Сәрсенбі, 24 сәуiр, 22:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ұлт тарихындағы қасіретті кезең

01.06.2021

4258 0

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні күллі қазақ елі сол кездегі солақай саясаттың кесірінен жазықсыз құрбан болған, отанынан жыраққа қудаланып кеткен жандарды еске алады. Қолдан жасалған нәубетті, көңілден өшпес қасіретті жылдарды еске алғанда қазақпын деген әрбір жанның жүрегі қан жылайды. Осы орайда қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеп, ақтап алу үшін еңбектеніп жүрген өңірдегі тарихшы, ғылым кандидаты – Айтжан Оразбақовпен сұхбаттастық.

– 31 мамыр. Сіз дәл осы күні нені ойлайсыз?

– Бұл күні мен тарихқа шолу жасап, Қазақстанның мемлекет болып дамуына өз үлесін қосқан азаматтарды еске түсіріп, еткен еңбектерін ой елегінен өткіземін. Олардың жете алмаған мақсаттарының орны бүгін толды ма, толтыру үшін қазіргі ұрпақ не істеп жатыр деген ой келеді.

– «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң 1993 жылы 14 сәуірде қа­былданды. Осы заң қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтауға қандай үлес қосуда?

– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналған өңірлік комиссияда қызмет етіп жүргендегі бір байқағаным – бізде әлі де «кеңестік», тота­ли­тарлық көзқарас бар екен. Қарапайым жұмыс­шы­лар, ату жазасына лайықты емес қылмыс­керлер немесе жала-жабылған жандар әлі де болса ақ­талмаған. Яғни 1993 қабылданған заң өз ісін толық іске асырған жоқ. Әлі де ақталмаған жан­дар бар, оларды ақтау үшін көп еңбектену керек.

– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақ­сатында құрылған өңірлік комиссия бүгінде өз жұмысын атқарып жатыр. Осы орайда сіз бұл комиссияның қызметіне қандай үлес қосып жүрсіз?

– Комиссия мүшесі ретінде қуғын-сүр­гіннің құрбаны болып, әлі де болса ақталмай жүргендерді анықтау үшін еңбектеніп жа­тырмыз. Бұл жерде біздің қолымызға «Қара­құм» көтерілісіне қатыс­қандардың, 1937-1938 жылдары репрессияға ұшырғандардың ісі тиіп жатыр. Одан бөлек, жала жабылып қуда­лауға ұшырағандар, «Түркістан» легионына қа­тысқандар мен Кеңес армиясы қа­тарынан Ұлы Отан соғысына аттанып, асыра сілтеушіліктің нәтижесінде қудалауға ұшы­рағандар бар. Міне, осы істердің барлығын қарап жатырмыз.

Бір ғана мысал, кейбір істерді қарап отырып, «Басқалар осыдан сабақ алсын, қорықсын» деген оймен жазықсыз адамды ату жазасына кескендерін байқауға бола­ды. 1943-1944 жылдары Солтүстік Кавказ халықтары көптеп қудаланды. Олардың көбісі «фашистерге қызмет етті» деген жаламен атылды. Бірақ ондай адамдар орыстардың, украиндар мен өзге де ұлттардың қатарында болды. Егер сат­қындарды қудалайтын болса, барлық «Кеңес үкіметі» халқын қудалау керек болар еді.

Мұндай істердің арасында қазақ азаматтарына да осындай жала жабылғаны байқалады. Мысалы, соғыс аяқталуға жақын, фашистердің жеңілетіні белгілі болған шақта, 1944 жылы төрт қазақ жігіті соғысқа аттанады. Соғыста жүрген кезінде оларға «немістерге көмектесті» деген айып тағылады. Бұл дегеніміз ақылға қонбайтын нәрсе. Соңында үшеуін 10-15 жылға, ал біреуін ату жазасына кескен. Ату жазасы солдаттардың көз алдында жасалған. Міне, осындай істерді ақтарып отырып жалған жала жабылып, өзгеге сабақ болсын деген оймен жасалған іс көп болғанын байқаймыз.

– Бүгінге дейін құрбандардың есімін жаңғырту, ақтау үшін тек өз ұрпақтары ғана еңбектенгені рас. Осы орайда бұл атқарылған жұмыстарға мемлекет пен тарихшылардың үлесі қандай?

– Қазір де айтып жатырмыз, бұған дейін де айтып жүрдік. Егер ақталмаған, жазықсыз құрбан болған ағайын-туыс­тарыңыз болса бізге хабарласса болады. Өз кезегінде біз ақтау комиссия мүшесі есебінде ол азаматтар туралы мәліметтерді архивтерден іздеп, егер ақтап алуға болатын болса істі зерттейміз.

Жалпы архивте қуғын-сүргінге ұшы­ра­ғандардың құжаттары бар. Олардың ішінде 1950 жылдары өздерін ақтау үшін немесе балалары әкімшілікке, про­ку­ра­тураға арыз жазған. Өкінішке орай, мұндай арыздар көп емес. Кейінгі жыл­дары мұндай арыздар мүлде жа­зылмаған деуге болады. Мен осы жұмыс барысында қаланың бір тұрғыны жазған арызды көрдім. Одан кейін, ондай арыз қатары сиреп кеткен.

Міне, сол себептен ұрпақтардың бізге көмегі керек болады. Себебі ол кісілердің өздері қайтыс болды. Сол үшін енді ұр­пақтары бізге хабарласса – зерттеу жұ­мыстарын жүргізу оңай болады.

– Қудалауға ұшыраған «Алаш арыс­­­тары» Қызылорда өңірінде болды дейді…

– Революциядан кейін Алаш зиялылары көбіне Семей, сол кездегі астана болған Қызылордада жинақтала бастады. Алматы астана атанған тұста біреулер көшті, ал бірсыпырасы осы өңірде қал­ды. Олардың барлығы, қазақ зиялылары, қазақ интел­легенциясы толығымен қудаланып кетті. Маған, кейде Сталиннің әкімшілігі «Кеңес үкіметіне бас көтеретін болса осы қазақтардан шығуы мүмкін» деп сескенді ме деген ой келеді…

Сол себептен қазақ халқының зиялыларын құртуды өздеріне мақсат еткен секілді. Себебі халық зиялысы болмаса оларды басқару оңай болады. Өзге ұлттарда көтерілістер болғанымен, Алаш зиялылары секілді үлкен бас көтеру, қарсы шығуларды ұйымдастырмады. Мұндай мақсат Лениннің кезінде де болған. Себебі 1917 жылғы Қазан революциясы кезінде ол Түркістан өңіріндегі билікке жергілікті ұлт азаматтарын жақындатпаған.

– Қуғын-сүргін құрбандарын ақ­тау мақсатында құрылған өңірлік комиссияның  өз қызметін бастаға­нына бір жыл уақыт болды. Бұл комиссияның маңыздылығы қандай және оның негізгі мақсатына жетуде қандай қиындықтар кездесуде?

– Комиссияның негізгі мақсатына жету, шынын айтқанда, өте қиын. Оған жету үшін әлі де болса көптеген мәлімет керек. Мәселен, біз Қызылордада атыл­­­ғандарды білеміз. Ал олардың нақты қай жерде атылғанын біз тек халық аузынан естідік. Ол істер қазіргі Арай, Қарауылтөбе мен Батыс шағын ау­да­нында жүзеге асқан. Одан бөлек, казактардың бейітінің жанында молдалар атылды деген әңгіме бар.

Ал архивтен осы мәліметтерді іздегенмен, ол туралы бірде-бір ақпарат жазылмаған. Атуды ұйымдастырған ко­манданың рапортын кездестірдік. Бірақ ол рапортта «А» бөліміне істің орын­далғандығы және қай жерде екені туралы ақпаратты өткіздік» деп қана жазылған. «А» бөлімінің құжаттарын табу мүмкін болмады.

Жоғарыда айтқандай, көптеген істерді анықтауға олардың ұрпақтары көп сеп­тігін тигізе алады. Кезінде белгілі журналист Мырқы Исаев Қызылордада 1000-нан астам адам атыл­­ған деп жазды. Біз істерді зерттеу ба­рысында тек 1938 жылдан бастап ату жазасына кесілгендердің ісін көрдік. Бұған дейінгілер жоқ.

Ал НКВД қызметкерлерінің жазған хатта­маларында «Барлық ақпаратты облысқа жібердік» деп қана жазған. Ол кездегі облыс орталығы Шымкент қаласы болып, барлық іс сол жаққа жіберілген. Соның нәтижесінде көптеген Сыр өңі­рінің азаматы сол Шымкентте атылып кеткендіктен істері сол жақта қалған. Егер оларды да қосатын болсақ, репрессияға ұшырағандар саны одан да көп болуы мүмкін.

1990 жылдары қудалауға ұшыраған­дардың тізімі газет беттеріне жа­рия­ланды. Одан бөлек НКВД-ның құ­жат­тары қазіргі ҰҚК архивінде де жоқ бо­лып шықты. Тек бір бланканы таптық. Оның ішінде қай кезде, қанша адам және қандай іс бойынша атылғаны туралы жазылған. Ол жерде істі жасырып қалу үшін «Харбин ісі», «Поляк ісі», «Иран ісі» делінген. Бұл құжат бір айға, 25 қыр­күйек пен 1 қараша аралығындағы мерзімге толтырылған. Міне, осы 35-36 күн ішінде, нақты есімде жоқ, шамамен 150-170 адамға іс қозғалып, 120 адамның ату жазасына кесілгені есімде қалды. Сонда бір облыста бір айда осынша адам атылған, олардың көбісі жапондар. Де­ген­мен оның ішінде қазақ та, орыс пен украин да кездеседі. Сол тізімде қазіргі Қорқыт ата университетінде жұмыс істе­ген корей ұлтының азаматы да болған.

– Жалпы осы қудалауға ұшыраған­дарды анықтап-ақтауда тарихшы ре­тінде қандай үлес қосып жүрсіз?

– Комиссия мүшелігінде жүріп көпте­ген істі зерттедім. Қуғынға ұшыраған жандарды ақтау мақсатында ұсыныс хат жаздым. Бір ғана мысал, осы істерді жазғанда орысша өте сауатты жазылған. Ал бұл өз кезегінде тергеушіге өзі бас­таған істі соңына дейін жеткізуге көп көмек тигізген. Қалай дерсіз?

Тергеуші істі орысша жазып, қол қой­дыруға барған кезінде айыпталушы ол тілді түсінбейді. Одан бөлек, хаттамада тергеудің қай кезде аяқталғаны жазыла­ды. Сол арқылы айыпталушыны түнгі уақытқа дейін ұстағаны белгілі болып отыр.

Құжаттар арасында тергеушінің өзі де сотталып кеткені туралы ақпарат кездестірдік. Оған қызметін асыра пайда­лануы себеп болған. Ол істі жүргізген кезде айыпталушыны тергеп, кейін хат­таманы өз бөлмесіне барып, мән-мағынасын өзгертіп жазған.

Одан бөлек, бір қазақ азаматына жүр­гізілген тергеу туралы құжатты көрдім. Оның ішінде «Кеңес әскеріне оқ аттым», «Партизандарға қарсы соғыстым» деген ешкім дәлелдей алмайтын, ақталу мүмкін емес жазалар тағылған. Ал бір қызығы, ол азамат бұған дейінгі өзін жазықсыз деп айтқан хаттамалардағы қолтаңбасында құйрықшаны жоғарыға, ал ақталу мүмкін болмайтын хатта­маларда төменге қарай қайырған. Мүм­кін осы арқылы бір белгі бергісі келді ма екен деп ойлаймын?..

Міне, осыларды зерттеу арқылы сол кезде асыра сілтеушілік көп болғанын байқаймыз. Бұған дейін Арал ауданының азаматтарын ақтауға өтініш жаздым. Өйткені олар айдауға ұшырайтындай іс жасамаған. Бар айыбы – облыстан келген өкілді ұрғаны. Себебі олар халыққа етті көбірек тапсырып, жоспарды орындау туралы бұйрық берген. Ал олар өз кезегінде бұған қарсы шығып, халық аш қалатынын айтқан.

Қысқасы, бізде қазір жұмыс өте көп. Іздеушісі қалмаған қанша азамат бар. Солардың барлығын қолдан келгенше ақтап алу керек.

– Қазіргі өскелең ұрпақ қуғын-сүргін туралы айтқанда қалай қабылдайды?

– Студенттерге бұл туралы айтқанда көбіне таңғалады. Олар мұндай жауыз­дыққа қалай бара­тынын, жазықсыз адамды қалай жазалауға болатынын түсінбейді. Себебі олар қазіргі өз ойын ашық айта алатын, ақиқат пен шындық бар заманда өсіп-өнді. Сол себептен қазіргі жастарға бұл туралы көбірек айту керек. Олар оның маңызын түсініп, келешекте мұндай деңгейге жетпес үшін тарихты білу керек.

– Риясыз әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: