Сенбі, 04 мамыр, 07:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Тәрбиенің алтын діңгегі отбасында жатыр

04.02.2023

659 0

Сурет: Егемен Қазақстан

Балаларымыздың болашағы туралы сөз қозғағанда ойымызға бірден «Тәрбие басы – талбесік» деген бабадан қалған нақыл оралады. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген де бар.  Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы, оның қайнар көзі – отбасы мен өскен ортасы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді халық даналығы. Мұның барлығы тәрбиенің алтын діңгегі отбасында жатқандығын көрсетеді.

Аптаның сәрсенбісінде Н.Бекежанов атын­дағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Отбасы – тәрбие бесігі» атты кеңейтілген кеңес отырысы өтті. Жиын­ды «Аманат» партиясы облыстық филиалы­ның төрағасы Наурызбай Байқадамов жүргізіп отырды. Ол бұл шараның облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өтіп, кеңесте талқыланатын тақырыптар жайын мәлім етті.

– Бүгінгі қоғам алдындағы басты мақсат – өмірдің барлық саласында еңбекқор, белсенді, шығармашылық іс-әрекеттерге қабілетті, еркін ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін еліміздің болашағы – ұрпақ тәрбиесімен айналысатын отбасы, мектеп, қоғам және жұртшылықтың тәрбиесі кіріктіріліп жүзеге асырылуы тиіс, – деді Наурызбай Сейтқалиұлы.

Жиында саяси ғылымдар докторы, про­фессор, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, келелі ойын ортаға салды.

– Аға ұрпақ біледі, кешегі ғасырдың 90-жылдары «Біз мемлекет боламыз ба?»,  «Қайда барамыз, қандай мемлекет боламыз?» деген сауалдар алдымызда тұрды. Сол кезде балабақшалар талан-таражға түсті, ал мек­тептердің білім мен тәрбие беру жұмыстарына қаржы жетпей,  мұғалімдер бірнеше ай бойы еңбекақы алмаған кездер болды. Сол кездерде дүниеге келген ұрпақтардың ұрпағы бүгінде балабақша, мектеп, университет қабырғасында тәрбиеленіп жатыр. Ол үшін оларды кінәлауға болмайды, оған біз, яғни аға ұрпақ кінәліміз. Сол кезеңдерден бастап қатігез, мейірім мен адами құндылықтардан ада, ата-анаға, үлкенге деген құрметі азайған, қала мен ауыл, бай мен кедей, әсіредіншіл, дүбәра ұрпақтың қалыптасуы басталды. Бір-бірінен алшақ әлеуметтік топтардың болуы, олардың бір-біріне ашық қарсы шығуы, қатігездік пен озбырлыққа баруының түп-тамыры білімде жатыр, – деді қоғам қайраткері.

Бұрынғы сенатор Назарбаев зияткерлік мектептері мен қарапайым мектептердің арасындағы алшақтықты да тілге тиек етті.

– Мысал келтірейік, Назарбаев зияткерлік мектептері мен қарапайым мектептер арасындағы қаржыландыру айырмасы 6 есе болса, еліміздегі мектеп оқушылары­ның 44 пайызын құрайтын ауыл мектептерінің  оқушылары­на Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушысының деңгейіне жету үшін кемінде алты жыл уақыт кетеді, – деді ол.

Кеңейтілген кеңесте облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Ш.Әмитов хабарлама жасап, кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы баяндады. Оның баяндамасына сүйенсек, бала тәрбиесінде бірлесіп атқарған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 6415 құқықбұзушылық анықталса, қаңғыбастық пен кез­белікке салынған 305 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Осы деректер бойынша 5 мыңнан астам жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осындай бірнеше дерекке шолу жасаған полиция департаментінің өкілі бұл жұмыстардың лайықты жалғасын табатынын атап өтті.

Жиында әке мен ананың тәрбиесі қатар берілуі керек екені де сөз болды. Көбіне бала тәрбиесімен ана ғана айналысып, әке тек табыс табушы функциясын атқарып келеді. Бұған қоса, мектеп қабырғасындағы мұғалімдердің 80 пайызы нәзік жандар. Сол себепті ер-азаматтарды Ахмет Байтұрсынұлының артынан еретін ұлт ұстаздары етіп тәрбиелеу керек екені айтылды. Бұл бастаманың көтерілгені құптарлық іс. Өйткені оқушылар тек әйел адамнан ғана емес, ер-азаматтардан да тәлім-тәрбие алуы қажет. Десе де әке мен ананың тәрбиесі ұстаздың тәрбиесінен бірінші кезекте болуы міндетті. Осы орайда облыстағы мектептерде «Әкелер кеңесінің» жұмысы жанданбақ. Сонымен қатар облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет «Тәрбие орталығын» құруды ұсынды.

– Негізінен, бүгінгі күнге дейін берілетін білімнің құрылымы мен мазмұнына ерекше екпін түсіріліп келді. Ендігі жерде мектептегі тәрбие жұмысын жаңарту, оны заман талабына лайықтау – жауапкершілігі зор басты бағытымыз. Қазір әлемдік педагогиканың өзінде тәрбиені білімнің алдына қойып отыр. Себебі тәрбиесіз берілген жалаң білім құндылықтарға қаныққан Абайдың «Толық адам» бейнесін қалыптастыра алмайды. Біздің оқу-ағарту саласын дамытуға, білім сапасын көтеруге бағытталған бар жұмысымыз – білімі мен тәрбиесі қатар үйлескен оқушының қалыптасуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру, – деді басқарма басшысы.

Бала тәрбиесімен қатар олардың білім алуында қауіпсіз ортада өмір сүруі ерекше жауаптылықты қажет етеді. Осы орайда аймақтағы барлық білім беру ұйымының қауіпсіздігі жолға қойылып, бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Сондай-ақ барлық білім беру ұйымында полиция бөлімшелеріне қосылатын дабыл түймесін іске қосу жұмыстары осы жылы шешімін табатын болады.

– Бүгінгі күні мектеп қабырғасында білім берумен қатар ұлттық тәрбиеге ден қойып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді қажет етеді. Олай дейтініміз, қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзу, топтық төбелес, қыз балалар арасындағы әлімжеттік, буллинг, кибербуллингтің белең алуы тәрбие жұмыстарының әлсіз тұстарын көрсетті. Өткен жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандарға қатысты  қылмыс пен құқық бұзудың саны 36,7 пайызға, топтасып жасалған қылмыстар 30,8  пайызға төмендеген. Дегенмен балалардың тәртібін қадағалауда босаңсуға болмайтынын ескеру керек. Айта кететін бір жайт, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың барлығы да сабақтан тыс уақытта боллған. Демек бұл жерде ата-аналардың бақылауы мен қадағалауының жеткіліксіздігі байқалады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Мырзанова және Балалар  құқығы мәселелері бойынша өңірлік уәкіл Ж.Ұзақбаева, С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің төрайымы А.Қосанова,  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты А.Айтбаева хабарлама жасады.

Кеңейтілген кеңесті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қорытындылап, бала тәрбиесінің маңызын айтып, бірқатар жаңалықпен бөлісті.

– Мен сіздермен бұл кездесуге облыс әкімі ретінде ғана емес, ата-ана, әке ретінде ашық пікірлесіп, ой бөлісу үшін келдім. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін атап өтті. Сәт сайын өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған бүгінгідей дәуірде рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің өзегінен ажырап қалмауға тиіспіз. Қазақ халқының ұлы ақыны, дана Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, ұлағатты ұстаздан болады» деген өсиеті әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтқан емес. Қайта уақыт озған сайын салмағы еселене түсті. Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі десек, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеу, – деген аймақ басшысы балаларды қолдау мақсатында атқарылып жатқын жұмыстарды баян етті.

Облыс әкімі балалар жылына орай бүлдіршіндерге тарту ретінде аймақта демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңын пайдалануға берілгенін атап өтті. Тек қаланың ортасында ғана емес, шеткері аймақтарда да ойын алаңдары салынды. 2022 жылы 19 балабақша ашылды. Өткен жылы 6 мектеп тапсырып, 2 апатты білім беру ұйымының мәселесі шешілді. Жалағаш ауданында 250 орындық заманауи «Оқушылар үйі» ашылды.

Осы негіздегі мәліметтерді алға тартқан облыс әкімі Республика Премьер-министрінің Сыр өңіріне сапарында 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық «физика-математика» бағытындағы мектеп-интернат салу жобасы қолдау тапқанын жеткізді. Биыл «ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылордада заманауи 350 орындық «Оқушылар сарайының» құрылысын бастамақ.

– Алдағы 3 жылда 64 балабақша ашу жоспарымызда бар. Осылайша 11 мыңға жуық бүлдіршінді қамтимыз. Бұған қоса биыл 940 орындық 4 жаңа мектепті пайдалануға береміз. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 15100 орынға арналған 21 мектеп салынады. Жалпы құны 98 млрд теңгені құрайды. Бұл – білім саласындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жоба. Жеке мектептердің де үлесі артуда. Білім саласына инвестиция салған кәсіпкерлеріміз аз емес. Қазірдің өзінде өңірде 21 жеке мектеп жұмыс істесе, алдағы 3 жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдірді. Біз білім саласына жанашыр меценат кәсіпкерлерді әрдайым қолдауға әзірміз, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі кеңейтілген отырыста талқыланған мәселелер бойынша барлық сала жетекшілеріне тапсырма беріп, бала тәрбиесіне бағытталған жұмыстарды барынша сапалы әрі жауапкершілікпен атқару керектігін қаперге салды.

Айта кетейік, жиында Қорқыт ата университетінің профессоры, академик, 5 баланың әкесі Нұрбол Аппазов ата-аналарға оқушының болашағына қатысты үндеу жасады.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: