ҚР Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына инвестиция ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 365 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінде негізгі үлесті ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары қамтып отыр. Олардың есепті айдағы құны 345,76 млрд теңгеге ұлғайды және 6 000,6 млрд теңгені құрады. Олардың портфельдегі үлесі 43,94 пайыз болды», – делінген БЖЗҚ мәліметінде.
Шілде айында 364,9 млрд теңге сомасындағы БЖЗҚ зейнетақы активі ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алуға инвестиция ретінде бағытталды. Қарастырылып отырған кезеңде орташа алынған кірістілік жылдық 13,84 пайызды құрап отыр.
Зейнетақы активтері бойынша табыстылықты ұстап тұру мақсатында ҚР Ұлттық банкінің депозиттеріне инвестиция салынды. Келісімшарттардың орташа көлемі жылдық 13,21 пайыз деңгейіндегі орташа алынған кірістілікпен 254,53 млрд теңгені құрады.
Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2022 жылдан бастап есептелген инвестициялық табыс көлемі 519,54 млрд теңгені құрады. Жыл басынан салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 3,71% құрады. Бұл ретте 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылары үшін соңғы 12 айға (2021 жылғы тамыздан бастап 2022 жылғы шілдеге дейін) зейнетақы активтерінің кірістілігі 8,24 пайызды құрады.Есептік кезеңде валюталық портфельдің кірістілігін ұстап қалу мақсатында 65,32 млрд теңге сомасындағы қаражат шетел банкіне (DBS Bank LTD, Сингапур) орналастырылған. Бұл тұрғыда 2 ай өтеу мерзімі және жылдық 2,66% кірістілік ескерілген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!