Дүйсенбі, 06 мамыр, 20:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Телефон психикалық бұзылысқа жетелей ме?

22.08.2023

326 0

Қазіргі заманды ғаламторсыз елестете алмайсыз. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген бар. «Заманына қарай адамы» деген тағы бар. Мектеп баласынан бастап зейнеткерге дейін ермек еткен әлеуметтік желі бүгінде әлем-жәлем боп барады. Қаржыға кенеліп, байып жатқандарға бәрібір. Кейбіреулер осы жерден нан тауып, өзіне керек мәселені шешіп те жатқан болар. Алайда осы парақшаға телмірсең, тиімді ақпаратты лезде алғанмен, ішінде көңілге қонымсыз өсек-аяңдар, дақпырт әңгіме, елді дүрліктіретін жалған ақпарат өріп жүр. Әлеуметтік желі әдебі дегенге пысқырып қарап жатқан ешкім жоқ. Ауыздарына не келсе соны айтады, ойына келгенін жазып, жарияға жар салып жатады. Ал біздің заманымызда басқаша тәрбие болды. «Сөздің де сұрауы бар. Бейбастақ сөйлеме» деген тыйым көріп жетілдік.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров өзінің «Facebook» парақшасында «Әлеуметтік желі Кодексі» қажет екенін айтып, мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда желінің жоғары деңгейдегі мәдениетін қалыптастырудың маңыз­дылығы артқан. Өйткені кейбір жағдайларда әлеуметтік желідегі жеке басқа қатысты сын-пікір адам өліміне дейін әкеп соқтыруы мүмкін.

«Менің ойымша, әлеуметтік желіде өзін-өзі ұстаудың этикасы болуы керек. Желінің жоғары деңгейдегі мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Оның басты аспектісі адамның жеке басына қол сұқпау, адамның ар-ожданын ардақтау. Біріншіден, сын жеке басқа мінсіз болуы керек. Екіншіден, сынның жебесі қоғамдық маңызы зор, халқымыздың рухани әлеміне қатысты терең проблемаға арналған болуы керек. Үшіншіден, үкі­меттің іс-әрекетін талқылаған кезде жеке басқа тиіспеу аксиома болуы керек. Төртіншіден, әлеуметтік желі мен адамның жеке өмірі бір-біріне қатысы жоқ, араласпайтын екі әлем. Бесіншіден, әр адамда жеке өзінің рухани, мәдени, адами цензурасы болуға  тиіс. Алтыншыдан,  әлеуметтік желі рухани әлемі терең, мәдениеті жоғары, адамгершілік қасиеті мол адамдардың ортасы болуы керек», –  дейді.

Шынында, әлеуметтік желіде де әдеп болуы керек. Қазіргі кездегі тәлім-тәрбие осы ғаламтор арқылы насихатталып жатыр. Себебі  қоғамда әлеуметтік желінің салмағы басым.

Белгілі дәрігер Сапар Рахменшеев те әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны  туралы маман ретінде сараптап жазған.

«Технология біздің психикалық денсаулығымызға қалай әсер етеді? Біздің айналамызды гаджет, әлеуметтік желі және инновациялық құрал қоршаған. Тіпті күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған.

Мысалы ұялы телефонның қолданыс аясы өзінің байланыс орнату шегінен асып, өмірдің барлық саласында қолданылуда. Атап айтсақ, жақын адамдармен кезігуімізге, соңғы жаңалықты білуімізге, жаңа таныстық немесе бұрынғы танысты, достарды, жақындарды табуға, жеке өмірімізде болып жатқан жаңалықпен бөлісуге пайдасы зор. Алайда телефонды үнемі пайдалану – стресс, мазасыздық пен  аурудың көзі. Атап айтсақ, телефонды үздіксіз пайдалану ұйқысыздыққа әкеліп, еске сақтау қабілетін бұзып, жүрек ауруы, қатерлі ісік сырқатына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Әлеуметтік медианың біздің психикамызға әсер ететіндігін дәлелдейтін тағы бір мысал келтірейін. Әлеуметтік желі адам өміріндегі жетістігімен бөлісуге, фотосуретін жариялауға мүмкіндік берді. Алайда өзімізді басқа адам­ның өмірімен, жетістігімен салыстыру, өзін-өзі бағалау құндылығын жойып, депрессия тудырады. Әлеуметтік желі­де нақты ақпарат көп жарияланбайтындықтан басқамен өзіңізді салыстыру қате.

Бірақ технологияның пайдалы жағын да ұмытпайық. Кей­бір қосымша мен онлайн ресурс стресс, мазасыздықты жеңуге көмектеседі. Мысалы, медитация қосымшасы релаксация мен шиеленісті жеңілдету үшін арнайы жаттығу мен кеңес ұсынады. Осы қосымша адамның психикалық күйін өздігінен басқарудың пайдалы құралы.

Технологияны қолдану емделушіге  қалай пайдалы екенін тәжірибемнен байқадым. Мысалы, менің науқасымның бірі адамнан оқшауланып, әлеуметтік фобиядан зардап шекті. Біз бейнеқоңырау арқылы онлайн терапияны қолдана бастадық.  Қорытындысында ол қорқынышын біртін­деп жеңіп, басқалармен қарым-қатынасы жақсарды.

Сондықтан технологияның пайдасы мен зияны қатар жүретінін, тепе-теңдікті тауып, оны қалыпты пайдалану керектігін білген маңызды. Технологияны қолдану кезінде өзін-өзі бақылау және сенімділік бізді зиянды, жағымсыз әсерден қорғайды. Технологияны үздіксіз қолданудың ағзамызға тигізер әсерін білдіңіз бе? Өз ойларыңызбен бөлісіңіз! Деніңіз сау болсын! Өзіңізге қамқорлық жасаңыз!» деп түйеді ойын.

Мамандар да, жеке адамдар да бәрімізге ортақ әлеуметтік желі кеңістігінде әдеп қағидасын сақтаса, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп ойына келген әдепсіз дүниені жалпақ жұртқа жайып салып, қоғамдағы адамның абыройын түсірмесе дейміз. Себебі әлеуметтік желінің әлегіне түсіп жүргендер қатары көбеймесе азаяр емес. Соның бәріне нүкте қоятын уақыт келген сияқты. Ол заң аясында ғана шешімін таппақ.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА                         

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: