Жұма, 26 сәуiр, 16:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ұжым тарихында өшпес ізі қалды

03.07.2021

1555 0

«Алаштың анасы» атанған Сыр өңірі ежелден-ақ өркениеттің, ғылым мен мәдениеттің дамыған аймағы. Осынау алтын бесіктен шыққан тұғырлы да тұлғалы азаматтардың біразы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің түлектері екенін біз мақтанышпен айтамыз. Келер жылы 85 жылдығын тойлағалы отырған білім ордасының шежіресіне көз жіберер болсақ, небір парасат иелері мен зиялылардың қызмет атқарғанын көреміз. Бүгінде арамызда жоқ ұлағатты ұстаздарымыздың өмір жолы жас буын үшін үлгі-өнегеге толы. Ардақты аға-апаларымыздың ерен еңбегі мен аяулы есімдерін әркез естен шығармай, құрметтеу – қастерлі парызымыз. Осы ретте белгілі ғалым-ұстаз Күлбарам Сәдуақасқызының есімін ерекше атағым келеді. Өкінішке орай, мыңдаған түлек тәрбиелеп, ғылымға өзіндік үлес қосқан, ұжымда беделді, қызметтестері мен шәкірттеріне қадірлі әріптесіміздің өмірден өткеніне де жыл толыпты. Бұл кісі өз мамандығының майталманы болумен қатар, бар са­налы ғұмырын білім беру ісіне, жас­тарды тәрбиелеуге арнаған шын мағы­насындағы ұстаз еді. 

Асыл арман мен ерен еңбек адамды биікке жетелейді, көкке кең құлаш жая самғатады. Жастайынан білімге құштар болып, өнердің құдіретін терең түйсіне білген Күлбарам Сәдуақасқызының бағындырған биіктері ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.  Ол 1943 жылғы 13 қаң­тарда Қызылорда облысы, Қар­мақшы ауданы, Ақжар кеңшарында дүниеге келеді. Туған ауылындағы орта мектептегі оқуын аяқтаған соң, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педа­гогикалық институтына химия және биология мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1965 жылы бітіреді. 1965-1969 жылдары Жосалы кентіндегі орта мектептердің бірінде жұмыс істейді.

1969-1997 жылдары Қызылорда қала­сындағы №4 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте еңбек етіп, химия, биология пәндерінен сабақ береді. Сол кездері бұл мектепті соғыс ардагері Қасымбек Ибраев басқарып, онда тарихшы Сақтаған Жүнісов, математик Тоқсұлу Көшербаева, орыс тілі пәнінің мұғалімі Райкүл Сералина, физик Спандияр Дүйсеков, шет тілі пәні мұғалімі Жібек Есенжолова, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Үміткүл Айманова сынды мықты педагогтар топтасқаны жөнінде әлі күнге айтылады. Қаладағы маңдай алды мектеп қабырғасынан түлеп, ұшқан облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, белгілі бизнесмен Нұрмұрат Ерманов, дәрігерлер Сапар Рахменшеев, Нұржамал Тоқпанова, Айман Төлегенова, Айдос Сапаров, А.Рзаева, Ф.Ибадуллаева, А.Байназаров, С.Күппанова, талантты әнші Мәдина Сәдуақасова және т.б. кең танымал тұлғалардың Күлбарам Сәдуақасқызының да тәлімін алып, тәрбиесін көргені сөзсіз. Өйткені, «мектеп-ұстаз-шәкірт» бір-бірінен бө­ліп қарауға болмайтын, біте қайнасқан ұғымдар. 

К.Сәдуақасқызы 1997 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универ­си­тетіне ауысып, бейінді ка­федраларда (аға оқытушы, доцент, академиялық профессор) өмірінің соңғы күндеріне дейін еңбек етті. Осы кезеңде әдіскерлік тәжірибесі әбден шыңдалып келген ұстаз ғылыммен айналысуға шындап ден қояды. 2006 жылы Елордада жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этно­педагогика маман­дығы бойынша «Оқыту процесінде нәтижеге бағыттап оқыту жағдайында оқушыларды өзіндік бақылауға бейімдеу» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атанады. 

Күлбарам апай өзі таңдаған ғылым саласын шын сүйетін, соның ыстық-суығына күюге жан-тәнімен берілген нағыз ғалым. Соның дәлелі – 63 жасқа келгенде диссертация қорғауы. Менің ойымша, осындай жауапты іске екінің бірі тәуекел етпейтіні айдан анық. Мұндай қадамға өзінің таңдаған тақырыбын әбден жан-жақты зерттеп, нәтижелерінің ғылым үшін, ел үшін пайдалы екендігіне әбден сенімді адам ғана бара алмақ. Ғылымды сүйген ғалымның осылайша жалпы ұжымды таңдандырып, жас­тарға да, жасамыс ғалымдарға да биік мақсатқа жетудің сара үлгісін көр­сетіп, барлығын жаңа ізденістерге жігерлендіргені, әрине, ұмытылмақ емес.  Әдіскер-ғалым білім алушылардың дипломдық, диссертация жұмыстарына жетекшілік жасап, олар­ға мақала жазуды үйретіп, мектеп мұғалімдеріне де ғылыми-әдістемелік көмегін ая­майтын. Жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз ғалымның шетелдік жоғары импакт-факторлы және отандық беделді ғылыми басылымдарда, халық­аралық және республикалық конфе­ренциялар жинақтарында 150-ден астам мақаласы шықты. Оның авторлығымен 2 патент, ЖОО студенттері мен жалпы білім беретін мектептің оқушылары мен химия пәнінің мұғалімдеріне ар­налған 21 оқу және оқу-әдістемелік құрал, 2 электрондық оқулық және 3 монография жарық көрді. Ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін мектеп мұғалімдері мен оқушылары, ЖОО оқы­тушылары мен білім алушылары кеңінен пайдалануда.

2020 жылы университетке басшылық­қа келгенімде халықаралық педагогика­лық білім беру ғылымдарының академия­сының корреспондент-мүшесі, «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» грантының екі мәрте иегері екенін өзім сыртынан жақсы білетін К.Сәдуақасқызымен жақын танысудың реті түсті. «Биология, география және химия» кафедрасының профессоры, кафедра аясында құ­рылған «Қызылорда облысы химия пәні мұғалімдері мен оқытушыларының қауымдастығы» қо­ғамдық бірлестігінің төрайымы және университеттің құр­метті профессоры екен. Әңгімелесіп отырғанда мұғалім, оқыту, тәрбиелеу жайлы өзінің ойда қорытылып, іс жүзінде дәлелденген тұжырымдарын ортаға салған еді. Жарты ғасырға жуық білім саласының ыстық-суығын көрген жанның әлі де ұстаздықтың қиын жолын тастамай, оқыту мен тәрбиенің таразысын тең ұстаған қажырлы еңбегі, ерекше біл­гірлігі, ғылыми ізденіске деген құлшынысы маған үлкен әсер еткенін айтуым керек. Кездесу барысында аталған салалардағы уақыттың өзі қойып отырған мәселелерді тал­қыладық, болашақ жоспарлардың көкжиегін белгіледік. Бұған жарқын дәлелдің бірі – К.Сәдуақасқызының бастамасымен 2020 жылғы 10 маусымда «Мектеп химия курсын оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы вебинардың ұйымдастырылуы. Ұлттық және өңірлік университеттерден бір­неше жетекші әдіскер-ғалымдар қа­тысқан вебинарда жаңартылған маз­мұнда химияны оқытудың көкейтесті мәселелері, қиындықтары мен тәуе­кел­дері ортаға салынып, оларды жою­дың әдіс-тәсілдері егжей-тегжейлі талқыланды. Вебинардың тұжырым­далған ұсынымдары еліміздің педа­гогикалық ЖОО-да химияны оқыту процесін қолданыстағы нормативтік құ­жаттар талабына сай ұйымдастыру ісіне көп пайдасын тигізді деп есептеймін.

Биыл 30 сәуірде Күлбарам Сәдуақасқызын еске алуға арналған «Мектеп оқушыларының жаратылыс­тану-ғылыми сауаттылығын қалыптас­тыру сапасын арттыру жолдары» атты республикалық ғылыми-әдістемелік се­минар өткіздік. Мектепте оқыту сапасын арттырудың түрлі мәселелеріне арналған семинарларды аталған айдармен дәс­түрлі түрде өткізу ойымызда бар.

«Талантты адам бар жағынан да талантты» деген тәмсіл бар. К.Сәдуақас­қызының өзгеше бір қыры – ақындық қасиеті. Аталған қасиет оның шығармашылығын шыңдап, тұлғасын әрлендіре түсетіні де рас. Бұған жақ­сылық пен іңкәрлікке, ізгілік пен тұңғиық ой-сезімге толы өлеңдерін оқыған кім-кімнің де көзі жетеді.

К.Сәдуақасқызы ардақты ана, сүйікті әже атанды. Сыр өңірінің білім саласын дамытуға елеулі үлес қосқан басшы, белгілі ғалым Әли Мүсілімұлы екеуінің балалары ата-анасының абыройына абырой қосатын азамат болып жетіл­геніне облыс жұрт­шылығы куә. Күйеу балалары мем­лекеттік қызметте абырой биігінен көрінуде. Немерелері әжесінің берген тәрбиесінің арқасында ғылым мен білімге жақын болып өсіп келеді.

Халқымызда «Артыңда ізің қалды ма ұрпағың мақтан етерлік?!» деген сөз бекер айтылмаған. Есімі үлкен әріппен жазылатын ұстаздарға тән мол білім, үлкен жүректің иесі К.Сәдуақасқызының артында салиқалы сөзі, өшпес мұрасы, жарқын бейнесі, өнеге боларлықтай ізі қалды.

Бейбіткүл КӘрІмова,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-Ректор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: