Дүйсенбі, 17 маусым, 15:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47-2057
15.06.2024
PDF мұрағаты

Қазақ отбасының құндылығы қандай?

03.10.2023

773 0

Бүгінгі қоғамда отбасы құндығылығы ең өзекті мәселеге айналған. Несін жасырамыз ажырасу, толық емес отбасының көбеюі, азаматтық неке, тұрмыстық зорлық зомбылық сынды жайттар белең алуда.

Отан отбасынан басталады десек, жұртымыз ұл өсіріп ел мен жердің иесін, қыз өсіріп бүтін ұлтты тәрбиелейтінін жіті ұғынған. Содан да болар қазақ отбасындағы ұл-қыздың тәлім-тәрбиесі бірінші орынға қойылған. Алайда уақыт өткен сайын ескі ұғым, таным-түсінік өзгеріс алып, жаңа дәуірдегі жат дүниелер бойға сіңіп келеді.

Бүгінде қазақ отбасындағы құндылықтың құлды­рап бара жатқандығын жасыра алмаймыз. Әкенің беделі, ананың қадірі кетіп, оның орнына ажырасу, жалғызбас­ты ананың, жетімнің көбеюі, тұрмыстық зорлық-зомбылық артып келеді. Қоғам көзқарасының өзгеруі дәстүрлі қазақ тәрбиесінде сан түрлі мәселені туындатуда. Бұл – бүгінгі күннің көрінісі.

Қазақы тәрбие дегенде көз алдымызға бесік тербеткен ананың әлдиі, немересіне ертегі оқыған әже, еңбекке баулы­ған әке мен атаның бейнесі елестейді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адамгершілік қасиеттен айнымау, намысты болу, ұятты білу ұлтымыздың дәстүрлі тәрбиесіндегі бала кезден бойға сіңуі қажет қасиеттер. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген тәмсілді халқымыз текке айтпаса керек-ті. Талай дана, ғұламалар дүниеге келген қазақ даласында олардың мұндай дәрежеге жетуі отбасындағы тәрбие, ата-ана тәлімінің нәтижесі екенін алға тартамыз. Хәкім Абайды үлгі қылғанда оған әжесі Зеренің берген тәлім-тәрбиесі айтылады. Қайсыбір тұлғаны алсақ та, оның қалыптасуына аналарының ықпалы зор болған. Бұл ретте көпті көрген ана, көпбалалы Үміт Жаңабергеновадан ой бөлісуін сұраған едік.

– Халқымыз небір заманды бастан өткерді ғой. Отарлық­ты да, ашаршылықты да бастан кешті. Тарихымызды жоюда қаншама қастық саясат жүргізілді. Соның барлығында ұлттық болмысымызды жоғалтпадық. Осындай қиын-қыс­тау кезеңнен жұртымыздың бірлігі, Отанға, халқына деген адалдығы аман алып шықты деуге болады. Ал мұндай қасиеттер адамға бала жастан, отбасынан беріледі. Халқымыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Отбасынан алған тәлім-тәрбие бала болашағының кепілі деуге болады. Сондықтан бала тәрбиесінде бұған баса мән берген жөн. Біздің кезімізде әкені құрмет тұту, шешені сыйлау, бауырларыңа қамқор болу, ағайынға жанашырлық таныту, ардан аттамау, ұят тірлікке бармау басты ұстаным болды. Осындай тәртіппен өсіп, қалыптастық. Одан жаман болғанымыз жоқ. Алайда ол ұстанымдар қазірде өзектілігін жойған жоқ. Тек оны адамдар өз таным-түсінігімен қабылдайтын болған. Қазір тәуелсізбіз, еркіндік бар. Бұрынғыдай қиын заман артта қалды. Алайда материалдық құндылық алға озып, рухани кенжелеп қалғанымыз бар. Бұрынғының адамы терең ойланса, бүгінгілер жеңіл, тек бүгінгі жағдаймен ғана санасады. Отбасы құндылығы да өзгеріске ұшыраған. Ер мен әйелдің теңдігі отбасында да орын алып келеді. Қазір ер азаматтан гөрі әйелдер жауапкершілікті көп алады. Содан санасу пайда болуда. Қазіргі жастар еркіндікті жақсы көреді. Бір-бірінің сөзін көтермейді, бағынғысы келмейді. Өзімшілдік басым. Ал отбасы деген бүтін болуы керек. Бүтін болуы үшін оны құрған ерлі-зайыптылар бірге әрекет етіп, бір-бірінің сөзін сөйлеп, сыйластықта болуы қажет. Бір-бірінің кемшілігіне көз жұмуы, қалай бар солай қабылдау қажет. Мұндай қарым-қатынасты көріп өскен бала да жаман болмасы анық. Бала ата-анадан үлгі алады. Алдымен үлгіңмен, сосын ақылыңмен тәрбиелейсің. Қазақ отбасы осындай құндылықтарды ұстанған дейді, – көп балалы ана.

Қазір жаһандану дәуірі. Тех­никаның дамуы, ақпараттың ашық­­тығы танымның кеңеюіне мүмкіндік беруде. Жаманнан жи­реніп, жақсыдан үйренетін қабі­летті қажет ететін кезең. Дегенмен көпшілік дұрыс пен бұрысты ажы­ратпай әркім өзіне қолайлы дүниені қалайды. Соның салдарынан бұрын таңсық болған әрекеттер қалыпты әдетке айналып барады. Бұрын-соңды естімеген бір жынысты қарым-қатынас, жеке шекара, азаматтық неке сынды жаңа дүниелер енуде. Ажырасу мәселесі де бар. Бұған бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті қосыңыз. Мұның бәрі сананы тұрмыс билеген заманда жығылғанға жұды­рық болғандай. Жоғарыда кейіпкеріміз бүгінгі адамдарды өзімшіл деді. Мүмкін. Өзім білемдікке салынған қанша жанның өзегі өртенгенін кім білсін.

Иә, расымен бүгінде қай-қайсы­мыз да өз қамымызды ойлаймыз. ХХІ ғасырды желеу етіп еркін болғымыз келеді. Заманауи үрдісті бойға сіңіріп, жаңа заман қалыптастырып келеміз. Жанымызға жақынын алға оздырып, ұнамағанын мойын­дағымыз келмейді. Осылайша жаттың құнды­лығы жадымызға сіңіп бара жатқандығын бай­қамайтын сыңайлымыз. Сананы тұрмыс биле­ген заманға кінә арт­сақ та, адами құн­дылықты ада қыл­мау керек­тігін ұмыт­қан­даймыз. Ал сіз қалай ойлайсыз?

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: