Бейсенбі, 25 сәуiр, 21:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жаназа дастарханы жарыс болмасын

11.03.2023

959 0

Бірде танысымның жақын туысы қайтыс болды дегенді естіп, көңіл айтуға бардым. Қала орталығында орналасқан зәулім үйдің айналасы адам қарасынан көрінбейді. Намазға келгендер көп болды. Үйдің ауласына шатыр тігіп тастаған. Іштегі дастарханға сыймағандар сыртқа жайғасуда. Ал дастарханнан бәрі табылады. Тойдікінен асып түспесе кем емес. Тіпті кей жердерде қаралы үйді той секілді етіп ұйымдастырып жататындарды көзіміз шалып жүр, өкінішке орай… Қазан-қазан ет асып, қатар-қатар дастархан жаю дәстүрімізге дендеп енді.

Иә, қаралы үйдің немесе ас-құдайының дастарханына қатысты мәселенің айтылғаны қаш-шан? Әйткенмен жақында Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы жаназа дастарханына қойылатын тағам түрлерін ұсынды. Соған орай жан-жақта үгіт-насихат жұмысы басталды. Бірі мұны құптаса, екіншісі «ұят болады, көпшіліктен қалмау керек шығар» деген пікірмен әлі санасып келеді. Ал біздегі діни өкілдер мен тұрғындардың көзқарасы қалай?

«Жан бар жерде қаза бар» дейтін қазақ, «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегенді қоса айтады. Бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылған жақынымыздың жаназасын атқаруда пендешілік әрекеттердің қылаң беріп қалатыны бар. Ырым-тыйымдар мен діннің шектеулері арасындағы тепе-теңдікті сақтап келген халық бүгінде діннің қалауларына көбірек иек арта бастады. Осы ретте жаназа мәселесі де бірізділікке түсіруді қажет етіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бұл мақсатта бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Оған қоса басқарма «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын даярлап, онда құдайы ас беру тәртібі нақтыланған. Ондағы пәтуалар ысырапшылдыққа жол бермеуге негізделген. Бұған кейбір өңір халқы бойұсынса, кейбір өңірлерде құдайы астың ас мәзірі тойға жайылғандай.

Бірде танысымның жақын туысы қайтыс болды дегенді естіп, көңіл айтуға бардым. Қала орталығында орналасқан зәулім үйдің айналасы адам қарасынан көрінбейді. Намазға келгендер көп болды. Үйдің ауласына шатыр тігіп тастаған. Іштегі дастарханға сыймағандар сыртқа жайғасуда. Ал дастарханнан бәрі табылады. Тойдікінен асып түспесе кем емес. Тіпті кей жердерде қаралы үйді той секілді етіп ұйымдастырып жататындарды көзіміз шалып жүр, өкінішке орай… Қазан-қазан ет асып, қатар-қатар дастархан жаю дәстүрімізге дендеп енді.

Иә, қаралы үйдің немесе ас-құдайының дастарханына қатысты мәселенің айтылғаны қаш-шан? Әйткенмен жақында Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы жаназа дастарханына қойылатын тағам түрлерін ұсынды. Соған орай жан-жақта үгіт-насихат жұмысы басталды. Бірі мұны құптаса, екіншісі «ұят болады, көпшіліктен қалмау керек шығар» деген пікірмен әлі санасып келеді. Ал біздегі діни өкілдер мен тұрғындардың көзқарасы қалай?

«Жан бар жерде қаза бар» дейтін қазақ, «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегенді қоса айтады. Бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылған жақынымыздың жаназасын атқаруда пендешілік әрекеттердің қылаң беріп қалатыны бар. Ырым-тыйымдар мен діннің шектеулері арасындағы тепе-теңдікті сақтап келген халық бүгінде діннің қалауларына көбірек иек арта бастады. Осы ретте жаназа мәселесі де бірізділікке түсіруді қажет етіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бұл мақсатта бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Оған қоса басқарма «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын даярлап, онда құдайы ас беру тәртібі нақтыланған. Ондағы пәтуалар ысырапшылдыққа жол бермеуге негізделген. Бұған кейбір өңір халқы бойұсынса, кейбір өңірлерде құдайы астың ас мәзірі тойға жайылғандай.

Бас имам

былай деді

Осы мәселеге орай біз ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы Болатбек Әбуовке жолығып, пікір алмастық.

– Соңғы жылдары қазақтың жаназа дастарханы тойдікінен кем түспейді. Тіпті адамдар жаназа дастарханын жасаудан жарысатын болған ба деп қаласың. Бұл мәселе бізді де алаңдатып отыр. Негізі жаназа байлықты көрсетуден жарыс түрінде емес, қарапайым болып өтуі керек.

Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» делінген. Олай болса, Аллаға ұнамайтын ысырапшылдықтан қашық болуымыз керек емес пе?! Шариғат бойынша қаралы үйден ас әзірлеу, дастархан жаю міндет емес. Мұндай жағдайда ол үйдің иелеріне туыстары немесе көршілері сырттан ас әзірлеп, көмектесу керек. Хадисте «…қазалы үйдің иелерін әурелемеңдер, олар онсыз да қайғыға ұшырап отыр, оларға ас әзірлеуде көмектесіңдер» деген. Марқұмның қырқын, жүзін, жылын беру сияқты садақалар дәстүрден туындаған. Оның өзі жағдайға қарай, марқұмның жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайынның көңіл айтып, дұға оқуына мүмкіндік жасау мақсатында іске асатын болған. Жыл басында басқарма жаназа дастарханына қойылатын тағам түрлерін жариялады. Қазір жүрген жерімізде, көпшілік арасында ұсыныстар айтып, түсіндіріп жатырмыз.

Бүгінгі таңда қай ел болмасын етек-жеңін жиып, қиындықтан шығу, ысырапқа жол бермеудің түрлі жолын қарастыруда. Ал біз әлі сол дархандық қалпымыздан шыға алмай жүрміз. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп Абай ақын айтқандай, қазіргі қоғамда белең алып отырған мәселенің бірі – жаназадағы түрлі жағдайлар. Ойлап қарасаңыз, бір шаңырақта кісі қайтса, әуелі құрбандыққа шалатын мал іздеп кетеміз. Жерлеу рәсіміндегі мәйітті жерлеуді кешіктіру сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет болып саналады. Сондықтан мәйітті барынша тез жерлеуге асыққан жөн. Кісі қайтқанда ең әуелі кірісетін ісіміз – мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу. Міне, артында қалған мұсылманның негізгі міндеті – осы. Өмір қандай ақиқат болса, өлім де хақ. Бақилық болған адамды мәңгілік мекеніне арулап шығарып салу – отбасының, ағайын-туыстың парызы.

Осы сауапты істе барынша жақсы сөздер айтып, ол адамның жақсы жағын еске алып, ертең осы сәт біздің де басымызға келерін естен шығармағанымыз абзал. Өлім мен қабірге қарап, ғибрат алуымыз керек. Кісі өлімін Алланың өзгелерге деген ескертуі деп ұғынуымыз қажет, – деді бас имам.

Адам бермесе,

банк береді

Бірақ оған құлақ асып, «бұл жөн екен-ау» деп тыңдай қоятын тұрғындар болса, қанекей… Өйткені ел арасында әлі болса бәсекелестік қалмай келеді. Расында да, біреудің кісісі өмірден өтіп, қайғы жамылып отырса да аста-төк дастархан жайып, марқұм үшін сауап жинауды емес, адамдар алдындағы мақтанды ойлаумен әлекпіз. Соның салдарынан бүгінде ысы­рапшылдыққа бой алдырдық. Қазір барлығы бәсеке болғаны рас. Біреу біреуден қалып бара жатса, қарызданып, қауғалану таңсық болмай қалды. Оған қоса соңғы кезде несие алып, жаназасын шығаратындары да кездесуде. Себебі «ажал айтып келмейді» деген бар. Ал төсек тартып жатқандарға үйі ақырындап дайындалуы мүмкін, әрине. Ал аяқ астынан болған қазаға қаражатты қайдан таба қойсын? Содан амал жоқ, қарыз алады. Оны адам бермесе, банк береді. Сонымен, мәселе шешіледі. Сөйтіп, жаназаның дас­тарханын жайнатып тастайды.

Десе де қимасы кетіп, қиналып отырғанда бәсекенің қажеті қанша? Асыл дінімізде ысырапшылдыққа жол берілмейді. Құран Кәрімнің «Исра» сүресінде «Ысырап қылу­шылар шайтанға туыс» делінген. Демек, аста-төк дастархан жайып, ысырапқа бой алдыру – құптарлық жағдай емес.

Түркияда бәрі басқаша…

Жалпы дін тақырыбы қозғалса, журналист ретінде Сыр елінің тумасы Тұрар Әбуовке хабарласатынымыз бар. Бүгінде ол Түркияда білім алуда.

– Қайтыс болған кісінің атынан ас беруді мұсылман шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды деп үнемі имамдарымыз ескертіп келеді. Егер жағдайы болмаса, отбасы марқұмның атынан ас бермесе, одан ол күнәһар болып қалмайды. Ал жағдайы болып жатса, елге тамақ таратудың сауапты іс екенін білеміз. Құдайы ас берілген жағдайда ысырапқа жол беріл­местен атқарылуы керек. Меніңше, мешіт имамдары ұсынған тізімдегі ас мәзірінің өзі көптік етеді. Мысалы, осы күні сары май, ірімшік, құрт секілді сүт өнімдерінің бағасы қымбат. Оған әркімнің шамасы жете бермеуі мүмкін.

Түркия халқы шариғат ұстануда көп­теген елге қарағанда көш ілгері деп білемін. Осы жақта жүргендіктен жақсы білемін. Мұнда марқұм болған кісінің артынан қырқы, жүзі, жылдық асы деген дүние жоқ. Тек жерленгеннен бірнеше күн өткеннен кейін отбасында немесе есік алдына шатыр құрып, ағайын-туысқа дастархан жайып, дұға етеді. Сондағы ас мәзірі кесе көлеміндей ыдысқа сорпа, кейін екінші тамақ ретінде қайнатылған күріштің жанына тауық етін немесе өзге де тағам дайындап аз-аздан таратады. Мұнан соң түрік пахлавасы мен бір стакан шайын ұсынады. Басқа ешнәрсе жоқ. Тіпті бұл елде тойдың өзінде де ысырапты көрмейсің. 

Негізінде ислам діні әу бастан ысырап­шылдықты қолдамайды. Ал біздің елімізде жаназа және одан кейінгі рәсімдерде ысы­рапшылдық мәселесі өткір болып тұр. Қазақстанның кейбір өңірлерінде бірізділікке түсіп келеді. Ал біздің Қызылорданың кей­бір аудандарында жерлеу рәсімінде әркелкі мәселелер бар секілді. Облыстың бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қызметке келгеннен бері осы мәселені үнемі айтып, бірізділікте болу керектігін ескертіп жүр. Алдағы уақытта осы бекітілген мәзірдің шегінен шықпауды халыққа түсіндіруіміз керек. Ысы­рапшылдық пен дара­қылықтың соңы жақ­­сылыққа апар­майды. Ас бер­­генде несие алып шашылудың қа­жеті де жоқ. Біз қаралы үй­дің қай­­ғысын жеңілде­­туіміз керек, – деді дінтанушы-са­рап­шы, Түркия мем­­лекеті Эрджиес уни­­вер­ситетінің док­торанты Т.Әбуов.

Ағайын күліп

кетпесе екен…

Адамның бәрі бірдей емес. Бірі жаназа дастарханының қарапайым болғанын құп көрсе, кей қалталыларға әлі де бәрібір.

Ал тұрғындардың бірі ысыраптың керегі жоқ екенін айтып, Құран оқытылса жетеді дейді.

– Ең бастысы, нан ауыз тиіп, қайғыға ортақтасу ғой. Бірақ көбі олай жасамайды. Қазір қымбатшылық қалтаны қағып тұрса да, қарызданып, дастарханға күш салып жатады. Осы күні халық Алладан емес, адамдан қорқатын болған ба деп ойлаймын. Неге десеңіз, «ағайын күліп кетеді» деген сияқты адамдардың әңгімелерінен қорқады. Ал Құран бағыштап, Алланың алдында амал жасау екінші орынға қойылады. Осыны біліп тұрса да, қателікке бой алдыратын жандар баршылық. Оны мойындауымыз керек. Бірақ осы мәселе жиі көтеріліп жүр. Мүм­кін, алдағы уа­­қытта жаназа дас­­­тар­ханына қарапайым­дылық жа­ғы­нан жаңа­ша өз­геріс енетін болар деген үмітіміз зор, – деген ойымен бөлісті қала тұрғыны Сәрсенай Итемірқызы.

Тілші түйіні:

Жаназа дастарханы барлықты, яғни дүниені көрсетіп мақтанатын кез емес. Ол – азалы да, қазалы жер. Мұнда қарапайымдылықты таныту болса, бір жағы ағыл-тегіл ысырапты тыю. «Алла разылығы мен әруаққа сауабы тисін» деген ниетпен емес, атақ-мансапты ойлап, «пәленшеден кем қалмайын» деп, байлығын көрсетіп, бірнеше ірі қара малды шалып, ат шаптырып, дүние шашу дұрыс емес. Марқұмдардың басына тым әшекейлі, ерекше күмбезді, биік те үлкен, елден оқшауланған мазар салу да ысырап.

Оған қоса тиын шашу, жыртыс жырту, шапан тарату да ысырапқа жатады. Кей жердерде бұған шектеу қойылғанымен, арасында мұндай таратуларға тоқтам болмай тұр.

Асылында, қайтыс болған адамға тиетіні – Құран дұғасы. Сол дұғаның дұрыс болуы жөн амал жасауымызға байланысты. Өмірдегі жалған мансапты ойласақ, дүние салған марқұмға сауап тимесі анық. Сондықтан жаназа дастарханында жарыс болмасын. Қарыздануды емес қарапайымдылықты, ел алдында мақтануды емес Алла алдында сауапты амал жинауды үйренсек, нұр үстіне нұр болары хақ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл өміршең екені мәлім, ағайын.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: