Дүйсенбі, 20 мамыр, 07:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Ұрының да «көкесі» бар

02.03.2024

515 0

Сурет: bleepingcomputer.com

Осыдан біраз жыл бұрын егістік алқаптарда шаруаның ақ-адал малын мылтықпен атып, қолды қылған ұрылар жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұрын-соңды өріске кеткен малын ара-тұра бір қарап келіп, көңілін жайлайтын малды азаматтардың бәрі атқа қонды. Атқа қонбағаны ақыға қолының ебі барларды жалдады. Сөйтіп, «Мал-жаның аман ба?» дейтін қазақта бір дүрбелең басталған болатын. «Бақсақ, бақа екен» демекші, сол дүрбелең әлі де тыйылмай тұр. Елді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған ұрылар темір торға бірі кетсе, бірі келіп, ерсілі-қарсылы «тірлікте». Елге белгілі қаламгер Қаныбек аға Әбдуовтің де басынан осындай бір оқиға өтіп, ұрымен бетпе-бет кездескен ол «Апырмай, тіпті істеген ісіне ұялмайды да екен» деп таңданғаны бар. Жасырып қайтейік, бұрын атқа мінетіндер өзге елден барымта жасап келіп, өз елін асырайтын еді… Бүгінгілер өздерін өздері тонап жатыр.

«Жыл басынан бері өңірде 22 мал ұрлығы тіркелді. Өткен жылмен са­лыстырғанда бұл көрсеткіш 4 пайыз­ға төмендеген. Әрине, құ­зырлы ор­гандар профилактикалық шаралар да жүргізілуде, бірақ жеке­леген ау­дандарда тыйылмай тұрғанын айта кету керек. Өткен жылы облысқа қарасты Сырдария ауданында мұндай қылмыс түрі 58 пайызға көтерілсе, Шиелі ауда­нында 5 пайызға артты. Әрине, мал иелері де қол қусырып қарап отырмау керек, әркім өздеріне тие­сілі малды сырғалау, таңба басу, чип тағу, падашылармен қамтамасыз ету тәрізді жұмыстар атқарылу керек. Осы жерде айта кетейік, егер де үй жануарларының қараусыз жүруі салдарынан жол-көлік оқи­ғасы болса, онда үй жануарының ие­лері жауапкершілікке тартылады. Ұрлық та, басқа да жағдайлар малды қараусыз қалдырудан болатынын ұмыт­пау керек. Мал ұрлығы дерек­терінде қорасынан алып кету жағ­дайлары аз, көпшілігі өрістен ке­теді. Бұл қылмыс түрі бойынша жеті жылдан он екі жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығының орынбасары Азат Абдуманов.

Әрине, мал ұрлығының басты се­бебі малды қараусыз қалдыру екені анық. Облыстық прокуратураның бастамасымен 2019 жылдан бастап «Заң керуені» акциясының аясында малды бағуға пада ұйымдастыру қолға алынып келеді.  Бұл – қолдағы төрт түлікті аман сақтаудың ең тиімді шешімі екенін алға тартады құзырлы орган өкілдері.

«Барлық аудан әкімдері мен ауыл әкімдеріне бұл бағытта тап­сырма берілген. Қазір қоғамдық жұмыс арқылы адам тартып, мал бағуға бағыттап, осы істі қолға алғандар көп. Сонан соң елді мекендердің кіре беріс және шыға беріс қақпаларына бейнебақылау ка­мералары орнатылып, қандай көлік кіріп-шыққанын, бей­мезгіл уақытта қандай күдікті көлік болғанын қарап отырады. Әрине, ашылмай қалған қылмыстар жоқ емес. Бірақ олардың көпшілігінде жоғалған мал бөтен ауылдан табылып жатады, кейде малдың өлі денесін даладан көріп, ит-құсқа жем болғанына көзі жетеді. Осындай жағдайда болмаса, басқа уақыттарда мал ұрлығы қылмысы ашылып жатыр. Өйткені халықтың маңдай тері – өзіне қимай отырған түлігінің өзгенің оңай олжасына ай­налуына жол беруге хақымыз жоқ», – дейді Азат Бауыржанұлы әңгіме арасында.

Барымташы ма, ұры ма?

Сыр еліндегі бір ауылда ба­рым­тамен айналысып, елін асы­раған 5-6 жігіт болыпты. Бірде сол жігіттер іргелес жатқан бір ауылдың малын айдап кеткен екен. Бірақ малдың егесі «қанға-қан, жанға-жан» деген сондай бір кекшіл адам көрінеді. Елге келген барымташыларға ауыл ақсақалы өкінішін білдіріп, ертеңгі күні кек­тенген мал егесі елді шабатынын айтады. Сонда жігіттер ойланбастан, ауыл сыртындағы төбенің басына отырып алып, әлгілерді күтіпті. Келген соң: «Малыңды ел емес, біз алдық. Алам десең, басым міне», – деп батырлық танытып, барлығы да сол жерде ел үшін басын бәйгеге тік­кен екен.

Барымташылар жайлы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» оқиға­сында да айтылады. Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесінде» де сөз болады. Оның қай-қайсысында да барымташы ұғымы барымталап келген малын халыққа бөліп беретін елдің перзенті екені көрсетіледі. Ал біз бүгінгі ұрыны барымташы деп айта аламыз ба? Мәселе осын­да. Қасқыр да өзі өмір сүретін ай­мақтың малына тимейді, елден ел асып барып, азығын тауып, жеп келеді. Бірақ ел арасында «екі аяқты қасқыр» атанып кеткен бүгінгі ұрылардан ондай қасиет таппайсыз. Олар басқасын айтпағанның өзінде, өз ауылының малына жаудай тиіп, қынадай қырып жатыр. Осы ретте айта кетейік, бойына қасқырдың қабілеті дарыған барымташы мен ұры – екеуі екі ұғым: бірі – елге,  бірі қарақан басына жұмыс істейді.

Абайлықтар

атқа қонып жүр

Қазір өріске малын айдап, ар­қаны кеңге сап жүретін кез емес. Бұған талай көз жеткізгенбіз, көз жеткізіп те келеміз. Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылының азаматтары сырттан келер «жаудың» сағын сындырып, олардан айласын асыруда алда келеді. Олар ұрылар іске кіріскен уақытта ауылдың шекарасын топ-топқа бөлініп, аралайды. Әрбір күні кезекшілікке қойылып, әр үйден бір-бір адамнан шықса, бір топқа төрт адамнан реттеліп, кірпік қақпай күзетіп жүргенін талай көргенбіз. «Бірлігі мықтыны жау алмайды» деген осы ғой… Ымыраға ұйысқаннан ұры да сырт айналып қашатыны анық.

Қоя алмаймын деп ойлап едім…

Сағдат (кейіпкердің есімі өзгер­ті­ліп алынды) мал ұрлығына байланысты екі мәрте темір тор­дың арғы жағында отырып келді. Әдепкісінде Абайдың «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, аз­дырар адам баласын» деген мыса­лы­ның кейіпкері болды. Тоңып секір­гендердің арасында тойып секіріп, қанағатты ұмытты. Ардан аттады, ұят тасада қалды. Алдымен ағайын-туғанның «Атқа мінесің ғой, қарай жүр» деп тапсырғандарына қол салды. Кейін маңайды ұры көзбен қарай жүріп, олжасын толтыра бастады.

«Бастапқыда осы бір-екі басты жұмсап, ауылда картадан тапқан қа­рыздарымды жапқым келді. Құмар ойынға бір кеткен соң артынан ілесе кеттім. Әр ойынға барардан бір күн бұрын 4-5 малдың етін өткізіп кіретінмін. Оңай олжаның берекесі болмайды екен. Қанша көп мал ұр­ласам да, бір жарқырағаным жоқ. Қарызым еселене берді. Картада алаңсыз белшеден берешек пайда болды. Амалсыз «Дәніккеннен құ­ныққан жаманның» бір мысалы болдық та қалдық. Құнығып кеттік. Әрине, жалғыз істемейсің, қасыңа өзің тәрізді малға икемі барларды ертіп аласың. Әдепкі кезде бір рет ауызданғаннан кейін олар орта жолда қалай қалады?! Ергісі келмесе, ана жаққа бірге ерте кететінімді айтамын. Амалсыз келіседі. Осылайша, топ болып ұсталдық. Бірақ мен өзімнен басқалары ұрлық іс екенін білмейді деп, бар кінәні өзім алып кеттім. Олай істемесем, топ болып ұзаққа кетуші едік. Олар маған және отбасыма көмектесіп тұрды. «Ат баспаймын деген жерін мың басады» дейді ғой, ендігәрі келмеспін дедім де жыл айналып қайта бардым. Одан шыққаннан кейін балаларым есейді, қыз тұрмысқа шығатын, ұл отау тігетін жасқа жетті. Оларды қарабет қылмайын дедім. Әрине, сүйекке түскен таңба екенін білемін. Бірақ кез келген құлаған адамның бір тұрып кетуіне хақы бар», – дейді Сағдат.

Адамнан айла аспаған

Мал ұрлығының тағы бірі – айғыр арқылы үйірімен айдап кету. Бәлкім, мұны ұрлық деп айтуға келмес. Әйтсе де ел аузындағы осы бір деректер шындыққа жанасатын тәрізді.  Ойымда қалған жолаушы қарттың айтқан әңгімесі еске түсіп отыр.

«Ондай айғырда ерекше бір қасиет бар. Иесіне әбден берілгендік деп айтар едім. Әйтпесе, кез келген айғыр дәл мұндай ерлік жасай алмайды. Оңтүстік өңірлерде бір мықты атсейіс болыпты. Сол уақыттарда оның атағы жер-жаһанға тарап жатты. Бірақ көз­бен көріп, қолмен ұстаған ешкім жоқ. Сондықтан «Ұсталмаған ұры емес» дегенді бір еске салып қояйық. Тек­тілігі төрден орын алатын осы жылқы малы жайлы әңгіме көп қой. Әлгі атсейістің керемет бір айғыры болыпты. Облыстан-облысқа атпен барады екен де, ер-тоқымын шешіп, жылқыны еркіне қоя береді екен. Өзі пойызбен үйіне қайтады. Барған жердің қашықтығына қарай 15-20 күннің шамасында айғыры бір үйір жылқыны айдап, үйіне келетін көрінеді. Бәлкім, аңыз дерсіз, мүм­кін, шындыққа жана­сар. Бірақ жылқы малында мұндай қасиеттің болатынына сенемін. Дәл осындай атсейіс Сыр топырағында да болды деп естігенмін», – деді жо­лаушы қарт үнсіз отырған маған «сендердің жерлестерің ғой» дегендей. Мен әңгіменің жалғасын тағатсыздана тостым.

«Сырда да талай мықтылар өт­кен. Қызылорданың батыс аймақта­ры­ның бірінде бір кісі оңтүстік облысқа айғыр сатады ғой. Мүсіні келіскен тәуір жылқыны көрсе қазақ тұра ала ма?! Дереу келіскен бағасына ала кеткен екен. Арада біршама күн өткен соң әлгі айғырды қосқан үйірі ізім-ғайым жоғалады. Айғырдың бұрынғы егесіне «егер айғыр үйі­рімен барса, айғырыңның қасына екі бас мал қосып алып қап, қалғанын беріп жібер» деп хабар жіберген екен амалсыздан. Ел аузынан әлгі кісілерді әлі де бар деп естимін. Бірақ нақты дерегім жоқ. Бір білетінім, ондай айғырды кішкентайынан тәрбиелеп, осылай қалыптастырады. Оған уақыт жыл­дап жұмсалуы мүмкін», – деді ақсақал.

Тарихқа көз жүгіртсек, ешқан­дай бай барымташыны ұстап бер­меген. Өйткені, оның артында бір әділдік тұратын еді… Ал бүгінгілердің ісінде әділдік те, қасқырға тән қасиет те жоқ. Тіпті бүгінгі ұрылардың да «көкесі» бар деп естиміз. Талқы таразысы сізде, құрметті оқырман!

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: