Бейсенбі, 28 наурыз, 21:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Мұғалім мәртебесіне лайық па?

12.04.2022

1753 0

Тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамымыздың  келешегі. Жас жеткін­шектерді рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға етіп қалып­тастыруда, оларды бәсекеге сай білімді азамат етуде ең негізгі салмақ ұстаздарға артылатыны анық. Қазіргі заман мұғаліміне қойылар міндет пен жауапкершілік жүгінің қаншалықты жоғарылағанын байқауға болады.

Бүгінде әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Қандай да бір жағымсыз ақпарат болса, желіге салып қойып, қызықтап отырғанды жақсы көреміз. Пікірталас та көбейеді. Осы тұрғыда көптің пікіріне құлақ түрсек бүгінде мұғалімнің мәртебесі төмен.

Мәселен, жақында ұстазға жекіген оқушы желіні жарды. Жай жекіп қойған жоқ, балағаттады. Бұл қоғамның қызу талқысына түсті. Бірі есі кеткен оқушыны, бірі өзін сыйлата алмаған мұғалімді кінәлады. Бірін ақтап, екіншісін даттау арқылы мәселенің шешімін таппайтынымыз анық. Мұны саралап, талдап көрген дұрыс-ақ. Көз алдымызда ұстаз  бен шәкірт арасында күнде бір кикілжің туындайды. Осы орайда өз мәртебесіне лайық мұғалімдер қаншалықты көп?  Бұл көкейдегі маңызды мәселенің бірі.

Мәртебең қандай мұғалім?

Мәртебең қандай мұғалім? Осы сұрақты өзіне қойдық. Өзіңізді сый­лататын мұғалім қатарынанмын деп ойлайсыз ба? Оқушыларға қандай көз­қараспен қараған дұрыс? 

Қалалық білім бөлімі ма­ма­ны Ерлан Боданов: – Мұғалім мәр­тебесі төмен деп кесіп айтуға бол­майды. Алаштың бас ұстазы Ахмет  Байтұрсынов «Мектептің жүрегі – ұстаз» деп айтқан еді. «Баланы оқы­туды жек көрмедім» деп хакім Абай айт­қандай, мұғалімдіктің де қиындығы мен қатар қызығы да бар.  Қиындықты жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Білім мазмұнының өз­геруіне байланысты мұғалімге деген көзқарас та, талап та өзгеруде. Де­генмен қаламызда өз саласының білікті маманы екенін дәлелдейтін жо­ғары деңгейдегі мұғалімдер көп. Тәжі­рибелі, білімді ұстаз­дар  қашанда, сыйлы.  Олар­дың барлығының атын атап, түсін түстеу мүм­кін емес. Жастардың білім деңгейіне қарап, сауатты мұғалімдер көп екенін ба­ғамдауға болады. Жыл сайын әр мұғалімнің кәсіби сауат­ты­лық деңгейін  анық­тайтын аттестация өтеді. Бі­лік­тілік тұрғысынан бала оқы­туда қала мұғалімдері артта қал­­ған емес деуге негіз бар. Ал тәр­бие тұрғысынан келсек, оған екі та­рапта жауапты. Баланың бүкіл жауап­кер­шілігін мұ­ғалімге артуға болмайды, – дейді ол.

Ал Ж.Қизатов атындағы №23 мек­теп-лицей директор тәрбие ісі жөніндегі  орынбасары Айгерім Толыбаева ұстаз ретінде оқушыға сыйлы екенін айтады.

– Қызу өмір тынысы, шексіз ақпарат тасқыны басым заманда адам мен адамның сыйластық деңгейі турасында, адами қарым-қатынасы жайында сөз қозғаған, әсіресе, өзіңе сол тұрғыда сипаттама беру тым жеңіл дүние емес. Дегенмен әр адам өз қызметі туралы түсініктеме беруі әбестікке жатпайды деп ойлаймын. Әрине, өршілдігі басым, цифрлы заманда талапқа сай еңбек ету – әрбір  маманның  қолынан келе бермейді. Ал біз қызмет көрсетіп отырған орта, мен күнделікті өзіме міндеттеп алып отырған жұмыс жауапкершілікпен қатар шыдамдылықты талап ететіндіктен, өз ортамда сыйлы, жұмысымды жақсы атқарып жүрмін деп толық айта аламын. Оқушылар арасында мәртебем биік. Шәкірттерім әркез сыйлап, құрмет-қошеметін көрсетеді. Бұл соған лайық болғанымның көріні­сі деп білемін. Әр маманның атқа­ратын қызметімен қатар оқушыға деген мейірімді жүзі мен жылы сөзі белгілі жағдаяттарда айтылып отырса, жасөспірімдердің өмір сүру дағдысына және болашаққа деген сенімділігіне жол ашар едік. Қазіргі таңда  заман талабына сай қызмет ету, әрекет жа­сау – болашақ ұрпақтарымыздың  келе­шегінің кемел­дігіне сенім ұялату деп түсінемін, – дейді ол.

Заң бар, жалақы өсті, құрмет ше?

«Педагог мәртебесі туралы» заңда ұстаздар жалақысын көтеруден бастап олардың абыройына нұқсан келтіргені үшін айыппұл төлеуге дейінгі шаралар қарастырылған.

Онда ұстаздардың құқықтарын кеңейту, өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту, қызметіне қойылатын талаптарды кү­­шейту, материалдық жағынан қам­­­тамасыз ету секілді мәселелер жан-жақты қамтылған. Осындай ба­ғыттарды құраған заңның құ­рылуының негізгі мақсаты – педагог мәртебесін көтеру.

«Ұстаздар теңгесін санап, тиынын санап жүр. Олардың жалақысы мар­­дымсыз. Айлығы аз жұмысқа қоше­мет те, құрмет те болмайды. Қыз­метіне дұрыс қарамау, жалақыны мен­сінбеуден туады» деген пікірлер ай­тылды. Осыған орай соңғы екі жылда мұға­лімдердің жалақысы әжептеуір өсті.

Десек те ұлы мамандықтың қадір-қасиетін түсірмеу мұғалімдердің өзіне байланысты екен. Ұлы тұлғаға лайықты құрмет өскен жоқ.

Соңғы кездері білім беру сала­сында ер мұғалімдердің жетіс­пеушілігі де кері әсерін тигізеді деген де сыни пікірлер айтылып жүр. Экономикалық даму және ын­тымақтастық ұйымы (ЭЫДҰ) елдерімен салыстырғанда Қазақстан­дағы білім беру жүйесі анағұрлым феминизацияланған. Елі­міздегі мұға­лімдердің 80%-і әйелдер. ЭЫДҰ сарап­шылары көптеген елде әйел мұға­лімдердің ер мұғалімдерге қара­ғанда мамандығын саналы түрде таңдайтынын айтады. Мысалы, қа­зақ мұғалімдерінің 76%-і болашақ маман­дығын таңдауда мұғалім маман­дығына басымдық берілгенін айтқан.

«Балаларды қатігез деп санауға болмайды»

Бала тәрбиесі – үлкен өнер. Әр балаға, әр түрлі тәсіл керек. Біреуіне ақыл айтсаң да жетеді, біреуіне ақыл жүрмейді. Мінез-құлқына қарай басқа амал табу керек. Бала жүрегі кішкентай ғана күйсандық, ол кілтін тапсаң ғана ашылады.

Мұғалім мәртебесін сөз еткенде олардың оқушымен қарым-қатынасы басты рөлде тұрады. Рас, қазіргі балалар сөз көтере алмайды. Ұстаз түгілі, ата-ана сөзін көтере алмайтындар бар. Осы орайда бүгінгі бала неге ашушаң? Баланы қалай тәрбиелеуге болады? Сабақ түсіндіру барысында оқушыға жекіп сөйлеу, ұру қаншалықты маңызды? деген сұрақтарға психолог жауабын алуды жөн көрдік.

– Бүгінгі Z-ұрпағы өзгеше балалар. Бұл ұрпақ көбіне балалық шағын компьютердің алдында, ойыншықтың орнына сандық гаджет ұстап өскендер. Олар материалдық құндылықты жо­ғары қоймайды. Креативті идея мен эмоцияға берілгіш келеді. Яғни эмоциямен өмір сүретін балалар. Олар­ға әрдайым мотивация қажет, – дейді  С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-ли­цейдің педагог-психолог,  педагогика ғылымдарының магистрі Гүлзат Оңалбаева.

Психолог пікірінше, отбасында, қоғамда таяқ көрген баланың психо­логиясы уақыт өте бұзыла бастайды. Ол жасқаншақ, өзіне сенімсіз болып өседі. Уақытында шешім қабылдай алмайтын дертке шалдығады. Таяқ жемеу үшін өтірік айтуды үйренеді. Оның бойында балаға тән емес агрессия пайда болады. Ызақор, кекшіл болып жетіледі. Мұғалімнен де, ата-анадан да зорлық көріп өскен бала ешқашан өз қатесін түсінбейтін болады. Керісінше, айналасын жазғыра бастайды.

Ал, ұруға бейім мұғалім психо­логиясы қандай? Рас, қазіргі уақытта балаға қол көтеріп, айқайлап сабақ түсіндіретін мұғалімдер де бар. Бұл жөнін­де де психолог кеңінен саралап өтті.

–  Балаға қол көтеретін мұғалім­нің жүйкесі жұқарған. Ол адам жеке және жұмыс жағдайын ажырата алмайды. Бар ашуын баладан алуға тырысады. Осыдан мұғалімнің жүй­ке­сі жұқаруына не себеп деген сауал туындайды. Жеке, отбасылық мәселелерден бұрын, кейде таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін үй көрместен жұмыс істейтін мұғалімнің жағ­дайына кім назар аудармақ? Сонымен қатар ұс­таздың берік жүйкесіне сызат тү­сіретін мынандай себептер бар:

Біріншіден, қағазбастылық. Оқы­туың керек, сәйкесінше, қағаз толтыруға тиіссің. Бір құжаттың ескерусіз қалуына болмайды.

Екіншіден, шексіз цикл. «Министр­лік» – басшылық – мұғалім – оқушы. «Министрлік» талап етеді, басшылық бұйырады, мұғалім жанталасады, оқу­шы шамасы жеткенше іске асырады.

Үшіншіден, ата-аналардың қоя­тын талабы. «Менің балама неге 5 қой­майсыз?» деп басталатын әңгімеден гөрі баланың жағдайы, мектептегі үлгерімі, мұның бәрін қазбалап сұ­райтын ата-анамен кері байланыс орнату керек. Сонымен қатар шегі жоқ тексеріс пен бітпейтін үрей. Мынадай психологиялық жүкпен бірге, оның отбасылық жағдайы, бала­лары мен олардың міндеттері мен талаптарын қоссаңыз мұғалімнің арыстанша ақыруы жөн-ақ дерсіз. Бірақ мұның бәрі біреудің баласының психологиясын бұзуға болады деген сөз емес, – дейді  педагогика ғылымдарының магистрі Гүлзат Оңалбаева.  

Ұрпақ түзелсін десең…

– Ел үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәр­биеленуі – бәрінен бұрын еске­ріп, бәрінен жоғары қойылатын жұ­мыс» деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Олай болса, бүкіл мін­детті мұғалімнің мойнына іліп қойып, ата-аналардың жауапкершіліктен қашуы дұрыс емес. Өтпелі кезең жасында тұрған баланы тәрбиелеу қиынның қиыны. Мұндай уақытта бар міндетті мұғалімге итеріп қоя салуға болмайды. Жауапкершілік кілтін әке мен ана да сезінуі қажет.

– Ұстаз, ең алдымен, өзін-өзі құр­меттеуі керек. Мұғалім сыйлы болуы үшін оның тұлғасы шәкірттерге қы­зықты болуы шарт. Оның білім-білігі, психологиялық келбеті, дағдылары заманға сай болуы қажет. Мойындау керек, бұрынғыдай мұғалімнің айт­қанын ұйып тыңдап отыратын оқу­шылар жоқ. Себебі заман өзгерген. Бала өзгерген. Бүгінгі бала бұрынғы тәсілді қабылдамайды. Сондықтан мұғалімдер бала тілін тауып, сол тұрғыда түсіндіре ала­тындай болуы керек. Әсіресе, ауылдық жерлерде ұстазға құрмет  тіпті жоқтың қасы. Бұл жерде біз бар жауапкершілікті мұғалімге итеріп отырған жоқпыз. Ата-ана тарапынан қарасақ, өзін сыйлата алмайтын мұғалім көп. «Оқушылармен жұмыс істеу оңай емес, олар көп, оқытушы жалғыз» деп ақтаудың қажеті жоқ. Ол осы мамандықты саналы түрде таңдады. Қиындығын білді. Демек оқушы қан­дай болса да сол қиындыққа төзіп, өзін құрметтете алуы керек. Оқушымен жақсы қарым-қатынас орнату үшін мықты психолог болуы қажет. Өзінің эмоциясына ие болмайтын мұғалім оқушының алдында қадір-қасиеті мен беделінен жұрдай болады. Ана баласына өмір сыйласа, ұстаз – адам баласына ізеттілік, әдептілік нұрын себеді. Ұстаздан тәрбие алмайтын жан жоқ. Бала тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу. Біз де арқаны кеңге жайып қойып, бар міндетке мұғалім кінәлі деп отырғанымыз жөн емес. Өз баласының тәрбиесіне селқос қарайтын ата-аналар бар деп те айта алмаймын.  Бала тәрбиесінде барлық жағдайға тепе-теңдікпен қараймын. Мәселен, үйде «мұғалімің не айтса сол болады. Ұстаздың айтқаны заң. Оның пікірімен кеңес» деген секілді тәрбиені айтып отырамын. Десек те мұғалімнің сөзін қойып, баласының сөзін тыңдайтындар көп. Ұрпақ түзелсін десек, ұстазға құрмет артуы тиіс. Бұл тұрғыда білікті маман болуға мұғалімдер күш салуы керек, – дейді ата-ана Гүлзат Жүнісбай.

P.S. Бүгінгінің өзекті мәселесін зерделеп қарасақ, бала психологиясы деген сылтау табылды. Жастардың мінез-құлқындағы жағымсыз қы­лықтарын жөндеуге бірлесіп күш жұмсау керек. Тәрбиенің тізгінін қолға алатын уақыт жетті.

Қит етсе, мұғалімді айыптауға дайын тұратын жаман әдет пайда болды. Осындай жағдайлар ұстаз дейтін ұлы ұғымның қадірін төмендетіп жібергендей. Мұғалімге деген зор құрмет артуы тиіс. Баланың сөзін сөйлеп, ұстаздың қадірімен бірге қоғам қадірін кетіріп алмайық. Тәрбие тізгінін ата-ананың жауапкершілігін арттырудан бастау қажет. Сонда ғана мұғалімнің қадірі артады.

Мұғалім – шәкірт үшін жай ғана ақпарат жеткізуші тұлға емес, ол оның жүрегіне білімге деген ықылас, адамға деген мейірім мен махабат нұрын себуші тұлға. Ұстаз – ұлт болашағының айнасы. Ұлтымыздың рухы әлсіремесін десек,  мұғалім мәртебесін көтеруді қолға алу қажет.

А.АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: