Сейсенбі, 23 сәуiр, 12:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жарық бір күннің мәселесі емес

20.11.2021

1891 0

Қараша алаң көңілмен басталды. «KEGOC» АҚ компаниясының сайтында 4 қарашада электр энергиясын шектеу туралы ақпарат жарияланды. Шектеуден Сыр өңірі де тыс қалған жоқ.
Алайда облыс көлемінде электр энергиясын тұрақты беру мәселесі шешімін тауып, шектеу алынып тасталды. Жалпы жұртқа енді жарық сөнбейтіні айтылып, мәселе шешімін тапқаны хабарланғанмен, бұл тақырып әлі де
өзекті қалпында.
Электр энергиясының жетіспеушілігі бір өңірдің ғана емес, мемлекеттің, тіпті әлемнің проблемасы екені даусыз.

Бір күндік мәселеге жатпайтын электр энергиясының жетіспеушілігінің жайын тарқатып көрдік…
Шектеу неден шықты? Электр тарату компаниясының жариялаған ақпаратына сүйенсек, бұл электр энергиясын тұтынудың жоғары қарқынымен байланыстырады. Санмен сөйлетсек, биылғы 10 ай ішінде өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тұтыну көлемі оңтүстік аймақ бойынша 11,6%-ке, солтүстік аймақ бойынша 5,7%-ке және батыс аймақ бойынша 7,5%-ке артқан. Ең жоғары жүктеме сағаттарында қуатты тұтыну өткен жылғы мәннен 1500 МВт-тан асып тұр. Тұтынудың осылайша ауытқымалы өсуі ең алдымен цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұтынушылар үлесінің артуына байланысты. Сондай-ақ компания бүгінде электр станцияларындағы энергия қондырғыларының едәуір бөлігі апаттық және жоспардан тыс жөндеуде тұрғанын атады.
Электр энергиясының тапшылығын туындатқан ши майнерлерден шығып отыр. Оқырмандар есінде болар, бұған дейін «Ақмешіт апталығы» газетінде «Майнинг: майшелпек пе, машақат па?» деген мақала жариялаған едік. Мақалада қытайдан үдере көшкен майнингтік компаниялар электр энергиясының жұты екенін мамандар пікірімен дәйектеген едік. Сарапшылар пікірі қыс басталмай жатып дәлделденді.
Жарық жетіспеушілігі туындаған соң Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев майнерлерді ашық диалогқа шақырды. Министр бұл туралы берген сұхбатында: «Блокчейн индустриясының жоғары әлеуетін ескере отырып, оны одан әрі дамыту үшін күш-жігерді біріктіру қажет. Мен диалогқа әзірмін, сондықтан біртұтас электр энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз ету үшін «ақ» майнерлерді шешімдерді бірлесіп іздеуге шақырамын» деді. Айта кетелік, бүгінде елде майнерлердің өзі «ақ» және «сұр» болып бөлінеді. Ақ майнерлер барлық заңдылықты сақтап, құжаты заңды майнингтік компаниялар иесі болса, «сұр» майнерлер – жасырын майнинг өндірушілер. Мәселе осы «сұр» майнерлерде болып отыр. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, заңсыз жұмыс істеп жатқан майнерлер энергияның жетіспеушілігін туындатып отыр. Қалай айтқанда да бүгінде энергия жетіспеушілігі мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
Дүниежүзілік энергетика апталығында баяндама жасаған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы А.Сәтқалиев елдегі халық санының күрт өсуі, өнеркәсіптерді автоматтандыру, электрмен қамту үдерістері дүние жүзінде электр қуатының тапшылығына әкелгенін айтады. «Самұрық-Қазына» қоры басшылығының пікірінше, энерготапшылық проблемасын шешу үшін еліміздің энергетика саласын түбегейлі жаңарту қажет. Сонымен қатар электр қуаты мен газдың бағасын нарық қағидаттарына сәйкес реттеп, әділ түрде қалыптастыру қажет.
Бүгінде бұл тақырып жиі талқылануда. Осыған орай қарашаның 11-і күні «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының бүгінгі жайы, энергия жетіспеушілігінің себебін жазды:
«2021 жылғы 10 қарашадағы кешкі максимумдағы жай-күй бойынша Қазақстан Республикасында тұтыну 14 838 МВт-ты, генерация 14 265 МВт-ты құрады.
573 МВт көлеміндегі қуат тапшылығы Ресей Федерациясының энергия жүйесінен келетін ағындармен жабылды. Олардың ішінде 10 МВт – қазақстандық тұтынушылар үшін электр энергиясын жеткізу, 563 МВт – ҚР тұтынушыларының белгіленген диспетчерлік графиктен ауытқуынан туындаған жүйеаралық ағындар.
Жылдың басынан бастап көмір электр станцияларында электр энергиясын өндіру 66,9 млрд кВтсағ-ты құрады, бұл бүкіл өндіру көлемінің 69%-ын құрайды. Газ электр станциялары 18,9 млрд кВтсағ немесе 19,5% электр энергиясын, гидроэлектр станциялар 7,4 млрд кВтсағ немесе 8% электр энергиясын, ЖЭК 3,6 млрд кВтсағ (шамамен 3,5%) электр энергиясын өндірді. Бұл ретте жөндеу мерзімі 2021 жылғы 27 қарашада аяқталатын Екібастұз МАЭС-2-дегі қуаты 500 МВт-тық № 2 энергетикалық блок (норматив бойынша жыл сайынғы жұмыс 6 570 сағат болғанда, жөндеуге шығарылмастан 12 304 сағат жұмыс істеді), жөндеу мерзімі 2021 жылғы 11 қарашада аяқталатын Екібастұз МАЭС-1-дегі қуаты 500 МВт-тық № 7 энергетикалық блок (норматив бойынша жыл сайынғы жұмыс 6 570 сағат болғанда, жөндеуге шығарылмастан 25 968 сағат жұмыс істеді) жоспарлы жөндеуде тұр. «ЕЭК» АҚ электр станциясында № 4 блок жоспарлы жөндеуден өтуде». Жоғарыда көрсетілген генерациялайтын жабдықты іске қосу Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың қажеттіліктері үшін электр энергиясын өндірудегі мүмкіндіктерді арттырады. 8 қараша күні судың жеткілікті деңгейі жиналғаннан кейін қуаты 300 МВт-тық Мойнақ гидроэлектр станциясы іске қосылды.
Бұл ретте, кейбір өңірлік ЖЭО-ны қоса есептегенде, бүгінгі күнге Қазақстан бойынша жалпы алғанда қуаты 1150 МВт-тық генерациялайтын құрылғылар авариялық жөндеуде тұрғанын атап өту керек.
Биыл қараша айының басынан бастап өңірлерде орын алған шектеулер бойынша, бұл жағдайлардың «Шығысэнерготрейд» ЖШС, «Севказэнерго» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС, «Энергопоток» ЖШС сияқты және т.б. өңірлік электр желілік компаниялардың желілеріне тікелей қосылған энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен тұтынушылардың электр энергиясын келісім шартта көрсетілген мөлшерден артық тұтынуына байланысты туындағанын хабарлаймыз. Сонымен қатар аталған жағдайдың туындауына бірқатар энергиямен жабдықтайтын ұйымдар мен тұтынушы-кәсіпорындардың Жамбыл МАЭС-тан электр энергиясын уақытылы сатып алмауы да себеп болып отыр.
Келісілмеген ағындарды шектеу мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметімен бірлесе жүйелі шаралар, соның ішінде Жамбыл МАЭС-тағы қосымша блоктарды отынмен қамтамасыз ету және оларды іске қосу бойынша шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда 11 қарашада Жамбыл МАЭС-та қуаты 200 МВт-тық қосымша энергетикалық блок іске қосылды. Қазіргі уақытта Жамбыл МАЭС-та 3 блок жұмыс істеп тұр».

Ресейден сатып аламыз

Бұл ақпарат та электр энергиясы айналасында жиі талқыланып жатқан мәселенің бірі. Электр энергиясын Ресейден импорттау жарық бағасына әсер ететіні анық. Дәл қазір тариф туралы айтылмағанмен, Ресейден электр энергиясын импорттау жұмысы жүріп жатқанын ««KEGOC» АҚ өз хабарламасында былай деп жазады:
«Тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін РФ-дан электр энергиясын импорттау бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілді. ҚР Үкіметімен бірлесе отырып, Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдарының РФ-дан импортталатын электр энергиясының сауда-саттығына қатысуы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Заңнама талаптарына сәйкес жұмыс жасайтын майнинг-фермалар өз қызметін еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне зиян тигізбеу мақсатында, отандық өндірушілердің электр энергиясымен қатар, импортталған электр қуатын да сатып алуы тиіс.
Осы орайда, «көлеңкедегі», яғни ресми тіркелмеген майнерлерді анықтау мақсатында цифрлық майнингті жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын талаптарды белгілеу үшін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру қажет екендігін де атап айтқымыз келеді.
Біздің бағалауымыз бойынша ресми тіркелген майнерлердің жиынтық тұтыну қуаты шамамен 600 МВт-ты құраса, ал тіркелмеген майнерлердің тұтыну қуаты 300-400 МВт-ты құрайды.
Алдағы күзгі-қысқы маусымда еліміздің біртұтас электр энергетикасы жүйесінде жүктеме максимумы 17 000 МВт деңгейінде болжанып, ал ішкі генерация мөлшері 16 540 МВт-ты құрайды деп күтілуде. Генерацияның 540 МВт жеткіліксіз көлемі РФ-дан импортталатын болады».

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: