжірибесіне республикалық, облыстық бюджеттен 461 млн теңге бөлініп, 575 мекемеге 1838 жас маман жұмысқа жолданды.

Қоныс той көбейсін

Жыл санап қала халқының саны артып, баспанаға деген сұраныс ұлғаюда. Бұл мәселені шешу бағытында қаладағы құрылыс қарқынын, оның ішінде тұрғын үй құрылысын арттыруға ерекше назар аударылып келеді. Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 371 мың 314 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Жыл көлемінде 1342 қызылордалық баспаналы болды. Қаладағы құрылыс жұмысының көлемі 58 млрд теңгеге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда орындалу көрсеткіші 125 процентті көрсетті.
– Бүгінде 38 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында өткен жылы Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық білім ордасы ел игілігіне берілсе, жеке инвестор есебінен салынған 500 орындық «Зерде» мектебі өз жұмысын бастады. Бұдан бөлек «Бәйтерек» шағын ауданында «Жол картасы» аясында 600 орындық, «Саяхат» мөлтек ауданынан жеке инвестор есебінен 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. СПМК-70 шағын ауданынан 600 орындық жеке мектептің құрылысы жақын күндері басталады, – деді қала әкімі есепті кездесуде.
Қаланың инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында барлық деңгейдегі бюджеттерден 19 млрд 200 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар орындалған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 2 млрд 35 млн теңгеге 37 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өтті. Соңғы жылдары 5 млрд 848 млн теңгеге 171 көпқабатты тұрғын үй жөнделді. Оған қоса 2 млрд 563 млн теңгеге қаладағы 23 кәріздік сорғы станциясына қайта құру мен жаңарту жұмысы жүргізілген.


Көше келбеті

Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда да жаңа жобалар жүзеге асты.
Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 9 млрд 112 млн теңгеге 408 көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Соңғы жылдары жол құрылысын дамытуға 30 млрд-қа жуық қаржы тартылып, 840 шақырымды құрайтын 1177 көше жөнделген.
Бұдан бөлек 2 млрд 529 млн теңгені құрайтын Ғ.Мұратбаев көшесіндегі көпір мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолын жалғайтын ұзындығы 5 шақырымға созылған жол құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аталған магистральды автодәлізбен қосуға 640 млн теңгеге «Шіркейлі» каналы арқылы өтетін көпір салынып, бүгінде ел игілігіне берілді.
Кейінгі жылдары 159 шақырымды құрайтын 145 көше жарықтандырылып, 184 шақырымға электр желісі тартылды. 23 млрд 250 млн теңгеге 345 шақырым ауыз су желілері, 10 млрд 770 млн теңгеге 33 шақырым жылу жүйелері ауыстырылды. Нәтижесінде қаладағы 93 процент ауыз су желілері, 80 процент кәріз жүйелері, 60 процент жылу жүйелері жаңартылды.


Жарқын жобалар

– Жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылауға Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асқан Жұмыспен қамту «Жол картасы» оң әсерін тигізді. Осы бағыт бойынша қала бюджетіне 18 млрд 356 млн теңге бөлініп, 107 жоба қаржыландырылды. Аталған жобалар аясында барлығы 5021 адам жұмыспен қамтылды, – деді қала басшысы.
Бұл қаражатқа бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өтті. Қала күні мерекесі қарсаңында Денсаулық және демалыс саябағы мен Дәрігерлер аллеясы пайдалануға беріліп, «Тағзым» мемориалы, «Сыр Ана» монументі, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы қайта жаңғыртудан өткені белгілі. Көппәтерлі тұрғын үй аулаларына 3 стритбол және 45 ойын алаңы салынып, 70 жаңа аялдама орнатылып, 68 көшеге тротуар салынды.
Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округіне «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 375 млн теңге бөлініп, ауыл мектебі мен 16 көшеге күрделі жөндеу жүргізілді. Мәдениет, спорт саласында да бірқатар оң өзгерістер бар. Қала тұрғындарына рухани азық сыйлап, өзіндік бағытын қалыптастырған «Жастар» театры жұмыс жасауда. Өткен жылы Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қалалық бюджеттен 135 млн теңге қаралып, музыкалық құрал-жабдықтар мен дыбыс жазу студиясы алынды. Сондай-ақ Бірқазан елді мекені, Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау ауылдық округтерінде дене шынықтыру алаңдарына бөлінген 30 млн теңгеге спорттық алаңдар салынып, пайдалануға берілді. Жұмыспен қамту «Жол картасы» аясында төрт облыстық спорт мектебі жөнделіп, «Локомотив» стадионының футбол алаңына қайта жаңғырту жұмысы мен байдарка есу базасының құрылысы жүргізілді.


Алдағы жоспар қандай?

Есепті кездесуде қала әкімі Н.Нәлібаев биыл атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
– Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы республикалық, облыстық бюджеттен 5 млрд 500 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат СПМК-70 және Сырдария өзенінің сол жағалауында 1290 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуге, СПМК-70, Шанхай, Титов, Әль-Фараби мөлтек аудандарының инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады, – деді қала әкімі.
Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 192 тұрғын үй сатып алуға «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 1 млрд 600 млн теңге бөлінді. Елді мекендерді ауыз сумен қамту, су бұру жүйелерін дамытуға «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 392 млн теңге қаралды. Жұмыспен қамту «Жол картасы» аясында қала бюджетіне 5 млрд 500 млн теңге бөлінді.
Бағдарлама аясында Қызылжарма ауылдық округінде 900 орындық, «Бәйтерек» шағын ауданында 600 орындық мектептер бой көтереді. Қалада көгалдағы хоккей алаңы, Тасбөгет кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынады. Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, полиция бөлімшесінің әкімшілік ғимараты қайта жаңғыртудан өтеді.
Қосшыңырау, Талсуат ауылдық округтерінің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 351 млн теңге қаржы қаралды. Ұлттық қор есебінен 1 млрд 960 млн теңге бөлініп, Ғ.Мұратбаев, С.Бейбарыс көшелерінде орналасқан көпірлер аралығында 2 шақырымды құрайтын сол жағалаудағы магистраль жалғасының құрылысы басталып, жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.
С.Бейбарыс көшесіндегі көпірден Эдельвейс саяжайы арқылы Тұңғыш Президент саябағына дейінгі аралықты қамтитын 1,1 шақырым жол салуға 395 млн теңге бөлініп, жуық арада жұмыс бастамақ. Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын «Қызылжарма» каналына дейінгі магистральді аяқтауға 294 млн теңге бөлінді. Бұл жол сәуір айында ел игілігіне пайдалануға беріледі. Оған қоса облыстық жастар орталығынан бастау алатын жалпы ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын жолды Шіркейлі каналына баратын негізгі көшемен байланыстыруға облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Сол жағалаудағы бас көше мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін байланыстыратын құны 4 млрд 274 млн теңге болатын көлік айрығының құрылысын «Базис» корпорациясы бастады. Қалалық бюджетте қалыптасқан бос қалдық есебінен 51 шақырым болатын 94 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізуге 1 млрд 700 млн теңге қаралды. Сонымен қатар Сырдария өзенінің сол жағалауынан апаттық үйлерде тұратын отбасылар үшін 50 пәтерлік тұрғын үй құрылысын жүргізуге тиісті қаржы бөлінді.
Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 60 пәтер сатып алуды қоса қаржыландыруға қалалық бюджеттен 276 млн теңге қаралған. Көпқабатты үйлердің аулаларына қосымша 10 ойын алаңын салуға 175 млн теңге қаржы қаралғанын атап айтты.


Облыс әкімінің бағасы

Есептік кездесу қорытындысында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қалада атқарылған жұмысқа өз бағасын берді.
– Атқарылған жұмыс халықтың көз алдында. Біз облыс орталығының даму үдерісінен оң динамика байқап отырмыз. Қазір қаланың 98 проценті газбен қамтылған, 86 процент жолдары қанағаттанарлық деген бағаға лайық. Бұл жоғары көрсеткіш», – деп қала әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар барша қызылордалықтарды өңірді дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеуге үндеп, «Туған жерді түлетуде бар күш-жігерімізді аямайық» – деді.

Халық пен әкім:
Тұрғындарды не толғандырды?

Бір жылдық белесті бағамдап, алдағы жоспарларды айқын жеткізген қала әкімі есептік кездесуді халықтың ұсыныс-пікірін, өтініш-тілегін тыңдаумен жалғастырды.


Айгүл Өмірзақова, Мәншүк Мәметова көшесінің тұрғыны:
– Есебіңізді тыңдадық. Алғысымыз зор. Тұрғындар атынан өтінішімізді білдіргіміз келіп тұр. Көшемізге түнгі жарық орнатылса деген ниетіміз бар.
Қала әкімі Н.Нәлібаев:
– Жиыннан кейін өтінішті қараймыз. Мүмкіндік болса қаражатына қарай қолға аламыз. Міндетті түрде көңіл бөлінеді.
Титов қыстағының тұрғыны:
– Біздегі мәселе жарық бағаналарына қатысты. Жаңақұрылыс көшесіне бағаналар дұрыс орнатылмаған. Қазіргі кезде жарық сымдары төмен түсіп, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдаймыз.
Қала әкімі:
– Қаланың шет жағынан жаңа шағын аудандар бой көтеріп келеді. Ұсынысыңызды қолдаймыз. Былтыр да біраз жұмыстар жасалды. Биыл да жалғасын табады. Осы кезде Титов қыстағынан оннан аса көшені жарықтандыру қолға алынады. Тізімде Жаңақұрылыс көшесінің болуын бақылауға аламын.
Айткүл Кенжебаева, қала тұрғыны:
– Ғарышкер көшесіне тас жол төселді. Енді асфальт қашан төселеді?
Қала әкімі:
– Қиыршық тас төселген көшені асфальттауға тырысамыз. Мүмкіндіктерін қарастырамыз.
Гүлсанем Аукенова, «Сабалақ» саяжайының тұрғыны:
– Біздің саяжай жақта қордаланған мәселе көп. 2019 жылы ауыз су желілерін жүргізу жұмысы басталған еді. Осы ауыз суға қатысты жұмыс толығымен қашан аяқталады?
Қала әкімі:
– Қаланың аумағында бірнеше саяжайлар бар. Қазір көптеген жерлестеріміз сол жақта тұрып жатыр. Негізі саяжайларға күрделі құрылыс жұмысын жүргізуге болмайды. Бірақ біз де халықтың жайын түсінеміз. Саяжайға орналасып, жеке үйлер салып қойған. Соның бәрін ескере келіп, қаламыздың бас жоспарына өзгеріс енгіздік. Нәтижесінде саяжайлардың 90 проценті қаланың аумағына кірді. Сол себептен ол жерге күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге болады.
Қазіргі күні «Сабалақ» саяжайы қала меншігінде. Мұндағы ең үлкен мәселе – ауыз су. Бүгінде қаражаты бөлініп, саяжайға ауыз су желісі тартылды. Енді әр үйге кіргізу жұмысы жалғасады. Алдағы мамыр айында үйлеріңізге су барып, су есептегіш құралдары орнатылады деген жоспар бар.
Гүлзира Сүлейменова, «Бәйтерек» шағын ауданының тұрғыны:
– Менің мүмкіндігі шектеулі балам бар. Сондай балаларға арналған балабақша немесе мектеп ашылса деген аналық өтінішіммен келдім.
Қала әкімі:
– Балабақша салуға жеке кәсіпкерлерді тартып жатырмыз. Ол алдағы жоспарда бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақшаны салу керектігін біз ойластырып көрейік. Аяқсыз қалдырмаймыз.
Жұмакүл Тұрымтаева, КБИ шағын ауданының тұрғыны:
– 2017 жылы «Бәйтерек» шағын ауданынан жер алған болатынмын. Жалға берілген жердің мерзімі үш жыл. Үйдің іргетасын құйып, қабырғасын қаладық. Әрмен қарай қаражаттың тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Енді үйді аяқтау үшін уақыт керек. Соған сіздерден уақытты ұзарту жөнінен қандай көмек болады?
Қала әкімі:
– Жер – өзекті мәселенің бірі. Бүгінгі таңда қалада 61 мың адам жер кезегінде тұр. Бұл кезек 2005 жылдан бері келе жатыр. «Бәйтеректен» жер берілгені белгілі. Ол аумақ инфрақұрылыммен толық қамтылған. Бірақ жерді игере алмай келеміз. Бұрын жерді алған адам келесі адамға сата беретін. Қазір ешкім жерді алып, сата алмайды. Берілген жерге құрылыс салуға үш жыл уақыт беріледі. Сол уақытта үй салынбаса мемлекет қайта меншігіне алады. Сондықтан жерді алған соң оны игеру керек. Сіздің ұсынысыңызды пайдаланып, барлық тұрғындарға осыны айтар едім. Ал мәселеңізді қарап көреміз. Онда да заң талабы көтерсе… Сол себептен түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын.

Есепті кездесуден соң…

Бақберген Досманбетов, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі:

«Үлкен еңбек сезіледі»

– Бұрынғы әкім ретінде бүгінгі әкімге айтарыңыз…
– Мен осыдан жиырма жыл бұрынғы қала әкімі ретінде айтар болсам, біздің жылдық бюджетіміз 6-7 млрд теңге болатын. Қазіргі қала бюджеті 94 млрд-ты құрайды. Мұның өзі үлкен еңбек. Сонда да болса экономиканы дамытуымыз керек. Кіші және орта бизнесті жандандыру қажет.
Қаладағы атқарылған жұмыс көз алдымызда. Көңілден шығуда. Жиырма жылдағы айырмашылық жер мен көктей. Қала әкімі Н.Нәлібаевтың тәжірибесі жылдан-жылға шыңдалып келе жатыр. Іскер басшы екені белгілі

Серік Дүйсенбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

«Жарқын жобалар жалғасса»

– Әкім есебіне берер бағаңыз?
– Қала әкімінің есебін тыңдадық. Былтыр елімізде қиын жағдай болса да қалада көптеген жұмыс атқарылғаны байқалады. Өзім ардагерлер атынан оң бағамды беремін. Менің айтарым, халық үшін жасалып жатқан осындай игі іс әрі қарай да жалғасын таба беру керек. Есептік жиында айтылғандай, биылдың өзінде қалада және қалаға қарасты елді мекендерде жарқын жобалар жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ. Қаламыз қай жағынан болса да өркендеп, алда келеді. Бұл – қуантарлық жағдай.

Ибадулла Құттықожаев, қалалық мәслихат хатшысы:

«Халық жақсы қабылдады»

– Әкім есебі қалай өтті?
– Осы уақытқа дейін әкім есебі қаланың бірнеше бөлігінде өткені белгілі. Бәріне қатысып жүрміз. Қаланың экономикалық қарқынды дамуы, орта және кіші бизнесті жандандыру, агроөнеркәсіп кешенін қолға алу, жергілікті өнімдерді шығару барысында жақсы бастамалар баршылық. Енді алда да үлкен жоспарлар бар. Аймақ басшысы да біраз міндеттерді жеткізді. Міне, соның бәрі алдағы уақытта атқарылатын іс. Қала әкімінің есебінде тұрғындар өз ұсыныстарын айтты. Онлайн түрінде өтсе де халық жақсы қабылдады.

Тілші түйіні:

Тұрғындардың тілегін мұқият тыңдаған қала әкімі әр мәселенің назардан тыс қалмай уақытылы шешімін табатындығын айтып, «Барлығы өз бақылауымда болады» – деп түйіндеді. Жиынға қатысқандар негізінен жарық, жол, жер, ауыз су мәселелерін көтерді. Кездесу онлайн өтсе де халық көкейдегі мәселесін еркін жеткізді. Шаһар басшысы да әр сұраққа нақты жауап берді. Бір сөзбен айтқанда есептік кездесуден тұрғындар алғыс айтып тарқасты.

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: