Бейсенбі, 02 мамыр, 10:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Мемлекеттік тілдің мәртебесі және құқықтық реттелуі

23.02.2024

445 0

Конституцияның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» делінген. Неге мемлекеттік тiл – қазақ тілі деген сұраққа жауап іздесек, ол Конституциянын преамбуласында «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, … қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», – делінген.

Басқаша айтқанда, жер де, ел де қазақтікі деп мойындап айтылған сөз. Мемлекеттік тілдің жоғары саяси-құқықтық мәртебесі оның жария-құқық саласында қызмет етуінің айрықшылығы не басымдылығы Конституцияда баянды етіліп, заңдарда белгіленуі мүмкін екендігімен расталады. Республика Президенті мен Парламенті Палаталары төрағаларының мемлекеттік тілді міндетті түрде еркін меңгеруі; мемлекеттік рәміздерде тек қана қазақ тілінің пайдаланылуы; мемлекеттік органдардың мөрлері мен мөртаңбаларындағы атауларының, мемлекеттің егемендігің айқындайтын мемлекеттік белгілердің (шекара бағанда-рында, кеден атрибуттарында және т.б.) қазақ тілінде жазылуы; мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтық актілері мен өзге де ресми құжаттарының мәтіндерін қағазда және өзге де тасымалдауыштарда орналастырғанда, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми тұлғалары көпшілік алдында сөз сөйлегенде; мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми бланкілері мен басылымдарында; ұлттық валютада және өзге де мемлекеттік бағалы қағаздарда; республика азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарда, мемлекет атынан берілетін өзге де құжаттарда, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметімен байланысты өзге де салаларда қазақ тіліне басымдылық берілуі.

Тілдердің қоғамда қызмет етуін заңды реттеу, әдетте, этникалық қостілділік жағдаятына қажет. Ол тілдердің ресми мәртебелерін, қолданылу құқығы мен салаларын заңдылық тұрғыдан анықтайды. Көптілділік жағдайында заң тілдерге тең немесе тең емес мәртебе беруі мүмкін. Алайда мәртебедегі заңдылық теңдік не теңсіздік мемлекеттік саясат бағытының шынайылылығын көрсете алмайды. Көптеген елдерде тіл туралы заңдар жасалу дәрежесіне қарай әр түрлі болып келеді. Көп жағдайда заңдар тілдің ресми (мемлекеттік) салалардағы қолданылуын реттеп, жеке өмірдегі тілді таңдауға, жұмыстағы бейресми қатынастарға араласпайды. Зайырлы мемлекеттерде тіл туралы заңдар діни бірлестіктер мен ұйымдарға тарамайды. Заңдар, әдетте сөз таңдау, сөз формасы, сөзді дыбыстау т.б. мәселелерді қозғамайды, бұл заңдардың немесе билік органдарының міндеті емес, лингвистиканың тіл нормаландыру аймағы, «ішкі» тілдік саясат, тіл мәдениетінің мәселесі. Көптеген елдердің тіл туралы заңдарында заңдылық тұрғыдан реттелетін обьектілер құрамы бір-біріне сәйкес келе бермейді. Біршама типті обьектілер мыналар: 1) тілдің ресми (заңдылық) мәртебесі; 2 тілдің қолданылуы мүмкін немесе міндетті болып табылатын әлеуметтік өмір салалары; 3) білім беру саласындағы социумның тіл қолдану ерекшелігі мен дәрежесі. Осыларды қорыта келгенде, бүгінгі қазақ тілінің жағдайына байланысты мыналарды айтуға болады: 1. Қазақ тілінің қарым-қатынастық рөлі мен мәні жан-жақты зерттелуі керек. Бұл – оның бүгінгі кезеңдегі хал-жағдайына әлеуметтік лингвистикалық сипаттама беру деген сөз. 2. Қазақ тілінің құқықтық мәртебесін нақтылау керек. Бұл – оның мемлекеттік мәртебесін іс жүзіне асыру деген сөз. 3. Қазақ тілінің жағдайын жақсарту бойынша нақтылы шаралар белігіленуі қажет. Бұл – адамдардың тілді саналы түрде дамыту мүмкіндігін іске қосу деген сөз. Ана тіліне салғырт қарау — өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз. Сонымен қатар, Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» — деп қадап айтқан пікірі баршамыздың берік ұстанатын қағидамыз болуға тиіс. Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш нұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау — қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы, ел-жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі — қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Бұл — әр қазақстандықтың қастерлі парызы. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» Заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық.

Қорытындылай келсек ,ұлттық идеология – қазақ тілінен, дінінен, қазақ халқының көне тарихынан бастау алады. Егерде біздің мемлекетіміз мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақ халқының әдет-ғұрпын, рухын, тілін идеологияның басты тұғыры ретінде қабылдаса қазіргі аумалы-төкпелі заманнан теңселмей өтеміз.  Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады. Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы — ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі — мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу — біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз.  Тәуелсіздіктің негізгі тірегі — ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол — қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл — ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры — баршамыздың қолымызда.

   Диана Тимурқызы

Қызылорда қалалық сотының бас

маман-сот отырысының хатшысы

                                                         

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: