Сенбі, 27 сәуiр, 01:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын

23.05.2023

859 0

«Баланы ұрмай өсір, ынжық болмасын» деп жатады үлкендер. Басқаны қайдам, өзім әкемнен осы сөзді талай естідім. Тәрбиеге қатал болсақ та әр баланы еркін өсіруге тырысып жүрміз. Өйткені бала тәуелсіз елдің ұланы екенін сезінуі керек. Бірақ балаға кел­генде шойын жұдырығын жұм­сайтындар аз болмай тұр. Өткен жылы 7203 қамқоршы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2021 жылы ата-аналық міндетін орын­дамаған 5 мыңнан астам азамат тіркелген. Мұндай мәліметті Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен дөңгелек үстелде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баян етті.

Бала тәрбиесі ата-ана үшін күр­делі әрі жауапты міндет. Алайда қоғамда бұл мәселеге атүсті қарап, тіпті «балама мектеп тәрбие берсін, мемлекет асырасын» дейтіндер аз емес. Өкініштісі, балаларына қатысты жасалған құқық бұзу­шылықты жасыратындары да кез­деседі. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Зейін Ерғалидың мақаласына осы тақырып өзек бо­лыпты. Біз де барлық дәуірдің күн тәртібінен түспейтін мәселеге қалам тарттық.

– Қоғамда балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзімсіздік мә­дениетін қалыптастыру өте маңыз­ды. 2022 жылы 39 адам балаларға қатысты құқық бұзушылықты жа­сырғаны үшін әкімшілік жауап­кершілікке тартылған. Алайда өкі­нішке қарай заңсыздықтарды жа­сыру фактілері жалғасып келеді. Министрлікке осындай жасыру фак­тілері бойынша мыңнан аса ақ­парат келіп түседі, – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

Дөңгелек үстелге қатысқан БҰҰ Қазақстандағы балалар қорының өкілі Артур Ван Дизен елімізде балаларды ұруға заңмен тыйым салуды ұсынды.

– Қоғамда қалыптасқан кейбір әлеуметтік нормаларды өзгерткен жөн. Балаға дауыс көтеру, қол жұмсамай тәрбиелеуге, өсіруге бо­лады. Мұны ата-аналарға жеткізу үшін тиісті коммуникациялық ком­пания керек. Дене жарақатын са­луға заңмен тыйым салу – өте маңызды. Бүгінде 65 мемлекет дене жарақатын салуға заңмен тыйым салды. Тағы 27 ел бұл заңға қосылуды жоспарлап отыр. Оның арасында Қазақстанның көршілері де бар. Сондықтан отбасында да, отбасынан тыс жерлерде де дене жарақатына тыйым салу маңызды болып отыр. Біз балаларға зорлық-зомбылық жасалуына, оларды ұрып-соғуға жол бермеуіміз керек. Бұл – қоғам алдындағы міндетіміз, – деді ЮНИСЕФ өкілі.

«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген де бар.  Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бас­тауы, оның қайнар көзі – отбасы мен өскен ортасы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді халық даналығы. Тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі. Әр сәбиге жарық дүние сыйлап, тәрбиелеп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп аялайды. Бар жақсыны сәбиінен аямайды. Бірақ мына қоғамда жауапсыз ата-ана да бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде түрлі мәселесі бар 6 мың жасөспірім мектепішілік есепке алынған.

Вице-министр бұл мәселеге ұр­пақтар сабақтастығының әлсіреуі, ата-аналардың мектептегі тәрбие үдерісіне қатысу деңгейінің төмен­дігі, отбасындағы тәрбиенің осал­дығы, интернеттің ашықтығы және пандемияның салдары секілді негізгі бес фактор әсер етіп отырғанын алға тартты. 

– Жеткіншектер арасында орын алып отырған зорлық-зомбылық фактілері балалар тәрбиесіне қа­тысты кешенді көзқарастардың қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан министрлік тәрбие жұмысының тұжырымдамасын әзірлеуді қолға алды. Тұжырымдаманың негізгі өзегі – ұлттық адами құндылықтарға негізделген білім мен тәрбие беру. Осы бағыттағы жүйелі шешімдердің бірі әрбір мектепте ата-ана міндетін жүзеге асыруда оларды жан-жақты қолдауға бағытталған ата-аналар академиясын құру болмақ. Министрлік барлық мүдделі ор­гандармен бірге балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу бойынша кешенді жос­пар әзірлеуді қолға алды. Бұл құжат алдағы оқу жылына дейін қабылданады деп күтіп отырмыз. Бұған қоса жыл сайын балалардың құқық бұзушылық жағдайының түр-сипаты да өзгеріп отыр. Бір құқық бұзушылық жағдай екінші оқиғаға ұқсамайды. Жаңа буллингтің, қаты­гездіктің түрлері пайда болып жатыр. Бұл интернеттің ашықтығымен де байланысты, – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

Министрдің орынбасары балалар үшін қауіпсіз интернет кеңістігін құру маңызды екенін де сөз етті. Бұл орайда ата-аналар өз перзенттерінің интернеттегі іс-әрекетіне бақылауды күшейту керек. Ол үшін спикерлер жағымсыз ақпараттарға шектеу қоя­тын мобильді қосымшаларды қолдануды ұсынды. Біз өз кезегінде ата-аналар мен психологтарды сөзге тартқан едік. Соның бірі – Қызылорда қаласындағы №172 мек­тептегі ата-аналар комитетінің тө­рағасы Абылайхан Күнғабылов.

– Ұрпақ тәрбиесіне келгенде селқостық танытуға болмайды. Қазіргі аналардың көпшілігі жұмыс істейді. Сондықтан бала уақытының көбін теледидарда, ин­тернетте өткізеді. Болып жатқан түрлі жағдайлар жас өреннің психикасын улап, балалар мен олардың ата-анасы арасындағы қарым-қатынас процесін қиын­датады. Интернеттегі кейбір ойын­дардың атын атауға қорқасың. Өйткені олардың басым бөлігі қырып-жоюға арналған. Жатқан атыс-шабыс. Бірінде террорис­термен атысса, енді бірінде көше кезіп, білгенін жасап жүреді. Мұндай ойындарда балалар адамды қалай өлтіру қажет, ол үшін қандай қару қолданатынын жадына әбден тоқиды. Бұл дегенің масқара ғой. Мұндайда баламды бақылауда ұстаймын не болмаса қазақы тәрбие беремін деу бекершілік сияқты. Өзгеге еліктеп өскен сәби көп жағдайда ата-анасына қарсы шығып, оларды тыңдамай өз дегенімен жүреді. Әртүрлі жат қылықтар жасап, ата-анасының атына кір келтіреді. Бала тәрбиесін бақылаусыз жіберіп, артынан сан соғып отырмайық. Егер ол өзге пиғылды діни ағымның жетегіне еріп кетсе, бағып өсірген ата-анасының жағдайы не болмақ? – дейді Абылайхан Күнғабылов.

Тәрбие бесіктен беріледі. Бала­ның ақылды, парасатты, әдеп­ті болып өсуі – ата-анаға да бай­ланысты. Балабақша, мектеп, ор­тасы дегендер содан кейінгі рөл­де. Бұл ойды 6 баланың анасы, 22 немеренің әжесі 80 жастағы Орынкүл Ақылқызы айтып отыр. 

– Қазақ баласына қол көтермей-ақ айтар ойын көзбен жеткізген. Осының өзінен қазақы тәрбиенің даналығы мен даралығын көруге болады. «Балалы үй – базар», «Бала­­ны – жастан», «Бала – бола­шағымыз», «Ұл-қыз – ұрпағымыз» деп жатамыз. Осы сөздің бәрі де тәрбиеге келіп тіреледі. Отбасы тәрбиесіне, әке-шешенің мейірімі мен жылы сөзіне, «Балам, жақсы бол, азамат бол, бұзық болма, тәртіпті, үлгілі болып өс» деп, перзентінің басынан ыстық ала­қанымен жай ғана сипап өткенге ештеңе жетпейді. «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым» деген емес пе?! Ендеше, ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақ­сылап тәрбиелейік және оларға үлгі болар тұлға екендеріңізді ұмытпайық, – дейді.

Р.s. «Ұлым – ізгі арманым, қызым – қызғалдағым» деген қазақтың ұрпағымыз. Олардың тәрбиесіне келгенде барлығын талбесіктен бастағанды жөн санайтын халықпыз. «Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада» дейді ғой. Бабаларымыз балаға ана сүтімен бірге ана тілінің, бойына ұлттық тәрбие мен салт-сана даритынын әлдеқашан айтып кетті. «Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі». «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын». «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар». «Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле». «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес». «Ағаштан ағаш сәнін алады, адамнан адам тәлім алады» делінген бабадан қалған асыл сөздерде. Қалай болғанда да ізімізді жалғар ұлымыз бен өрісімізді кеңейтер қызымыз бізге,-ата-анасына қарап өсетінін ұмытпайық.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Сурет: zolya.ru

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: