Жұма, 26 сәуiр, 19:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бірлігі берік елдің тірлігі түзу

20.11.2021

1692 0

Тәуелсіз Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде әлем алдында үлкен беделге ие. Бұл ұлтаралық татулығымызды айшықтап тұр. Бірлік – кеседегі су секілді, шайқай берсең бір тамшысы да қалмай шашылып төгіледі. Оны басынан өткерген елдер ғана біледі. Бауырмалдық қанымызда бар қасиет. Осы ізгі ілтипаттығымыздан болар қоныс аударып келген барлық ұлттарды жатсынбай жанымызға тартып, бір нанды бөліп бердік. Кеңес заманында аш жалаңаш жазықсыз жер аударылған жұртта есеп жоқ еді. Атарбамен апталап, тіптен айлап жол жүріп келген жанда қандай қажыр, қайрат болсын. Шаршап, шалдығып, ішерге ас, киерге киім таппай тарығып келгендерге танымаймын деп тіксінбей туыстық құшағын ашқан да осы қазақ. Уақыт өтті. Заман өзгерді. Ұрпақ ауысты. Есейіп ержетіп, еңбекпен жетілді. Бұл кешегі алмағайып заманда тұма тарихтың тақсіретін бастан өткерген жандардың жанжарасы болатын. Ол күнді құдай енді қайтіп көрсетпесін. Бұл – бүгінгідей бейбіт өмірдегі барша бауырлас елдердің ортақ тілегі.

– ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына қоныс тепкен этнос өкілдері Қазақстан мемлекетін тарихи Отаны санайды. Барлық өзге ұлт өкілдері қазаққа қарыздар. Менің әкем «Жер ауып келгендерді әр елді мекенге бөлгенде мүлік, азық қоры мүлде болмаған. Осындай кезде өзі асқа жарымай отырып, шиеттей бала-шағаның аузынан жырып, бір нанды бөлісіп жеді. Бұған дейін қазақ дегенді еміс-еміс естігеніміз болмаса, көз көрмеген ұлттық рухы мықты халық туралы бейхабар жандар мына жанашырлыққа жүрегі шыдамай, жанарларына жас алғанын көрдім. Жергілікті тұрғындар зорлықпен көшіп келгендерге қолынан келген көмегін аямады» деп айтып отыратын. Түрлі тағдырмен келгендер Қазақстаннан тұрақты мекен тапты. Қазақтар ешкімді жатсынбады, барлығын бауырына басты. Мен өзімді Қазақстанның байырғы тұрғынымын деп есептеймін. Бауырмал халқы, ел қорғаған батырлары мен дуалы ауыз билері бар қазақ елінде туып-өскенімді мақтан тұтамын. «Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» деген халық даналығы бар. Ырыс пен ынтымақ қылыштай өткір, гүлдей нәзік болып келеді. Оның қадірін түсірмей түсіну керек. Сонда ғана бағындырар биігіміз бәсеңдемейді, – дейді облыстық түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүльчин Ансерқызы.
Ауызбіршілік пен түсіністік үстемдік құрған жерде татулық тұрақтайды. Қазақстанда қалыптасқан халықтар достығы – мемлекетіміздің басты жетістігі. Оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Сыр өңірінде 30 этнос өкілі мен 11 этномәдени бірлестігі жемісті жұмыс атқаруда. Оған негіз болатындай облысымызда ынтымағы жарасқан ұлт өкілдері дәлел. Бұл тәуелсіз Қазақстанның ең қастерлі құндылығы, ажырамас асыл бөлігі.

Т.ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: