Дүйсенбі, 06 мамыр, 09:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Мамандық таңдай білесің бе?

19.07.2022

652 0

Білім – дегеніміз тал бесіктен жер бесікке дейін іздеуді, оқуды қажет етеді. Маңызды қадам жасау – келешектің бастауы. Сондықтан бұл мәселе жас буынды ойландыруы керек. Келешек мамандығыңды таңдарда   асығыстық  танытуға әсте болмас. Себебі қазіргі таңда ата-ананың ақылымен, кейде достарының ықпалымен де таңдауын өзгертіп жататын жастар бар. Олардың бәрі бірдей дипломын кәдеге жарата ала ма? Мәселен, әлемде дипломы бойынша қызмет ететіндердің көрсеткіші төмен. Тіпті оған күнде көз жеткізіп жүрміз.

Жүрек қалауына жүгіну қажет

Мамандық таңдау – маңызды іс. Бұл тұрғыда, әсіресе мектеп бітірушілердің бір жыл бойы басы ауырады. «Қандай мамандықты таңдасам» екен деген оймен басын қа­тыр­ғандай болады. Жылдан-жыл­ға мамандықтың түрі кө­бейіп келеді. Таңдау жасау да талас та көбейеді. Әлемдегі оқиғалар мен пандемия елі­міздің еңбек нарығына ай­тарлықтай әсер етті. Қа­шықтан жұмыс және толық цифрландыру жаңа мамандықтардың қажет екенін айқындап берді. 2022 жылы елімізде қандай ма­мандыққа сұраныс көп?

Статистикаға сүйенсек, биыл Қазақстаннның еңбек нарығында бағдарламашылар, логистер мен сәулетшілер ие болады.  Сондай-ақ жыл сайын кәсіби бағдарламашыларға деген қажеттілік артып келеді. Бағ­дарламалық кодты жазумен және бағдарламалық баптауларды жөн­деумен айналысатын «классикалық» бағдар­ламашылардан басқа, веб-дизайнер мамандығы сұранысқа ие және танымал болмақ.

Бүгінгі таңда жер шарындағы қала тұрғындарының саны айтарлықтай көп. Сондықтан алдағы уақытта сұранысқа ие мамандық сәулет және урбанистика саласының мамандары болмақ. Қазіргі уақытта елімізде тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Бұл тұрғыда сәулетші мамандарға да сұраныс жоғары болатыны анық.

Сонымен қатар биыл ең көп оқу гранттары бөлінетін бағыттар – педагогика, ІТ және техникалық білім салалары.

Кім болғың келеді?

«Өзіңді өзің танысаң – істің басы» – деген ақынымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының ой-тұжырымы менің де көкейіме қонады. Мұны тегіннен-тегін тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Иә, ең әуелі адам өзін танып білсе, сонда ғана немен айналысатынын, кім болатынын анықтай бастайды.

Тағы бір жылды артқа тастап кезекті ҰБТ тапсыру аяқталды. Түлектер өз біліміне сай бұйырған балын алды. Енді олардың алдында «Қайда барамын, кім боламын?» деген сауал тұрғаны рас.

Мектепті «Алтын медальмен» аяқтап, ұстаз үмітін ақтаған өреннің бірі – Мадияр Болатбекұлы. Ол алдағы уақытта еліміздің жастары жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылуы қажет екенін айтады. Сонымен қатар, ІТ мамандығының болашағы зор деп санайды.

– Экономиканы дамыту үшін жаңа технологияны өндіріске енгізіп, оларды кәдеге жарату қажет. Мәселен әлемде технология саласы қарыштап дамып келе жатқанын бәріміз білеміз. Осыған орай, ақпараттық технологиясы бойынша маман иесі атануды жоспарлап отырмын. Осы саланы дамыту үшін шыңдала түспекпін. Нұр-Сұлтан қаласында білімімді шыңдап, туған елімде қызмет жасағым келеді, – дейді Мадияр.

Сондай арманына қуат бітіріп жүрген жас түлек Гүлзинат Ермекқызы. Оның арманы медицина саласын дамыту.

– Адамның мақсаты болмаса ештеңені де тындыра алмайды. Болашақты армандай білу де ұлы даналық. Мақсатым –  дәрігер болу. Осы орайда, адам өміріне деген жауапкершілік, адалдық және үлкен жүрек керектігі сөзсіз. Сондықтан да бала кездегі арманыма қол жеткізсем, – деген үмітін жеткізді Гүлзинат.

Қазақтың қаламгері Ж.Аймауытов: «Ма­мандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үл­кен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған кәсіптің шебері бола алады. Яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау.

Бірақ кейбір ата-ана, туған-туыс оған мән бермей, жеткіншектің көңілі қаламаған салаға еріксіз апарады. Оның нәтижесі қандай? Олардың бірі – оқудан шықса, бірі – еріксіз өзге жұмыс жасап жүргені. Сондықтан болашағыңды айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: