Бейсенбі, 25 сәуiр, 12:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Кәсіби актер болу үшін білім қажет»

04.05.2022

1249 0

Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының актері, “Мәдениет саласының үздігі” Ұғым Баймаханов:

Театр өнерінің шоқтығы биік. Онда сахналанған әрбір спектакль өмірдің жарқын бейнесі саналады. Актерлер сомдаған кез келген рөл белгілі бір оқиғаға негізделетін синкреттік туынды. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – «Мәдениет саласының үздігі», «Үздік актер» аталымынның иегері Ұғым Баймаханов. Театрда 25 жылдан бері табанды еңбек етіп, өнер көрсетіп келеді. Талай сахналаған дүниелері жоғары бағаға ие болып та жүр. Ұғым Санақұлымен сұхбат барысында театрдың бүгінгі жайы мен актерлер шеберлігі жайында жан-жақты  ой бөлістік.

– Ұғым Санақұлы, театрға қалай келдіңіз? Бұл салаға келу бала күнгі арманыңыз ба? Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ…

– Адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады ғой. Мен бала кезден өнерге жақын болдым. Бірақ түбегейлі осы менің мамандығым ғой деп нақты шешім қабылдамағанмын. Себебі біз, яғни менің замандастарым кеңес өкіметінің шетін көріп, сол кездегі идеологияны бойымызға сіңіріп өскен жас буын өкілдері едік. Ол уақыттағы білім сапасы, бүгінгімен салыстырғанда мүлдем басқа. Әр заманның өз данышпандары мен тұлғалары болады. Тарихты жасайтындар да солар. Бұл жерде менің айтайын дегенім, Отанды сүю, үлкенді құрметтеу, кішіге үлгі бола білу өмір талабы болатын. Сол кездегі тәрбиенің әсері болар, біз «Отан қорғаушымыз» деп өстік. Қазіргі театр және кино өнерінің ақсақал абызы Асанәлі Әшімов және басқа да кино майталмандары сомдаған кинолар өте әсерлі еді. 1995 жылы оқуға құжат тапсырып, өнер факультетінің хореография мамандығына түстім. Міне, осы уақыттан бастап, іс шараларға қатыса бастадым. Сол жылдары алғаш театр табалдырығын аттап, қызық әлемге еніп кеттім. Театр өнерінің өзіндік әлемі мені қызықтыра бастады.

– Кәсіби актер атанған сәтіңіздегі ең алғашқы рөлдеріңіз жайында айтып өтсеңіз…

– 1997 жылы осы қара шаңырақ, музыкалық драма театр статусын алып жатты. Жаңадан штаттар ашылып, жастарды қабылдап жатыр екен. Менде солармен бірге кордебалет мүшесі ретінде келіп, артынан артист болып шықтым ғой. Басында тек би билеп, массовкада жүрдім. Содан сол кездегі режиссер һәм директор Ерғали Оразымбетовтің көзіне түсіп, кішігірім рөл ала бастадым. Алғашында балалар спектаклінде түрлі бейнелер жасап жүрдім. Содан А.Чеховтын «Шие бауы» пьесасын сахналай бастағанда, марқұм Қазақстанның халық артисі Серік Шотықовпен Гаев рөлін сомдауға дублер болдым. Бұл менің алғашқы негізгі әрі басты рөлім болатын. Мен үшін бұл сәт бақытты әрі жауапты кез болды. Мен өзімді көрсететін және болашақта нақты менің мамандығым осы ғой деп өзіме есеп берген шағым дәл осы шақ болатын.

– Осы кезге дейін ойнаған рөлдеріңізге шолу жасап, өзіңізге қаншалықты жиі есеп бересіз?

– Әр адам өз-өзіне есеп береді. Дәл солай кез келген актер де өзі сомдаған рөлін міндетті түрде сараптайды. Кейде көңілің толып жатса, кейде керісінше «әттеген-ай» деп жататын тұстар да болады. Сырт көзге, яғни қарапайым көрерменге бәрі тамаша болуы мүмкін. Бірақ өзіңе және әріптестеріңе ол белгілі боп тұрады. Өйткені олар сенің мүмкіндігіңді біледі және соны күтеді. Жетпей жатқан кезде пікірін айтып тұрады. Ол дұрыс жайт. Жалпы мен сынды дұрыс қабылдаймын.

– Сіздің түсінігіңізде кәсіби актер болу үшін ең алдымен не қажет?

– Кәсіби актер болу үшін міндетті түрде білім қажет. Тума талант та болады. Бірақ бәрібір оған да білім қажет. Театр – синтез өнер. Сол себептен қоршаған ортаны білу және оны сезу үшін біліктілік пен қатар тәжірибе қажет. Егер көрерменді қызықтыра алмасаң олардан айырылып қаласың. Сондықтан бар күшің мен білімің көмекке келеді. Ал көрерменнің театр есігін қайта ашуына себепкер болу актерға, актер шеберлігіне байланысты.

– Қазіргі таңда қоғамда кино және театр сала­сына байланысты екіұшты пікір бар. Сіз­дің ойыңызша, театрға не жетіспейді?

– Кино кенже пайда болған өнер. Бірақ оның мүмкіндігі әлдеқайда үлкен. Техникалық мүмкіндігі жағынан, әрине, театрдан басым. Сол себептен оның бүгінгі таңда қарқынды дамуы заңдылық. Бірақ онда да ойнайтын актер. Яғни бұл екі өнер ордасы бір-бірімен байланысты. Тіпті мультфильмдегі жансыз бейнеге де жан бітіретін актер ғой. Ал театрға келетін болсақ, заман талабына сай алға ұмтылуда. Әрине, кинодағыдай мүмкіндік болмаса да бұрын-соңды болмаған шешімдер мен тәсілдер қарастырылуда. Оларды түрлі фестивальдерде көріп жүрміз. Заманауи технологияны пайдаланып, күрделі әрі қызықты дүниелер театр сахналарында көрсетілуде. Даму қажет. Өйткені қазіргі көрерменнің талғамы жоғары, әрі жан-жақты. Барлығы дамыған заманда театр қалыс қалмау керек. Сондықтан қазір жас, білікті, талантты  режиссерлар көптеп шығып жатыр. Сан түрлі қырынан көрініп өзіндік қолтаңбасы қалыптасуда. Драматургия саласы да бұрынғыдай емес, жазылу тәсілдері де басқаша. Актер ойыны да құбылысқа ұшырауда. Бұрын айқай көп болса қазіргі ойында шынайылық яғни қарапайым сөз саптау мәселелері алға тартылуда. Кей кезде сөздің де қажеті болмай, тек көзқарас пен іс қимыл арқылы тәуір дүниелерді көріп жүрміз.

– Сіз «Мұстафа Шоқай» спектаклінде Розенбергтің, «Абай» пьесасында Оразбайдың, Тахауи Ахтановтың «Ант» пьесасында Әбілқайыр хан рөлдерін шебер сомдап шықтыңыз. Қайсысы жаныңызға жақын болды?

– Актер үшін әрбір сомдаған рөлі қымбат. Оларды бөліп жармайды. Оны кез келген актер, актриса айтады. Өйткені рөл үшін аянбай еңбек етесің. Әрине, оң жамбасыңа келе бермейтін рөлдер де болады. Бірақ жоғарыда айтылған дүниелермен, яғни білім мен тәжірибе арқылы жеңіп шығасың. Енді Розенберг, Оразбай және Әбілқайыр образдарын мысалға алып отырсыз. Үшеуі де мүлдем бір-біріне ұқсамайтын бейне. Замандары да бөлек. Дей тұрғанмен Оразбай рөлі маған қымбаттырақ. Несімен екенін айтып түсіндірмей-ақ қояйын. Бірақ солай…

– Кімдерді ұстаз тұтасыз немесе шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

– Үлгі тұтатын ұстаздарым бар, әрине. Алғаш театрға келгендегі ағайлар мен апайларым. Олардың әрқайсысы бір мектеп болатын. Қазақстанның халық артисі  Райымбек Сейтметовтен де дәріс алып үлгердім. Театрда бірнеше жыл көркемдік жетекші болған режиссер Хұсейін Әмір-Темірдің мен үшін орны бөлек. Менің ізденуіме, білімімді толықтыруыма көп көмек берді. Қазақ-түрік университетінің өнер факультеті, оның ішінде театр және кино мамандығы бойынша білім алуымызға ықпал етті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеуге біліктілікті жетілдіру үшін оқуға жіберді. Бірнеше адам барып қайттық.

– Жасыратыны жоқ, театрға баратын көрермен аз. Бұл нені білдіреді?

– Театрға көрермен аз келеді деген пікір айтылып жүр. Оның себептері сан түрлі. Қазір жастар театрға барғаннан гөрі кафе, караоке, киноға барғанды ұнатады. Тіпті театрдың есігін де ашпағандар аз емес. Бірақ бір келсе, міндетті түрде қайта келетіні сөзсіз. Біздің қалада кішкентай қойылымдарды бірнеше қай­талап көргендер көп. Бірақ премьера болса, халық лық толы болатыны сөзсіз. Дегенмен тірі организм көз алдында өнер көрсетсе, оның қызықты болатыны сөзсіз. Қазір көрерменді тарту жолында түрлі шешімдер мен амал тәсілдер қарастырылуда және ол нәтижесін беруде.

– Еліміздің бірнеше театрларында қойы­лым қойғаныңызды білеміз. Сонымен қатар шет мемлекеттерге де шығып жүрсіз. Осы­лардың барлығын саралай келе қазіргі қазақ театр өнерінің бағыты жайлы не айтар едіңіз?

– Иә, Қазақстанның түкпір-түкпірінде және шет елдерде де қойылым қойдық. Менің түйгенім, қазақ театры кез келген елдің өнер ордасынан кем емес. Тіпті кей кездерде бір саты жоғары тұратын тұстары да байқалады.

– Қазақстанда театр өнері иелеріне қаншалықты жағдай жасалынып, мүмкіндіктер берілуде?

– Театр өнерінің майталмандары мүлдем қараусыз қалды деуден аулақпын. Қажетті жағдайда тиісті қолдау жасалуда. Бірақ бар театрларға бірдей көзқарас болса деген ойым бар.

– Сіздің ойыңызша, «заманауи спектакльдер» қандай болуы тиіс?

– Заманауи спектакль мынадай болуы шарт деп айту қиын. Ол талғамға байланысты. Бірақ кейде көрерменнің көңілінен шығамыз деп жүріп керісінше құлдырауға да кетіп қалуымыз мүмкін. Ең әуелі біз кім екенімізді ұмытпауымыз керек. Бұл басты нәрсе. Шет жерден көріп келген дүниені осы жаңалық деп жабыстыру қате ұғым. Жаңашылдықты қолдаймын. Одан қорықпау керек. Бірақ қандай ұлт, діңгегіміз қайда екенін жадымызда сақтап жаңашылдықпен қабыстыра білсек, тамаша болар еді деймін.

– Әдебиет, кино, театр – жан тазалығын сақтауға бағытталған өнер деп айты­лады. Осы өнер бүгінде қоғамды ізгілендіруге ықпал ете алып отыр ма?

– Әдебиет, кино, театр, бұл үш дүние адам үшін қажет, ол сөзсіз. Рухани мықты адам жетістікке жетеді. Бай болғанмен рухани осал болсаң онда сенің әлсіздігің.

– Көрермен сізді театр актері ретінде таниды. Көпшілік білмейтін басқа қандай қырыңыз бар?

– Әрбір адамның өзіндік хоббиі болады. Сахнадан бөлек, жаным қалайтын іспен айналысқанды қалаймын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақытты достармен өткіземін. Отбасыма бөлемін. Балық аулап, аңға шыққанды ұнатамын. Бильярд ойнап, бассейнге барып тұратын кездер де кездеседі. Спортқа көп көңіл бөлемін.

– Өнерсүйер қауымды жақында жаңа дүниелермен қуантар ойыңыз бар ма?

– Өзімнің жазған дүниелерім бар. Соның бірнешеуін сахналасам деген жоспарым бар. Оны алдағы уақытта көре аласыздар. 

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: