Тәуелсіздік! Осы бір ауыз сөз қаншама қасиетті, құдіретті десеңізші! Тәуелсіздік – қазақ халқының ең үлкен құндылығы, бабаларымыздың ақ білегінің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген ұлы жеңіс. Ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толып отыр. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматы үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз.Себебі, Тәуелсіздік – бізге, болашақ жастарға міндеттелген бабалардың баға жетпес аманаты.
Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиеті турасында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мақаласында əр қазақтың жүрегін қозғайтын сөз айтқан еді. «Бабалардан мұра болып қалған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген болатын. Расында да, еңсемізді тіктеп, егемендігімізді алып, өз алдына отау тіккеніміз халықымыздың асқақ арманы екендігін айқындайды.Иә,тәуелсіздік – елдігіміздің, тұтастығымыздың белгісі. Олай болса, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпақ қамы үшін аянбай еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне өз үлесімізді қосу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз дегім келеді.
Ж.Сейтжанова
№268 мектеп-лицей директоры
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!