Көшбасшы қоғамның барлық саласында болады. Ол өмір қиындықтарынан қорықпайды және соңынан ерген адамдардың проблемаларын шешуге көмектеседі. Ең маңызды шешімдерді қабылдайды.
Көшбасшылық адамның ішкі күшінің, өзіне деген сенімділігінің көрінісі. Менің ойымша, көшбасшы болу үшін ортамен тіл табыса білу, ұйымдастырушылық және талапкерлік қасиеттер керек. Жақсы көшбасшы жан-жақты дамыған тұлға. Ол бос уақытын өзін-өзі жетілдіруге жұмсайды. Көпшілік алдында жақсы сөйлей біледі. Өз күшіне деген сенімділікті жоғалтпайды, эмоцияға берілмейді және төтенше жағдайларда тез шешім қабылдай біледі. Топ болып жұмыс істеу өте қиын, ал оны басқару одан да ауыр. Себебі көшбасшы әр топ мүшесінің тілін тауып, оларға үнемі қолдау көрсетуі қажет. Басқалардың пікірі өзінікіне ұқсамаса да оларды тыңдай білуі керек. Ол сонысымен де өзгеден басым тұрады.
Бүгінгі заман дамыған технологиялар мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Ал заманауи көшбасшы қандай болу керек. Көшбасшы алдымен өзі айналысып жатқан жұмысқа құштар болуы аса маңызды. Оның ұстанымы мен көзқарасына адалдық тән болуы керек. Адалдықтың үш қыры бар. Алғашқысы – өзін танып білу. Алдына қойған мақсатын дұрыс айқындай алу. Сондай-ақ турашылдық, ашық ой мен әділ іске деген адалдық. Осы қасиеттер бір арнаға тоғысқан жағдайда ол адам жемісті жұмыс істей жүріп, биік мәртебеге ие болады.
Нұргүл РАХИМОВА,
«Сәулет» жеке балабақшасының меңгерушісі-психолог
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!