Жұма, 29 наурыз, 13:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Олар мейірімге зәру…

03.05.2022

1015 0

Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған. Дегенмен ата-ананың аялы алақаны бәріне бірдей жете бермейтіні өкінішті. Сыр өңірінде өмірлік қиын жағдайға тап болған сәбилерге сая болатын мекеме бар. Бұл шаңырақ астына сан қилы тағдыр тоғысқан. Бірі шыр етіп дүниеге келген сәттен «тастанды» атанса, бірі – аузынан ана сүті кетпей жатып жетімдіктің кермек дәмін татқандар. Ал енді бірі – тіршілік-тұрмыс тауқыметінен бала-шағаға мойын бұруға шамасы келмей, уақытша осы жерге қалдыруға мәжбүр болғандардың балалары.

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының «облыстық мамандандырылған сәбилер үйі» мекемесі жан жылуына зәру бөбектерге қамқорлық көрсетуде. Бұл мекеме бір ғасырдан астам уақыттан бері мейірімге шөлдеген бала­ларды бауырына басып, қоғамға оңтайлы бейімделіп кетуіне барынша жағдай жасап келеді. Мекеменің бас дәрігері Гүлсім Ержанова мұндағы балақайлардың өмірі туралы кеңінен баяндап берді.

– Бұл жетім және ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған, некесіз жас анадан туған, сонымен қатар ақыл-ой, дене дамуында кінәрат кездесетін балаларға медициналық көмек көрсетіп, тәрбие беру­ге арналған денсаулық сақтау ме­ке­месі. Сондай-ақ біздің шаңырақ – тағ­дыр та­рауында тұрмыс теперішінен қара басын күйттеп кетсе де, бауыр еті баласын тастанды еткісі келмейтін жандарға зор мүмкіндік береді. Біз өмір дағдарысына ұшыраған осындай ата-ананың сәбиін 4 жасқа дейін бағып-қағып береміз. Олардың балаларымен кездесіп тұруына бар мүмкіндік жасалған. Себебі қамқорлығымыздағы әрбір баланың тағ­дырына бей-жай қарай алмаймыз. Десе де қара басын ойлап, уақытша деп тап­сыратын кей ата-ананың арасында сол күйі ат ізін салмай кететіндері де жоқ емес, – деді бас дәрігер.

Бір айта кетерлігі, мұнда кең жүректі, жанары мейірімге толы, өз ісіне адал берілген мамандар қызмет етеді. Кейбіреуін шарана кезінен бауырына басқан олар мұндағы әрбір бөбекті өз туған баласындай жақсы көріп, жанашырлық танытады. Бұл үшін үлкен жүрек керек. Өзгенікі деп өзекке теппей, талай жәутең көздің аяққа тұрып кетуіне ықпал еткен мұндай жандар қандай құрметке де лайық.

Мекеме бас дәрігерінің айтуынша, қазір мұнда 60-қа жуық тәрбиеленуші тұрақтауда. Тағдыр аямаған жәудір көздердің арасында  денсаулығының дімкәстігі барлары да жетер­лік. Оларға педиатр, невропатолог, лого­пед, педагог-психолог, реабилитолог, музыко­терапевт, еңбек терапевт, әлеуметтік қыз­меткер сынды мамандардан құралған арнайы мультидисциплинарлы топ емдік шара жүргізеді.

– Мен үшін балалар денсаулығы аса маңызды. Бізге дамуында кінәраты бар бүл­діршіндер өте көп түседі. Сондықтан соңғы үлгідегі емдеу құрылғылары мен әдістері туралы үнемі ізденіп жүремін. Балалар жылына орай мұнда «тұзды шахта» бөлмесі ашылды. Онда балалардағы бронх демікпесі, тыныс алу жолдарының со­зылмалы ауруларына ем жүргізіледі.  Сонымен қатар галотерапия, иммундық жүйені жақсарту, псориаз, аллергиялық дерматит, экзема және тері ауруларын емдейді. Балалардың жас ерекшеліктері бойынша тұз­ды шахтада галотерапиялық ем қабылдау уақыттары әртүрлі. Мәселен, 1-2 жас аралығындағы балалар үшін – 10 минут болса, 2-3 жас аралығындағы балалар үшін – 20 ми­нут. Ал 3 жастан бастап – 30 минут болмақ. Галотерапияның 1 курсы 10-12 сеансты құ­райды. Жылына 3-4 курсқа дейін алуға болады. Тұзды шахтаның сыйымдылығы 12 шаршы метр, яғни бір уақытта 5 балаға дейін ем алуға мүмкіндік бар. Бұл елімізде алғаш болып, біздің өңірде ашылғанын мақтанышпен айта аламын. Мекеме басшылығына келгелі, мемлекеттен бөлінген қаражаттан бөлек, демеушілер тартып, балалардың жатын, ас бөлме жиһаздарын жаңаладық. Сонымен қатар бейне бақылаудың санын арттырып, қадағалауды күшейттік. Осы тұсты пайдалана отырып, облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Сәбит Пазыловтың бұл мекемеге деген қамқорлығының ерекше екенін айта кеткім келеді. Айына кем дегенде екі-үш рет келіп, бүлдіршіндердің жағдайын біліп, көңілін аулап кетеді, – деді Гүлсім Естайқызы.

Бүгінде мұндағы тәрбиеленушінің бар­лығы үшін «әже» атанып кеткен Гүлсім Ержанова бала асырап алу ісіне де аса мұқияттылықпен қарайтынын айтты. Ортада бала тағдыры таразыға түсетіндіктен асырап алуға ниет білдірген ата-ананың әуелі отбасылық жағдайы, мінез-құлқы, денсаулық ахуалы барлығы жіті тексеріледі. Тіпті уақыт беріліп, баланың болашақ әке-шешесімен қарым-қатынасын, тіл табысу мүмкіншілігін бақылайды. Асырап алған күннің өзінде де бұл отбасы үнемі «Сәбилер үйімен» тығыз байланыста болуы міндеттелген. Бір қызығы, көбіне мұндай ата-аналар мен олардың қамқорлығына алған балалары бір-біріне өте ұқсас болып шығып жатады екен. Әрине, мұндай сәтке куә болсаң, ішің жылып сала беретіні анық. Ал ең қиыны, перзентханадан тура «Сәбилер үйіне» жол тартқан шақа­лақтар туралы естігенде бұл қуаныштың су сепкендей басылып қалатыны… Иә естіген құлақта жазық жоқ.

«Сәбилер үйіндегі» тәрбиленушілерге бар­лық жағдай жасалған. Тек олар ата-анасы мен туған бауырының жанында емес демесең,  киімі бүтін, тамағы тоқ. Сонымен қатар үнемі дәрігер бақылауында. Мұнда 2020 жылдан бастап, сенсорлык бөлме іске қосылған. Ол баланың жан-жақты дамуына, көңіл-күйіне әсер етеді. Мәселен, танымдық  түйсігін, есте сақтау, ойлау, қабілетін арт­тырады. Ойын арқылы көңіл-күйін көтеріп, сенсорлы дамуын (заттың түсі, кө­лемі, пішіні) ұғымын та­ныстыру ар­қылы жү­зеге асады. Ал құм терапиясы арқылы баланың жүйке тал­шықтарын оятып, ұсақ қол моторикасын да­мытады.

Сондай-ақ  М.Монтессори педагогикасы­ның негізінде «Еркін тәрбиелеу педагогикасын» құрып онда баланың өзін-өзі дамытуға ықпал жасауда. Ол ортаны жасақтаудың өзіндік жолы –  баланың психологиялық дамуын ескере отырып жабдықтау. Бұл әдістің ең басты қағидасы – «Өздігіммен жасауға маған көмектес!» Аталған бөлмеде қолдың ұсақ моторикасын дамытуға, сенсорлық қабілетін, зейінін, қабылдауын, танымдық және шығар­машылық қабілетін, тілін дамытуға, өз-өзіне қызмет көрсетуге үйретеді. Бала өз қателігін өзі көріп өзі жөндеуге тырысады.

Ата-ананың аялы алақаны – баланың бас­ты иммунитеті екені баршаға аян. Десе де құрсағын жарып шыққан баласын сәбилер үйіне өткізіп, шарасыз шарананың тағдырына көз жұма қарайтын безбүйрек жандар біздің қоғам­да әлі де баршылық. Өркениетке өкшесін тіреп тұрған еліміздегі жетімдердің осындай жай-күйі еріксіз қынжылтады. Атауын өз­герт­­кенімен, әлі де сол қамқорлыққа зәру қара­көздеріміз паналап отырған мекенге бас сұқ­қанда біз осыны ұғынып қайттық. Әсілі, шын бақыттың бағасын әлі де білмей жүрміз-ау…

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: