Жұма, 17 мамыр, 17:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Азық-түлік нарығы: тапшылық пен қымбатшылық

09.07.2022

975 0

Қымбатшылық – нарықтағы ең өзекті мәселе. Баға жылдан-жылға қымбаттай беретінін, бағаны тізгіндеудің бір ғана жолы өзімізде өнім өндірумен байланысты екені айтылып та, жазылып та келеді. Алайда халықтың қалтасына салмақ салған қымбатшылық жайы күн сайын айтылғанмен, өзгерген ешнәрсе жоқ. Әзірге өзімізде өндірейік деген ынта байқалмайды. Бүгінде «өзімізде жоқтың» зардабын тартып жатырмыз.

Бүгінде азық-түлік тапшылығы мен бағаның өсуі елдегі азық-түлік нарығында сезіле бастады. Әзірге құзырлы орындар елде азық-түлік қоры жеткілікті екенін айтқанмен, кейбір сарапшылар азық-түлік секторындағы гиперинфляция мен азық-түлік тауар түрлерінің айтар­лықтай азаятынын болжауда. «Азық-түлік мәселесі бүкіл әлем бойынша күрделі. БҰҰ жанындағы дүниежүзілік азық-түлік ұйымының мәліметі бойынша, биыл бүкіл әлем­де азық-түлік бағасының рекордтық және бұған дейін бол­маған өсуі байқалады. Азық-түлік тапшылығы болады», – деп ауыл шаруашылығы министрлігі өкілі биылғы жыл­дың мамыр айында мәлімдеген еді. Шынында, әлемдік азық-түлік тапшылығына елдің қарсы тұрар дәрмені жоқ, себебі бүгінгі күнге дейін біз өзіміз өндіруді бір жолға қоя алмадық. Сол себепті де қымбат бағаға көнгеннен басқа амалымыз жоқ.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері азық-түлік тауарлары 17,9%-ке қымбаттаған. Қант бағасы 54,6%-ке, көкөністер 46%-ке, картоп 30,3%-ке, құс еті 28,8%-ке, жарма 25,5%-ке, ұн, күнбағыс майы 22%-ке қымбаттаған. Үкімет бағаны ұстап тұру үшін қанша шара қабылдағанымен, баға бағынбайтынын күн сайын дәлелдеп келеді. Тағы да сандарды сөйлетсек, бір жыл ішінде қызылша 70,8%, күнбағыс майы 52,7%, сәбіз 47,6%, қант 30,8%, қарақұмық 26,8%, картоп 24,7%, жұмыртқа 23%, қой еті 15,1% – ке қымбаттаған.

Наурыз айында ауыл шаруашылығы министрлігі елде азық-түлік қоры жет­кілікті екенін мәлімдеген еді.  «Елімізде барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры бар, оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон-21,3 мың тонна және бір миллион тонна көкөніс өнімдері және тағы басқа. Жарма, ұн, консервілер және басқа да тауарлар өндіру үшін шикізат жеткілікті, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өн­діру үшін мал басы жеткілікті», – деген еді ведомство өкілі. Елде азық-түлік қоры жеткілікті дегенге қарамастан, бүгінде қант тап­шылығы сезіле бастады және бағасы 50 процентке дейін қымбаттады.

Енді Ресей астықты экс­порттауға тыйым салды. Бұл да бізге әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі.

«Қалай болғанда да, біз біртұтас экономи­калық кеңістікте екенімізді бәріміз жақсы түсінеміз. Көрші елдердің жағдайының нашар­лауы бізге әсер етеді. Бұл ет нарығына қалай әсер етеді? Мұнда бірнеше фактор болуы мүмкін. Біріншіден, Ресейге байланысты болатын астық бағасы. Бүгін біз Ресейдің ЕАЭО елдеріне астық жеткізуге уақытша тыйым салғаны туралы жаңалықты естідік. Әрине, бұл еттің өзіндік құнына әсер етеді. Еттің өзіндік құнының 70%-і – жем», – дейді Қазақстанның Ет одағының атқарушы директоры Асқар Жұбатыров.

«Energyprom» агенттігінің хабарлауынша, көкөніс сегментінде 20%-ке дейін тапшылық бай­қалады. Қызанақ, сәбіз, қырыққабат, қызылша әкелу керек. Күнбағыс пен май, сондай-ақ ет сегментінде бұл мөлшер жеткіліксіз. Кейбір сала­лар тұрақты түрде қамтамасыз етілмеген. Атап айтқанда, шұжық өнімдерінің жергілікті өнді­рісінің үлесі тек 56,4%, ірімшік пен сүзбе – 56%, құс еті – 67,4%-ті құрайды. Мұның себебі – ши­кі­заттың болмауы. Мұнан өзге 2021 жылы кон­сервіленген балық пен уылдырық (54,9% – 2,4 мың тоннаға дейін),  балық (17,4% – 10,1 мың тоннаға дейін), қант (29,3% – 51,2 мың тоннаға дейін) өндірісі қысқарды. Бұл дүкен сөрелеріндегі кейбір таныс өнімдердің жоғала бастауына әсер етті. Сонымен қатар азық-түлік бағасының шарықтауы халықтың арзан баға іздеуіне мәжбүр етті. Соңғы кездері байқалғандай, шұжық, кон­сервідегі өнімдер мен тәттілер көлемі бұрын­ғыдан азайып кеткен. Жасыратыны жоқ, отандық өнім өндірушілер аталған өнімдерді өндіру сапасы жағынан Ресей, Беларусь елдерінен артта қалып келеді. Мұның үстіне аталған қос ел өз өнімдерін әзірге сыртқа шығаруға ықыласты емес, бір жағынан бағасы да қазақстандықтар үшін қалтаға қолайлы емес. Түрлі мәселелермен отандық өндіріс әлі де импортқа тәуелді және тәуелділік күн санап артып келеді. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, азық-түлік тапшылығы бүгінде әлемнің «басын қатырған» мәселе болып отыр. Сол себепті де азық-түлік нарығында әркім ойына келген бағаны қоюда.

Статистика «сөйлейді»

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы маусымда азық – түлік тауарларының бағасы өткен жылғы маусыммен салыстырғанда 19,2% -ке өсті, азық-түлік емес тауарларға-13,2%-ке, ақылы қызметтерге-9,2%-ке өсті.

Азық-түлік нарығында бағаның ең көп өсуі қантқа – 78,7%, қырыққабатқа – 72,4%,  пиязға – 69,3%-ке байқалды. Картоп бағасының 9,8%-ке төмендеуі байқалды.

Азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуі 2022 жылғы маусымда (2021 жылғы маусымға) 13,2%-ті құрады.

Баға деңгейі жеке пайдаланылатын тауар­ларға – 23%, жуу құралдары – 20,8%, тұрмыстық аспаптар – 19,7%, құрылыс материалдарына – 18,6%, жиһаз бен үй тұрмысындағы заттар – 18,2%, авто­мобильдер – 15,1%, ыдыс-аяқ – 13,9%-ға, тоқыма бұйымдары – 10,8%, фармацевтикалық өнім – 9%.

Бір жыл ішінде ақылы қызметтердің бағасы (2022 жылғы маусым 2021 жылғы маусымға) 9,2%  өсті.

Баға деңгейі қоғамдық тамақтану – 15,9%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 14,7%, санато­рийлерге – 13,7%, кешенді демалысты ұйымдасты­ру – 13,2%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарында – 12%, қонақ үйлер қызметі –5,7%-ке өсті. Жолаушылар көлігі қызметі – 4% -ке қымбаттады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласын­да тарифтер электр энергиясына 7,5%, қоқыс шығару­ға – 2%, тарату желілері арқылы тасымалдана­тын газға – 1,4%, ал орталықтан жылытуға-2,3%, ыстық су бағасы 0,9% арзандады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: