Бүгін Қызылордада №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановты еске алу іс-шарасы өтті. Бірнеше жыл Сыр өңірін басқарып, аймақтың дамуына зор үлес қосқан ел азаматының атындағы білім ордасында С.Шаухамановтың ескерткіш-мүсініне тағзым гүлі қойылып, тарихи қоғамдық музейдің жұмысы таныстырылды.
Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, медицина саласының құрметті ардагері Тұрғанбай Маханов, Сейілбек Шаухамановтың жұбайы Жұпаркүл Сматова мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы Сейілбек Шаухаманұлының дара еңбек жолы мен өңір дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, тау тұлғаның аты халық жадында мәңгілік жаңғыратынын жеткізді.
– «Тау алыстаған сайын биіктейді» деген тағылымы мол тәмсіл бар. Бар өмірін Сыр бойының өркендеуіне арнап, әділеттіліктің, адалдық пен туралықтың, кемелдіктің, кемеңгерліктің үлгісін көрсеткен үлкен парасат иесі Сейілбек Шаухаманұлы осы сөзге дәлел бола білді. Ол – туған жері Сыр өңірінің дамуы, гүлденіп, көркеюі үшін барын салды. Сейілбек ағамыздың елге сіңірген қажырлы еңбегін, еселі қызметін көріп, қалың Сыр жұртшылығы «Шаршамайтын Шаухаманов» атап кеткен еді. Бұл – халықтың берген шынайы бағасы.
Ұлт жанашыры, Сырдың абыз ақсақалы атанған Сейілбек Шаухамановтың рухына қандай құрмет көрсетсек те бәрі жарасымды. Көрнекті қайраткерге Сыр жұртшылығы атынан бүгінгі жасаған тағзым ниетіміз қабыл болсын!, – деді облыс әкімі.
Қайраткердің үзеңгілес жолдасы болған медицина саласының құрметті ардагері Тұрғанбай Маханов пен Сейілбек Шаухаманұлының жұбайы Жұпаркүл Сматова оның жоғары адами қасиеттері мен өнегелі өмірінен сыр шертті.
Сыр жұртшылығы атынан мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың ескерткіш-мүсініне облыс әкімінің тағзым гүлі қойылды.
Іс-шара соңында жиналған жұрт Сейілбек Шаухаманұлының еңбек жолы мен өмірлік ұстанымын дәріптейтін тарихи қоғамдық музейінің жұмысымен танысты. Музейде ардагердің жеке құжаттары мен жазбалары, жинақ ретінде шығарған кітаптары мен өзге де құнды жәдігерлер сақтаулы тұр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!