Жұма, 27 желтоқсан, 02:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа Үкіметтің адымы

22.01.2022

862 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында елдің алдағы бағыт-бағдарына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Осы жиында жаңа Үкіметті басқару үшін Әлихан Смайылов ұсынылды. Президент ұсынған кандидатты Мәжіліс бірауыздан қолдады. Сол күні түстен кейін жаңа үкіметтің құрамы бекітіліп, министрлер тағайындалды. Республика Президенті әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында ел үкіметіне бірқатар тапсырма берді. Президент тапсырмасын Үкімет қалай орындауда? Халықтың жағдайын жақсарту үшін қандай әрекет жасауда? Бүгін осы сұрақтардың төңірегінде сөз қозғайтын боламыз.

БАСТЫ МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттің бірі – халықтың табысын арттыру. Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келгенін баса айтты.

– Азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік көңіл-күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифр-лармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адамдар жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Бұл әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты әрі әрбір азаматқа бағ-дарланған болуы керек. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет. Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек. Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын қабылдады.

Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлаған ақпаратта Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары қабылданғаны айтылды.

Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген. Құжат азаматтар мен бизнес субъектілерінің қауіпсіздігі, оларды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тез арада тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шұғыл және қысқа мерзімді шараларды қамтиды.

– Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тиісті мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Жоспардың ІІМ-ге қатысты барлық тармақтары өте маңызды және олар сапалы әрі жедел орындалуы тиіс, – деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғалардың банктегі қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін кейінге шегерілгенін атап өтті. «Атамекен» ҰКП мародерліктен зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізімін жасады. Жаппай тәртіпсіздіктердің салдарын жою жөніндегі үкіметтік және өңірлік комиссиялар жұмысының қорытындылары бойынша келтірілген залалдың орнын толтыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден тиісті қаражат бөлінеді. Бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер

органдарының салықтық және кедендік тексерулері, сондай-ақ камералдық бақылау бойынша хабарламаларды беру уақытша тоқтатылады.

Мемлекет басшысының үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу тапсырылғанын айтқан болатынбыз.

– Біз үшін ең басты мақсат – ол халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама, бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыс тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланатын болады, – деді Үкімет басшысы.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде жалақы мөлшері мен жобаларға қатысу мерзімі ұлғаяды. Жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры мұқтаж балаларға заманауи және қымбат тұратын медициналық қызметтерді, дәрі-дәрмектерді алуға мүмкіндік береді. Премьер-Министр мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен өңірлердің әкімдеріне елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарының іс-шараларын жүзеге асыруды жеке бақылауға алуды тапсырды.

ИНФЛЯЦИЯ МЕН БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНА ЕРЕКШЕ МАҢЫЗ БЕРІЛІП ОТЫР

Қазақстан Президенті инфляция мәселесіне ерекше көңіл бөліп, бағаны тұрақтандыру міндетін қойған болатын. Сондай-ақ Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі міндет ретінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу екенін де назарға салды.

– Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді, – деді Қ.Тоқаев.

Ел үкіметі бұл мәселенің шешу жолдарын да қарастыруда. Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Әлихан Смайылов инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9%-дан желтоқсанда 8,4%-ға дейін төмендегенін жеткізді. Ол: «Бірақ бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр», – деген ойын жеткізді.

Үкімет басшысы азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

«Біз жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет», – деді Ә.Смайылов. Өңірлердің әкімдіктеріне үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейту, Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтау тапсырылды, бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қою тапсырылды. Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындау тапсырылды.

«Мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажет», – деді Ә.Смайылов. Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, көмір бағасын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін заңға сәйкес шаралар қабылдауды тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне толық жұмыс істемей тұрған немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг пен талдау жүргізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру тапсырылды. Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1 ақпанға дейін Үкіметке инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізу тапсырылды.

ҮКІМЕТ ҚАБЫЛДАҒАН ЖАҢА ҚАУЛЫ

Ел Президентінің ерекше назар аударған мәселесінің бірі утилизациялық алыммен байланысты. Мемлекет бас-шысы: «Кәсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «Оператор РОП» деп аталатын компанияның қызметіне

қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-ның утильдік алым жинаумен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек», – деп қадап айтты.

Primeminister.кz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдаған. Құжатқа сәйкес «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалды. «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің утилизациялық алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды. Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функцияларын мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ орындайтын болды.

Р.S. Қазір елдегі барлық мәселе Үкіметтің назарында екенін айта кеткен абзал. Премьер-Министрдің әрекетінен ішкі нарықты азық-түлікпен қамту, бағаны тұрақтандыру, сұйытылған газбен қамтамасыз ету, халықты індеттен сақтау бойынша бірқатар жұмыстың атқарылғанын көруге болады. Басқа аймақты сөз етпесек те Сыр өңіріндегі ахуалды жеткізгенді жөн көрдік. Сөзіміз дәлелді шығу үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың тұрақтандыру қорының жұмысымен танысқаннан кейінгі айтқанын негізге алдық. «Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті. Ең бастысы, бағасы келісіне 130 теңгені құрайтын ұнның 440 тоннасы резервте тұр. Одан басқа, айналым схемасы бойынша кәсіпкерлермен келісім негізінде 7 мың тонна ұн әкелінбек. 100 тоннадан қарақұмық, күріш, макарон өнімдері мен көкөністер сақтаулы. Көрші Түркістан облысымен келісім бар, жетіспейтін азық-түлік бойынша 122 кәсіпкердің тізімі жасақталды. Тапшылықты болдырмаймыз», – деді облыс әкімі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын мемлекеттік реттеуде облыста жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тұрақтандыру қоры толықтырылуда. Биылдың өзіне 1,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Қазіргі таңда өңірде азық-түлік қорында тапшылық жоқ. 34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеуде. Тұрақтандыру қорының қоймасында 1,5 мыңға жуық тонна өнім сақталып, төмен бағада сатылуда.

Бір сөзбен айтқанда, қазір барлық сала мен барлық аймақ Президент тапсырмасын орындауға көшкен.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: