«Жаз жайнатып, күн күлдірген» үш ай каникул да аяқталып, жаңа оқу жылына дайындық қыза түсуде. Бүгінде мектепке дайындалып, базар жағалаған, одан қалды мектеп таңдаған ата-ана аз емес. Жақында «Ranking kz» сайты еліміздегі білім беру қызметінің сапасы қаншалықты екенін бағамдау үшін сауалнама жүргізіпті. Бір қуанарлығы, елдегі білім беру сапасына қанағаттанатындар саны арта түскен.
Мәселен, мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің сапасына қанағаттанғандардың үлесі бір жылда 2022 жылғы 48,4%-дан 2023 жылы 49,4%-ға, орта жалпы білім беруде – 49,2%-дан 50,3%-ға, орта-арнайы білім беруде – 43,7%-дан 46%-ға, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімде – 42,1%-дан 44,9%-ға дейін өсті.
Сонымен қатар білім беру қызметінің сапасына қанағаттанбау деңгейі төмендеді. Мектепке дейінгі білім беру сапасына көңілі толмайтындардың үлесі 1,8%-дан 1,4%-ға, орта жалпы білім беруде – 1,9%-дан 1,7%-ға, орта-арнайы білім беруде –1,8%-дан 1,7%-ға, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде – 2%-дан 1,8%-ға төмендеді.
Сонымен қатар бір жыл ішінде білім беру қызметінің қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі, керісінше, төмендеді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің қолжетімділігіне қанағаттанатын респонденттердің үлесі 51,8%-дан 50,7%-ға, орта жалпы білім беруде – 59,8%-дан 59,7%-ға төмендеді. Бұл ретте орта-арнайы білім беру қызметтерінің қолжетімділігіне қанағаттанғандардың үлесі 47,2%-дан 47,8%-ға, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгіде – 40,5%-дан 41,9%-ға өсті.
Білім беру қызметінің қолжетімділігіне қанағаттанбау деңгейі де төмендеген. Мектепке дейінгі білім беру қызметтеріне көңілі толмайтындардың үлесі 2,4%-дан 2,3%-ға, орта білім беруде – 1%-дан 0,7%-ға, орта-арнайы білім беруде – 1,3%-дан 1,1%-ға, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде – 2,8%-дан 2,1%-ға төмендеді.
Респонденттердің пікірі олардың әл-ауқат деңгейіне байланысты таңғаларлық әртүрлі болды. Білім беру саласындағы қызмет көрсету сапасына қанағаттанбағандардың аз қамтылғандар арасындағы үлесі 24,7%-дан (орта жалпы) 28,2%-ға (орта-арнайы және мектепке дейінгі) дейін өзгерді. Өздерін орта тап деп таныстырған респонденттердің арасында қанағаттанбағандардың үлесі 1,5%-дан 1,8%-ға дейін болды. Жоғары деңгейде қамтамасыз етілгендер арасында білім саласындағы қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтындар болмаған.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!