Кейінгі жылдары климаттық өзгеріс, әсіресе ұзаққа созылған қуаңшылық салдарынан оңтүстік өңірлерде шегіртке саны айтарлықтай көбейді. Мұндай жағдай алдымен егіс алқаптарына зиян келтіріп, шаруаларды шығынға батыруда. Билік науқан сайын күрес шараларына миллиондаған теңге қаржы бөлгенімен, нәтиже көңіл көншітпей келеді. Мамандар зиянкестермен күрестің жаңа әдісін іздеу керек десе, шаруалар дезинфекцияны кешенді жүргізуді сұрап отыр.
Шегірткенің 270-тен астам түрі бар
Қызылордалық кәсіпкер Файзолла Қайруллаевтың егіс алқабы 10 жылдан астам шегірткеден зардап шегуде. Ол – жыл сайын республикалық және жергілікті БАҚ-та зиянкестермен күресті дамытуды насихаттап жүрген шаруалардың бірі.
– Бізде 1 400 гектар жер бар. Жылда соның бәрін үйірлі шегіртке отап өтеді. Көбіне Қостанай жақтардан келеді. Құжынаған шегірткеге қарапайым шаруаның еш қарсы амалы жоқ. Қолмен у шашқанымызбен одан келетін пайда аз. Оның үстіне шегірткенің көлемін болжап білмегесін қанша көлемге у себілетіні де белгісіз. Мысалы, өткен жылы мемлекет тарапынан дезинфекцияға бөлінген у жетпей қалды, – дейді Файзолла Қайруллаев.
Шаруаның айтуынша, алдымен өңірде қандай үйірлі шегіртке жүргенін анықтау керек. Себебі әр зиянкестің түріне қарай себілетін қарсы дәрілер әртүрлі.
– Өткен жылы егіс науқанының алғашқы кезеңінде сепкен удан еш әсер болмады. Кейін қосымша өзге дәріні араластырып сепкен уақытта ғана азайды. Сол аралықта өзім тұратын Арал ауданының барлық өңіріндегі алқаптарда шегіртке қаптады. Тек Жіңішкеқұм ауылының аумағында ғана ең аз шығын болған секілді. Егіні бар кәсіпкерлер алдымен шегірткенің түріне қарай шара қолданса деп ойлаймыз, – деп қосты кәсіпкер.

Шаруаларды шашетектен шығынға батырып отырған қандай зиянкес? Қазақстанда шегірткенің 270-тен астам түрі тіршілік етеді, олардың шамамен 25-30-ы ауыл шаруашылығы дақылдарына үлкен зиян келтіре алатын зиянкестер қатарына жатады. Соның ішінде ең үлкен қатер төндіретіндері – үйірлі шегірткелер, нақтырақ айтсақ, үш түрі: итальян шегірткесі, азиялық көшпелі және марокко шегірткесі.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліметінше, өткен жылы жазда марокко шегірткесі Орталық Азияның барлық еліне қауіп төндірген. Ал итальян шегірткесіне қатысты жағдай аймақ елдерінің көпшілігінде күрделі. Азиялық көшпелі шегірткеге келер болсақ, оның Қазақстан аумағында тіршілік циклі мен өсіп-өнуі әлі де жалғасып жатыр.
Шегіртке неге көбейді?
Эколог-сарапшы, ғалым Қанат Ахметов шегірткенің көбеюіне бірнеше себеп барын айтады. Бастысы, климат өзгерісі екен.
– Шегіртке жұмыртқаларын (қалташа) топыраққа салып кетеді. Сол топырақтағы жұмыртқаларға көктемде қар суы, жазда жауын тимесе, жұмыртқадағы шегірткелер тірі қалып, шығып кетеді. Яғни, климаттың өзгеруі салдарынан қыста қар аз түссе, жазда жауын-шашын аз болса, шегіртке көбейеді деген сөз, – дейді ғалым.
Оның пайымдауынша, қуаңшылықтың екі-үш жыл қатарынан созылуы шегірткелердің жұмыртқаларының сол күйі сақталуына әсер етеді. Сондай-ақ климат әсерінен күннің күрт жылуы топырақ температурасын көтеріп, зиянкестерге жайлы орта қалыптастыруда.
Мұнай айтудағы себеп, шегірткенің жұмыртқаларына жайлы орта болса, одан дернәсілдер пайда болады. Олар ұша алмайды, ересек шегірткеге айналғанша жаяу жүреді. Бірақ тез тарала алмағанымымен, көбеюге қауқарлы және кейін қанат біткенде үйірлі шегірткеге қосыла алады. Дернәсілдер алдына кездескен өсімдіктің бәрін жеп кетеді. Енді шығып келе жатқан дәнді дақылдардың жапырақтарына дейін құртады, дақылдарды толық жояды.

Жалпы шегірткенің көбеюі климаттық өзгерісті одан әрі ушықтырмақ. Себебі жолындағы өсімдікті жайпаған зиянкестердің соңында тек құрғақ жер қалады. Ол кейін топырақтың эрозиясына әкеледі екен.
– Топырақ эрозиясы күшейді дегенше құмды боран белең алады дей беріңіз. Салдарынан ауа райы құбылып, эколгиялық зардап күшеюі ықтимал. Оның үстіне боран тұзды аймақтардағы тұздарды ұшырса, одан әрі зардабын тартамыз. Қазіргі жаһандық климаттың өзгеріс жағдайында кез келген әсер етуші факторға мұқият болған жөн, – деп толықтырды эколог-сарапшы Қанат Ахметов.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Нағима Түменбаева зиянкестердің алдын алуды ерте кезеңнен бастау қажет деген ұстанымға бекіп отыр. Сарапшының сөзінше, Қазақстанда кең тараған және егіс алқаптарына орасан зардап әкелетін үйірлі итальян шегірткесін де дернәсіл кезінен жою керек.
– Итальян шегірткелерінің дернәсілдері енді жұмыртқадан шыққаннан кейін 1 жасқа жеткенше қанаты болмайды. Сол кезде олар жол жиегіндегі арамшөптерге шоғырланады. Осыны ескерсек, жол жиегіндегі арамшөптерді химиялық өңдеу керек. Бұл шегірткелердің санын азайтуға, болашақ дезинфекция шараларының нәтижелі болуына көмектесер еді, – дейді Нағима Түменбаева.

Оған қоса күз айларында – тамыз-қыркүйекте агротехникалық шараларды қалдану қажет екен. Нағима Түменбаеваның зерттеуінше, осы кезеңде шегірткелер жұмыртқасын топырақ қабатына тастайды. Егер күзде жерді 25-30 см тереңдікте жыртса, шегіртке салған жұмыртқа капсулаларын механикалық түрде бұзуға болады немесе жер бетіне шығарып, құстар мен суыққа жем етеді.
Әрине, мәселенің негізгі өзегі қуаңшылықта жатыр. Шегірткелер құрғақшылыққа өте төзімді. Керісінше, қуаңшылық кезінде олардың табиғи жаулары саналатын зең аурулары мен жәндіктер ылғал жетіспегендіктен жойылып кетеді. Бұл шегірткенің кедергісіз көбеюіне жол ашады. Кейін қуаңшылықтан өсімдік азайған сайын шегірткелер азық іздеп бір жерге жиналады. Тығыздық артқанда оларда «үйірлі фаза» іске қосылып, олар өте агрессивті әрі алысқа ұшатын күйге ауысады.
Шегірткемен күрес тәсілдері тиімді ме?
Шегірткенің таралу аумағы 2022 жылдан бастап ұлғайып, 2024 жылы ең жоғары деңгейге жеткен болатын. Тек өткен жылы жағдай қалыпқа келе бастады. Биыл үкімет шегірткеге қарсы 2,2 млн гектар жерді өңдеуді жоспарлап отыр.
Осы орайда «шегірткемен күрес қалай жүреді?» деген сұрақ туындайтыны анық. Қазір көбіне шегіртке қарсы екі түрлі у қолданылады. Бірі – биологиялық, екіншісі – химиялық. Қос амалдың тиімділігі мен зиянына қатысты ғалымдардың көзқарасы әрқиыл.
Мысалы, ғалым Қанат Ахметов химиялық пестицидтерді қолдану кезінде абай болу керек деп санайды. Өйткені бұл у бунақденелі жәндіктердің бәріне әсер етеді. Дезинфекциялаудың кезінде экожүйені сақтауға көмектесетін қоңыз, көбелек, аралар да қырылуы мүмкін әрі жәндіктердің қоректену тізбегі бұзалады.
Сол себепті дезинфекция кезінде тек шегірткелерді тежейтін биологиялық әдіс жақсы.
– Биологиялық пистицид ең тиімді деп айтар едім. Өйткені ол тек турақанаттыларға (шегірткелерге -ред.) ғана әсер етеді, өзге жәндіктерге келтіретін зияны аз. Мұны түсіну үшін биологиялық пистицидтерді әзірлеу технологиясын қарау маңызды. Бүгінде мұндай уларды саңырауқұлақшалардан немесе бактериялардан жасайды. Мысалы, ғалымдар ауырған шегірткенің үстінен ауру туғызған саңырауқұлақшаларды немесе бактерияларды алады, кейін алынған биоматериалдар жасанды жолмен көбейтіліп, оны пистицидке айналдарады. Айтып өткеніміздей, көбіне мұндай тәсілмен әзірленген у тек турақанаттыларға ғана әсер етеді. Бастысы, шегірткелердің шоғырланған жерін, олардың түрін, маусым жайын ескеру керек, – деді ол.

Маман біздегі пистицидтердің тиімділігі сынға алды. Болжамынша, ел аумағында қоланылып келген пистицидтердің жасалу технологиясы ескі. Қазір әлемде шегірткелерді 100 пайыз жоятын пистицидтер бар, соларды импорттау өзекті.
Сонымен қатар шегірткемен күресте халықтық әдістер де кең қолданылып келеді.
– Әкем 45 жыл агроном болып қызмет істеді. Әкемнің жанынан қалмай, шегірткемен күресін бақылап өстім. Кеңес кезеңінде егін көп салынды, Павлодар облысы да қалыс қалмады. Сонда байқағаным, шегірткелердің дернәсіл кезінде, әлі қанаттанбаған шағында шегіртке жүретін жолдарға ұзын ор қазатындық. Кейін ол орға от қойып, түскен шегірткелерден құтылып отырдық. Бұл – халықтық әдіс. Қазір де осы тәсілді қолдануға болады, – дейді Қанат Ахметов.
«Химиялық әдістен бас тарту мүмкін емес»
Алайда билік химиялық та, биологиялық та удың түрін қатар қолданып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбековтың сөзінше, бұл қадамнан бас тарту әзір мүмкін емес.
– Қазақстандық ғылыми ұйымдар шегірткеге қарсы биологиялық әдістерді, оның ішінде биологиялық препараттарды қолдану бағыттарын зерттеуде. Алайда қазіргі кезеңде химиялық әдістерден толық бас тарту мүмкін емес, себебі жаппай таралу қаупі туындаған жағдайда ең тиімді құрал саналады, – дейді комитет төрағасы.
Оның пайымынша, екі әдістің де тиімділігі бар, дегенмен химиялық пистицидтерден нәтиже жоғары.
– Қолданылатын пестицидтер ҚР-да мемлекеттік тіркеуден өткен және химиялық пестицидтердің биологиялық тиімділігі кем дегенде 95%, ал биологиялық пестицидтердің биологиялық тиімділігі кем дегенде 85% болуы керек.
«Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына сәйкес, пестицидтердің әкелінуіне, сақталуына, сатылуына және қолданылуына бақылауды аумақтық инспекциялар заңнамаға сәйкес жүзеге асырады, – дейді Сәкен Қаныбеков.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сенсек, биыл шегірткеге қарсы күрес шарасына республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Химиялық өңдеу жұмыстарына 532 бүрку техникасын тарту жоспарланған, оның ішінде 407 жерүсті бүріккіш, 24 аса жеңіл авиация құралы, 22 жеңіл авиация, 43 ұшқышсыз авиация, 36 аэрозоль генераторы бар.
Қызығы, шегірткенің түріне қарай қаржыландыру көзі нақтыланады екен. Министрліктің редакцияға берген жауабына сүйенсек, ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қаржыландыруды өзара бөліседі. Мәселен, үйірлі шегіртке тектестерге қарсы іс-шара республикалық бюджет есебінен, ал саяқ шегіртке тектестерге қарсы күрес жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылатын көрінеді.
Ал 2025 жылдан бастап шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары бойынша пестицидтерді жеткізу, сақтау, тасымалдау және қолдануды қамтитын бірыңғай қызметі енгізіліпті. Қазір аталған қызметті заңды тұлғалар орындайды. Мемлекеттік орган тапсырыс беруші ретінде тек оның орындалуын және сапасын бақылаумен шектелетін көрінеді.
Ескеретін жайт, зиянкестер уақыт өте уға бейімделе алады. Нағима Түменбаев зиянкестердің химиялық заттарға үйреніп кетуі ғылыми дәлелденген факт екенін алға тартуда.
– Бейімделу механизмі анық. Егер шаруалар жыл сайын бір ғана препаратты (мысалы, тек «Лямда-цигалотрин» әсер етуші заты) қолдана берсе, шегірткелердің популяциясында сол уға төзімді даралар аман қалады. Олар келесі ұрпаққа «төзімділік генін» береді.
Мәселенің шешім бар. Резистенттілікті (бейімделу қабілеті ред.) болдырмау үшін әртүрлі химиялық топтағы препараттарды кезектестіріп отыру (ротация) және жәндіктің ішкі ағзасын зақымдайтын биологиялық агенттерді қосу қажет, – деп түйіндеді сарапшы.
Жаңа технология жолы
Мамандар шегірткелердің тұрағын, түрін зерттеуге ерекше көңіл бөлу қажет деп санайды. Көбі мониторингті қолданбалы білім ретінде биолог мамандарғы жүктеуді ұсынып келеді.
Биология ғылымдарының докторы Құмет Байбусенов мониторинг үшін жаңа технологияларды (дрондар, спутниктер) қолданудың маңызын ерекше атады.
– Шегірткелермен күресте уақыт – ең басты фактор. Жаңа технологиялар бұл күрестің сапасын түбегейлі өзгертеді.
Біріншіден, спутниктік мониторинг (NDVI индексі) керек. Жерсеріктері арқылы өсімдік жамылғысының жай-күйін бақылауға болады. Шегірткелер шоғырланған жерде өсімдік тез азаяды, осы «дақтарды» спутник арқылы анықтап, мамандарды дәл сол нүктеге жіберуге болады, – дейді Құмет Байбусенов.
Ғалым екінші әдіс ретінде дрондар пайдалануды ұсынды. Ұшқышсыз аппараттар адам мен техника бара алмайтын қиын жерлерді, яғни қалың қамыс, таулы аймақты суретке түсіріп, зиянкестердің тығыздығын анықтайды. Сонымен қатар, дрондар ультратөмен көлемді бүрку (УНВ) арқылы химиялық препараттарды өте дәл сеуіп, пестицид шығынын 30-50%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік беруі ықтимал.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде зиянкестеріне қарсы күрес маусымына дайындық аясында ұшқышсыз ұшу аппараттары паркін әзірлеу жұмыстары толық аяқталған.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізетін «Фитосанитариялық қауіпсіздік және болжамдар әдістемелік орталығының» техникалық паркі айтарлықтай кеңейді. Мәселен, былтыр орталық 2024 жылдың соңында сатып алынған 7 дронды пайдаланса, 2025 жылдың желтоқсанында қосымша 50 құрылғы сатып алған.
Осылайша, қадағалау барысында 57 ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану маусымға дайындық деңгейін айтарлықтай арттырып, фитосанитариялық қауіптерге тиімді әрі жедел әрекет етуге жол ашпақ.
Аймақтар дайындығы және халықаралық келісім
Қазір егін науқаны қызып тұр. Жер-жерде шегірткелердің ошақтары анықталып, химиялық және биологиялық өңдеу жұмысы қарқын алуда. Мысалы, Алматы облысында – 1,8 млн гектар, Жетісу облысында – 133,4 мың, Атырау облысында – 114 мың гектар, Батыс Қазақстан облысында – 455 мың гектар жер өңделмек. Ал жыл сайын шегірткеден ең көп зардап шегетін өңір – Қызылорда облысында да жұмыс қарқынды. Мұнда биыл зиялық шегірткеге қарсы 33 350 гектар, италиялық прусқа қарсы 31 830 гектар, саяқ шегірткеге қарсы 55 540 гектар жер өңделеді.
Оған қоса Өзбекстан, Ресей, Қытай секілді шекаралас елдермен шекаралас аумақтарда шегірткелердің көшуін бақылау бойынша бірлескен мониторинг және зерттеу жұмыстары жүргілетін болды. Әсіресе Ресей және Өзбекстанмен шекаралас аймақтарда «буферлік зоналар» құрылмақ.
Биология ғылымдарының докторы Құмет Байбусеновтың пікірінше, әр елдің мамандары шекараның екі жағында бірдей бақылау жүргізуі шарт.
– Синхронды өңдеу керек. Егер шегіртке шекараның арғы бетінде болса, біздің жақтағы жұмыс нәтижесіз болады. Сондықтан, бір уақытта химиялық өңдеу жүргізу – трансшекаралық көші-қонды тоқтатудың жалғыз жолы. Қазір бұл жұмыстарды үйлестіру деңгейі жоғары, ақпарат алмасудың арқасында «тосыннан шабуыл жасау» қаупі азайды. Алайда, техникалық стандарттар мен препараттарды біріздендіру бойынша әлі де жетілдіретін тұстар бар, – дейді сарапшы.
P.S. Қазір Қазақстанда шегірткеден зардап шеккен шаруаларға өтемеқы төлеу жүйесі жоқ. Мұны Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков те растап отыр. Шаруалардың басым дені мұны табиғи залал деп қабылдап, мәселені көтеруге құлық танытпайды. Тек басты қалауы – дер кезінде дезинфекциялау шарасының жүргізілуі.
– Қазіргі уақытта шегірткеден зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлеу тетігі қарастырылмаған. Алайда, шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес химиялық өңдеу бюджет қаражаты есебінен ұйымдастырылып, алдын алу сипатында жүзеге асырылады. Дегенмен, зиянкестердің таралуының алдын алу мақсатында қорғаныш шаралары толық көлемде жүргізілуде. Соңғы жылдары шегіртке тектес зиянкестерден залал шеккен шаруалардан шағымдар түспеді, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!