Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік жылдарындағы «Қазақстан-2050» даму стратегиясын жүзеге асырудағы құқықтық реформалар

11.03.2022

716 0

Қазіргі уақыт – адамзат баласының әлемдік өркениеттің биік шыңына шығу үшін бар күш-жігерін жұмылдырған кезең. Өркениетке жету, мәдениеті қалыптасқан қуатты мемлекет құру – әрбір елдің ең басты мақсаты. Бұл мақсатқа жету үшін: біріншіден, елдегі әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарының заңмен қорғалуы тиіс; екіншіден, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс-тіршілігіне күш беретін қуатты экономикасы; үшіншіден, елдегі ішкі және сыртқы саяси тұрақтылықтың сақталуына, мемлекеттің дамып гүлденуіне және Конституция талаптарының орындалуына ықпал етуші кемеңгер көшбасшысы болуы тиіс. Ол көшбасшы қазіргі таңдағы мемлекет басшылары.

Мемлекет басшысының қызметі- бүкілхалықтық сайлау арқылы жүзеге асатын, халық тарапынан сенім білдірілетін, ең жоғарғы деңгейдегі мәртебелі қызмет. Халықтың көпшілік дауысымен сайланған тұлға мемлекет басқару құзырын өз қолына алады. Тиісінше, ол тұлғаға конституция талаптары бойынша мемлекет атынан өте маңызды шешімдер қабылдау үшін нақты басымдықтар мен өкілеттіктер беріледі. Мемлекет басшысы сол конституциялық өкілеттіктерді толық атқару және пайдалану мүмкіндігін иеленеді. Тиісінше, өзіне берілген өкілеттікті жүзеге асыра отырып, мемлекеттің көпжылдық даму стратегиясын айқындайды. Әрбір сала бойынша елдің әл-ауқатының артып, экономикалық тұрғыдан қарыштап дамуы, рухани тұрғыдан кемелденуі үшін маңызды реформалар жасауға құқылы.

550 жылдық тарихы бар Қазақ елі 1991 жылы Кеңес Үкіметі құрамынан бөлініп шығып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы болып тәуелсіз мемлекет ретінде қайта құрылды. Тәуелсіз Қазақстанның 1995 жылы жалпыхалықтық реферндум негізінде Конституциясы қабылданды. Мемлекеттің бас құжаты – Конституциямыздың 2 бабы: «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет», 1 баптың 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп жазылған. Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама штаттары мойындады, екінші болып алып мемлекет – Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Иран, Түркия, Оңтүстік Корея сияқты әлемнің салмақты елдері мойындап жатты. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.

ХХ ғасырдың соңында (1991) егемен ел ретінде өзінің мемлекеттігін жариялаған Қазақстан болашаққа қалай қадам басты? Көрші мемлекеттермен, сондай-ақ алыс-жақын шет елдермен қандай қарым-қатынаста болды? Сыртқы

саяси бағыттары мен ұстанымдары өз нәтижесін көрсетті ме? Елімізде тәуелсіздік алған 1991 жылы халықтың әлеуметтік ахуалы қандай еді? Қазіргі таңда қандай деңгейге көтерілді? Көп ұлттардан тұратын мемлекетіміздің ішкі тұтастығы мен сыртқы саяси-дипломатиялық қарым-қатынастары қалай өрбіді?

Тарихқа жүгінсек, қазақ халқының 550 жыл бойы қалыптасқан мәдени мұралары, әдет-ғұрыптары, салт дәстүрлері мен рәсімдері және жөн-жоралғылары құқықтық заң, бұлжымайтын ереже ретінде өмірлік қолданысқа айналған. Халықтың ізгі әдеттері құқықтық әдеп болып қалыптасып, ол құқықтық заңдылыққа, дәстүрге, санаға сіңіп салтқа ұласқан. Ұлттық салт-сана мен дәстүрлер құқықтық нормалар арқылы әлеуметтік әдеп – яғни құқықтық мәдениет болып қалыптасқан.

Дегенмен, жаңа қоғам талабына жауап беру үшін Қазақстан халықаралық стандарт талабын қанағаттандыратын ұстанымдарды басшылыққа алды. Мемлекеттің заң шығару жүйесінде озық деп танылған әлемдік тәжірибелерді қолданысқа енгізе отырып, сыртқы саяси-дипломатиялық байланыстарға қатты назар аударды. Ең алдымен көрші жатқан Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, секілді мемлекеттермен және алыс-жақын шет мемлекеттермен ынтымақтастық дипломатиялық қарым-қатынастарға түсті. Нәтижесінде:

– 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) құрамына енді.

– 1996 жылы құрылған «Шанхай бестігі» халықаралық ұйымға (Құрылтайшылар: Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан) мүшелікке кірді (Шанхай, 2002).

– 1997 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының №217(ІІІ) резолюциясымен 1948 жылы 10 желтоқсанда қабылданған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» талаптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Президенті жанынан 1997 жылдың 22 сәуірінде Адам құқықтары жөніндегі комиссия құрылды (Комиссия, 1997). Мақсаты – Адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу болып табылады.

– 1995 жылы 30 тамызда республикалық реферндум негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты баптар 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының талаптарымен үйлеседі. Демек, ҚР Конституциясында жазылған адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты мемлекеттің кепілдігі – бүкіләлемдік стандарт талаптарын қанағаттандырады деуге болады. Өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның алғашқы қадамы – заманауи демократиялық, құқықтық мемлекет құру болды. Құқықтық мемлекетте әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық ой-санасы бірге жетіледі. Құқықтық сана әрбір азаматты құқықты құрметтеуге, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға, қылмыс зардабын түсініп, оны жасамауға және екінші тұлғаның қылмыстық әрекетке бармауына ықпал етуге көмектеседі.

Денсаулық жағдайы бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылып та жатады. Кей елдердің Конституция талаптарына сәйкес президенттің сол лауазымға екі

рет сайлануына да құқық берілген. Сондықтан оның денсаулығы, қабілеті, біліктілігі мен өмірлік тәжірибесі мемлекеттің игілігі болып табылады.

Мемлекет басшысының мәртебесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға», ал 2-тармағында: «Республиканың Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі» – деп жазылған. Қазақстан Республикасын 28 жыл басқарып, жоғарыда келтірілген ауқымды тарихи оқиғалар мен маңызды шешімдердің жүзеге асуына тікелей ықпал еткені үшін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Конституциялық Кеңестің шешімімен «Елбасы» мәртебесі берілді.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы ҚР 1995 жылғы 29 желтоқсандағы №2737 Конституциялық заңының 2-бабында: «Конституциялық Кеңес жетi мүшеден, соның iшiнде Конституциялық Кеңестiң Төрағасынан тұрады. Бұған қоса Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады»– деп жазылған. Осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес, ҚР Тұңғыш Президенті 2019 жылдың 20 наурызынан бастап ҚР Конституциялық Кеңестің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңестің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Қазақстан тарихында тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылы ХХ ғасырдың еншісіне жазылды. Алғашқы онжылдықта әлем елдерімен саяаси-сауатты келіссөздер мен ымыралар жасаудың нәтижесінде еліміз ХХІ ғасырда өз орнын қалыптастыра білді. ХХІ ғасырдағы Қазақстан тәуелсіздігінің екінші және үшінші онжылдықтары мемлекетті жедел даму мен жаңа белеске шығарды.

ҚР Президентінің 2008 жылғы халыққа Жолдауында «Демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, біз одан әрі де саяси және мемлекеттік құрылыстың Қазақтандық моделін жетілдіру жолымен жүре беретін боламыз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз» деп дамудың Қазақстандық феномені белгіленген болатын.

Президенттің өз өкілеттігі кезеңінде өз конституциялық құқықтарын тиімді пайдалану арқылы мемлекеттің даму стратегиясын айқындап, дамып гүлденуіне күш-жігерін жұмсайтын болса жарқын болашаққа жол ашылады. Мемлекеттің жарқын болашағы үшін күш-жігерін жұмсаған мемлекет басшыларын әлем халықтары тарихтан танып біледі. Орта Азия елдерінің тарихында және әлем кеңістігінде мемлекет басшыларына қатысты орын алып жатқан түрлі оқиғалардың уақыт талабынан туындайтындығын түсінуіміз қажет. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бүгінгі таңға дейінгі аралықта мемлекет басшысының өз конституциялық құқықтары шегінде халықтың

сенімімен аянбай еңбек етуі және өз еркімен өкілеттігін тоқтатқаннан кейін конституциялық құқықтары аясында ғұмыр бойына Конституциялық Кеңестің мүшесі құрамына тағайындалуы демокртаиялық құқықтық мемлекеттің белгісін айқындайды.

А.Мадалиева,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының профессоры,заң ғылымдарының кандидаты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: