Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Covid-19 Солтүстік Кореяға да жетті

14.05.2022

805 0

Солтүстік Кореяның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары ел ішінде коронавирус індеті тарағанын хабарлады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бүгінгі күнде 350 мыңнан астам адамнан белгісіз вирус анықталып, 6 адам Covid-19 індетінен қайтыс болған. Бұл «оқшау­ланған» және тұрмысы төмен елге үлкен қауіп төндіріп тұр. Індеттің таралуы туралы CNN арна­сының тілшілері Гавон Бэ және Хелен Риган «Қауіпті вирустық кезеңде» Солтүстік Корея коронавирустан көз жұмғандар бар екенін хабар­лады» атты мақаласында жазды.

Вирустан көз жұмғандар туралы хабарландыру елде коронавирустың алғашқы жағдайы туындаға­нын мәлімдегеннен кейінгі тәулікте айтылды. Солтүстік Корея бұл індетті «ауыр ұлттық төтенше жағдай» деп атады.

«KCNA» атты мемлекеттік БАҚ бейсенбіде ел ішінде 18 мың коронавирус жұқтырғандар анықтал­ғанын және оның ішінде 6 науқас көз жұмғанын хабарлады. Көз жұмғандар коронавирустың омикрон штамын жұқтырған деген болжам бар. Дегенмен Солтүстік Корея кей адамдардың басқа аурудан көз жұмуы мүмкін екенін, дағдарыс әсерінен тестілеу мүмкіндігі қиындағанын алға тартуда.

«Қайдан тарағанын әлі анықтау мүмкін болмаған вирус ел ішінде сәуір айының соңынан бері таралды. Бүгінгі күннің өзінде вирус жұқтырған 187 800-ге жуық адам оқшауланған», − деп жазды мемлекеттік басылым.

Арна тілшісі Covid-19 вирусының таралуы Сол­­түстік Кореяны тығырыққа тіреуі мүмкін деп бол­жауда. Себебі елдегі медицина саласы қатты дамы­мағандықтан таралуы тез, емделуі қиын науқастарды аурудан айықтыру оңай болмайды. Оның үстіне Солтүстік Корея эпидемия кезінде вирусқа қарсы еш­бір вакцинаны сатып алмады.

Бұған дейін аталған ел коронавирустың тарал­мағанын алға тартып, елде вирус жұқтырғандар жоқ екенін айтқан болатын. Десе де күллі әлемді жаулаған вирустың 25 млн халқы бар елді айналып өткеніне көпшілік күмәнмен қараған еді.

«Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын бей­сенбіде төтенше жағдайлардың алдын алу штабына барып, індеттің таралуы елдің денсаулық сақтау жүйе­сінде «осал нүкте» бар екенін білдіретінін айтты», − деп жазды KCNA.

«Бұл қоғамдық денсаулық сақтау дағдарысын дереу қалпына келтіру үшін біздің партияның алдында тұрған ең маңызды және ең басты міндет», − деді Ким Чен Ын.

Көшбасшының штабқа сапарынан кейін ел ішін­дегі барлық қалалар жабылып, вирустың қандай да бір бел­гісі бар адамдарға жаппай оқшаулану бұйрығы берілген. Одан бөлек Қытай бейсенбіде Солтүстік Кореяға вируспен күресте көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

2020 жылдың қаңтарынан бастап Солтүстік Корея­­ның шекаралары Бейжіңмен саудаға әсер ет­кеніне қарамастан, вирустың таралуын болдырмау мақсатында жабылды. Ел мұндай қадамды өз халқын індеттен сақтау үшін жасаған еді.

Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь өткізген брифингте: «Көршілер және достар ретінде Қытай КХДР-ға індетпен күресуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», − деді. Сондай-ақ Қытай індетпен күресіп жатқандықтан елдің Ұлт­тық иммиграциялық басқармасы Солтүстік Корея­мен шектесетін Цзилинь провинциясын кеденде медициналық тексеруді күшейтуге шақырды.

Солтүстік Корея Covid-19 вакцинасының ғаламдық алмасуға бағытталған Covax бағдарламасына қатыс­қаны­мен  вирусқа қарсы вакцина алмаған. Ал ақпанда Covax Солтүстік Корея жеткізу қызметін ұйымдастыра алмағандықтан оларға бөлінген вакцина санын азайтқан еді.

Солтүстік Корея халқының көпшілігі вакцилан­баған, тестілеу мүмкіндігі шектеулі, медициналық инфра­­құрылымы әлсіз және сыртқы әлемнен оқшаулан­ғандықтан елдегі індет көп өлімге әкелуі мүмкін.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: