Сәрсенбі, 29 мамыр, 01:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42-2052
28.05.2024
PDF мұрағаты

Кеудесі күмбірлеген қазына

07.02.2023

715 0

Көнеден қалған әңгімені айтатын көнекөз қариялардың ел арасында әлі де бары көңіл қуантады. Біз әңгіме арқауы еткелі отырған Серікбай Ақылтаев ағамыз осындай көкірегі ояу, кеудесі шежіреге толы қарияның қатарынан. Өзі туып – өскен Айдарлы ауылының тарихы мен жер атауларын жақсы біледі. Менің де әке-шешем бір кезеңдері осы Айдарлы ауылының маңына егінін салып, төрт түлігін түлетіп, жаз жайлауы етіп қоныстанған екен. Осы ауылдың маңын­дағы «Ақдөң» деген жерде дүние есігін ашыппын. Сондықтан да болар «Айдарлы» ауылы десе, елең ете қаламын.

Сәті түсіп Серікбай ағамен әңгіме-дүкен құрдық. Бүгінде ол кісі қаладағы кенже баласының қолында тұрады. Бұл басқосуда алдымен ауылды әңгіме етті. Содан ағамыз өз өмірінен сыр шерте отырып, Айдарлы атауын арыдан ағытты.

– Айналайын, мен де жас кезімде бұрынғы көнекөз, үлкен кісілердің ауыз-екі айтқандарынан естігенімді, біл­генімді, есімде қалғанын айтайын. Негізі менің әкем Ақылтай осы ауылда алғаш Артель құрылған күннен бастап еңбек етіп, ауылдың іргесін қалаған кісілер қатарынан. Кейіннен Айдарлы колхозы болған жылдарда да ұзақ жыл шопан болды. Содан зейнетке шықты. Шопанның баласымын. Мына Жұмакүл жеңгең екеуміз әке таяғын жалғастырып шопан да болдық. Колхоздан кейін Жетікөл ауылдық кеңесінің құрамында Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдары енді. Біз ол кезде  Аманкелді совхозының бөлімшесі ретінде сол совхозға қарадық.

1974 жылы өз алдына Айдарлы совхозы болып құрылып, бізге алғаш Базархан Бейісов директор болып келді. Ол жігіт өте іскер азамат еді. Бірақ өмірден жастай кетті. Оның орнына Әбсәми Оразәлиев келді. Ол да өмір мектебінен өткен, іскер азамат болатын. Шаруашылық негізінде мүйізді ірі қара мен ақтылы қой өсірумен айналысты. Сөйтіп, ауылдың халқы өсіп-өніп, әлеуметтік-экономикалық дамуы артты. Кейіннен ауылда 50 жылға жуық көлік жүргізушісі болып жұмыс істедім. Еңбегім еленіп бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, талай значок-медаль­дарды кеудеме тақтым. Лениннің 100 жыл­дығы медалімен мара­патталдым. Адал еңбегімді ел бағалап, 1975 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің өкімімен  «Құрмет бел­гісі» орденінің иегері атандым. Бұл менің еңбектен тапқан бақытымның жемісі еді.

Өмірлік жарым Жұмакүл жеңгең екеуміз осы ауылда бірдей еңбек еттік. Бірнеше бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінгі күні солардан өрбіген немере-шөберенің рахатын көріп жатырмыз. Аллаға шүкір! Айналайын, саған енді бір нәрсе айтайын, осы қалаға келгелі ардагерлер қатарынан қалып қойдым. Қалалық ардагерлер ұйымы осы жағын ескерсе деймін, өзім бұрынғыдай шауып жүре алмаймын. Осы жағы шамалап жаныма батып жүр,–деп Серікбай ағамыз жабырқаулы күйін білдірді. Сәл үнсіздіктен кейін жақсы әңгіме жалғасын тапты.

– Жаңа сөз басында Айдарлы тарихын сұрап қалдың. Енді осыған байланысты білгенімді айтайын. Айдарлы ауылы негі­зінде Айдарлы әулиенің атымен атал­ған. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын осы аймақта Айдарлы деген әулие, көріпкел, емшілігі бар қасиетті кісі өмір сүрген. Менің алдымдағы үлкендерден естуім бойынша, ол кісі емші, балгер, бақсылығы бар адам болған көрінеді. Кең далада еркін өмір сүрген. Арабша сауаты болған деседі. Ол кісі анасынан туғанда кәдімгі ұзын айдармен дүниеге келіпті. Содан оның есімін айдармен туыл­ғасын Айдарлы деп атаған. Міне, ол кісінің кереметі. Бұл өмірде өте сирек кездесетін жағдай болса керек. Ол кісі қай жылдары өмірге келгенін ешкім білмейді. Бәлки, арабша ілім барлығына  қарағанда, Қожжан қожа бабамен бірге келді ме екен деп те ойлаймын. Ал біздің кезеңдердегі үлкендердің айтуынша, Қожжан қожа баба Асанас әулиенің арнайы  шақыруымен келген дейді бұл жерге. Асанас баба негізінде Құл Қожахметтің тікелей шәкірті болғанын үлкендерден естігем. Бұдан басқа да Айдарлы әулиемен қатар Қотыр әулие деген кісі болған. Айдарлы маңында «Қотыр» әулие деген жер атауы да бар. Ал ауыл жанында «Айдарлы» құмы бар. Ол құмның ерекшелігі сонда, оның төбесінде бір шөкім айдардай ғана өсіп тұрған қызыл жыңғыл болатын.  Содан да болар, жергілікті халық бұл құмды Айдарлы әулиенің есімімен байланыстырып атаған. Бүгінде оның айналасы үлкен қорымға айналған, – деді Сәкең.

Үлкендердің айтуынша, Айдарлы әу­лие­нің айтқаны дәл келетін болған де­се­ді.  Бірде осы аймаққа Бұқар хандығы шабуыл жасамақ болып, дайындалып жатқанын болжаған екен дегенде сөздер айтылады. Серікбай ағамыздан бұл оқиға жайында сұрадық: Кім біледі, әулиелік қасиеті болғасын, оны сезген де шығар. Сол кезеңдерде осы Анас қорғанысының қамалын күшейтуді сұрап, өзінің көрген түсін елге айтқан екен дейді. «–Еее, халқым, кеше түнде түс көрдім, түсімде жаман іс көрдім. Алла жамандықтың бетін аулақ етсін. Түсімде дүниенің астаң-кестеңін шығарып, су басып келеді екен. Бір алып жайын арынды сол сумен ағып келе жатып жолындағы көрінгенді жұтып, құйрығымен қағып айналасын жайпап, келеді. Шыққан жағы Бұқара секілді, су сылдырының үніне құлақ түрсем, өзбектің қошығы секілді дауыс шығарады. Сол кезде анау Сарықұмның үстінде жылап-еңіреп тұрған көп адамды көрдім. Олар көмек сұрап бізге қарай ағылып, жығылып-сүрініп келеді. Осы шақта қорғанысты ашып оларды ішке кіргізіп алдық. Оларға қарасам, мынау көршілес жатқан тік қалпақты Қара­қалпақ ағайындар сияқты. Дәл осы шақта біз жақтан Қаратау көтерілгендей қап-қара дәу бүркіт  саңқылдай аспанға қарай ұшты. Жиналған жұрт аспанға қарап тұр. Сол екі ортада күннің көзі жабылып, айнала қараңғыға айналғандай болды. Сәлден соң сыздықтай сәулеленіп айналаға жарық орнай кетті. Жұрт аспанға қолдарын көлегейлей қарап, жаңағы қыран бүркіттің дәуқара жайынды әкеліп, жерге тастай салғанын көргенде, жабыққан жұрт қуанып жатты. Міне, халқым осындай түс көрдім. Асанас әулиенің қара бүркіті бар деуші еді, бағанағы бүркіт сол болса керек. Ұл жоққа ұл, қызы жоққа қыз берерде тілек тілеген адамдардың түсіне осы қыран құс енсе, тілегін Алла қабыл етеді деуші еді.  Алла қолдап, жерімізді жау ала қоймас. Біздің азаматтардың әрқайсысы осы қыран бүркіттей ғой. Дегенмен бір сойқанның болары анық.  Не де болса да азаматтардың дайын болғаны дұрыс», –  деген екен. Айдарлы жерінде Жошыханның жорығының ізі қалған, Қоқан хандығы мен Бұқара хандығы ойран саламыз деп белдері бүгіліп қайтқан жер екені белгілі. Содан көпке ұзамай Бұқара хандығы қазақ жеріне шабуыл жасағанда Нұрет абыз бен Жалбыр батыр жаудың бетін қайтарыпты. Оның үстіне Қарақалпақ ханы Шорахан осы соғыста көмекке келген деседі. Міне, Айдарлы әулиенің үлкендерден мен естіген әңгіме желісі осылай еді, – деп Серікбай ағамыз терең бір тыныстап алды да алдында тұрған күрең шайды құныға жұтты. Бойы серги түсіп, қызықты әңгімені ұштастыра берді.

– Інім-ау, адамның жасы ұлғайған сайын көп нәрсені ұмыта бастайды екен. Көп нәрсені алдымыздағы ауылдың үлкендерінен естіп білдік қой. Соның кейбірі естен шыға бастапты. Мынау Асанас бекінісінің тұсында Жеті зауыт деген жер бар. Сол Жеті зауытқа кезінде жоңғарлар қайта-қайта  шабуыл жасап, қирата берген ғой. Соны сақтау мақсатында жанында Ақтөбе деген биік төбе тұрғызылған. Оны сол кездегі адамдар жаудан алдын-ала қорғану үшін қолмен көтерген деседі. Бүгінде ол төбе алыстан бірнеше шақырым жерден аппақ болып көрініп тұрады. Соған байланысты жергілікті жұрт оны «Ақтөбе» деп атаған. Оның себебі төбенің астында жасырын «Асанас» пен «Жеті зауытқа» кіретін ұзақ жол болған деседі. Бекініс адамдары төбеде күзетте тұрып жау­дың келе жатқаны жайлы төмендегі сар­баздарды құлақтандырып отырған. Олар сол жасырын жол арқылы бекініс ішіне хабарды жеткізген. Бұл да ауыл қарияларынан естіген әңгімем еді,–  деген Серікбай аға өзінің сәл болса да шаршап қалғандығын байқатты. Қанша дегенмен сексеннің төртеуіне келген қария ғой. Ол кісіге осындай қызықты әңгімесі үшін рахметімді айтып, сыртқа беттедім.

Иә, Айдарлы жайлы әңгімеге жаным рахаттанып, ой-қиялым әлемді шарлап, шабыттана үйге бет алдым.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: