Айкен Баймаханова, зейнеткер:
– Жақсыны жасырмай айтқан абзал. Қызылорда қаласы қарқынды дамып келеді. Біз осыған қуанамыз. Дарияның сол жағалауында жаңа қала салынып жатқанын балаларым айтып, риза болып отыр. Маған балалардың қуанышынан артық қандай бақыт бар. Жастардың болашағы үшін жасалған әрбір іс бізге қуат сыйлайды. Аман болыңдар, айналайындар. Немерелермен қыдырып баратын әдемі әсем жерлер жеткілікті. Ел ағаларына аналық алғыстан басқа айтарым жоқ.
Раш Алтынбекова, қала тұрғыны:
– Жасыратыны жоқ, жасалған жұмыстың жемісін жұртшылық көріп те келеді. Дегенмен мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Алда әлі алуан істер күтіп тұр. Сабалақ саяжайына жол, көлік мәселесі шешілсе, Астана шағын ауданына балабақша салынса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір барлық балалар телефонға таңулы. Сондықтан оларды сабақтан тыс уақытта мәдени-спорттық шараларға көптеп баулыған дұрыс болады. Сонда ғана межелі мақсат-мұратымызға жетеміз.
Мөлдір Айтбай, жас ақын:
– Туған өлкеміздің өсіп өркендеп жатқаны жанымызға шуақ сыйлайды. Салтанат көшіндегі Сыр елі бұдан да биік белестерді бағындыра бермек. Қалада қоғамдық көлік мәселесі ретке келтірілсе, жастардың жұмыссыздық деңгейі азайса деген тілегім бар. «Қаламгерлер» алеясы мен «Сыр ана» монументі маңайы абаттандырылса, көктемде көптеп ағаш көшеттері отырғызылса жастардың жиі бас құрайтын рухани орнына айналмақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!