Қазақстан ғылымы бүгінде жаңа бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп отыр. Ғылым енді тек зертхана мен академиялық орта шеңберінде қалып қоймай, елдің технологиялық тәуелсіздігіне, экономикалық өсіміне, ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық салаға айналуда. Жасанды интеллект, биотехнология, климаттық өзгерістер, энергетика, су және азық-түлік қауіпсіздігі секілді бағыттар ғылымның күн тәртібіне шыққан тұста, Қазақстан үшін де ғылымның болашақтағы рөлі айрықша маңызды. Осы ретте ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағинмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Қазақстандағы ғылымның даму бағытын қалай бағалайсыз және алдағы 10 жылда қандай салаға мән беру керек?
– Қазақстандағы ғылым бүгінде тек академиялық шеңбермен шектелетін жүйеден елдің технологиялық, экономикалық және әлеуметтік дамуының өзегіне айналатын жаңа модельге өту кезеңін бастан кешіруде. Осы өзгерістер аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының трансформациясы ғылыми форсайт пен сараптамалық талдау арқылы ғылымның жаңа даму парадигмасын айқындайтын негізгі институтқа айналып келеді. Әлемдік ғылыми трендтерге көз жүгіртсек, алдағы 10 жылда бірнеше сала алға шығады. Олардың қатарында жасанды интеллекттің ғылымда қолданылуы (AI for Science), биотехнология және геномика, жаңа энергетика, климаттық технологиялар, жаңа материалдар, цифрлық медицина, азық-түлік және су қауіпсіздігі.
– Қазақстан үшін алдағы онжылдықтағы нақты бес басымдықты атап өтсеңіз.
– Біріншіден, ғылым үшін жасанды интеллект (AI for Science). Бұл бағыт тек IT саласында ғана емес, биологияда, медицинада, геологияда, ауыл шаруашылығында және климаттық модельдеуде кеңінен қолданылуы тиіс. Екіншіден, геномика, биологиялық қауіпсіздік және дербестендірілген медицина. Бұл халық денсаулығы, фармацевтика, сирек кездесетін ауруларды зерттеу және ұлттық генетикалық қорды түсіну үшін стратегиялық маңызы бар бағыт. Үшіншіден, су ресурстары, климат және агробиотехнологиялар. Қазақстан үшін бұл тек ғылыми мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі: су тапшылығы, жердің деградациясы, азық-түлік қауіпсіздігі. Төртіншіден, энергетикалық трансформация. Уран, сирек кездесетін, сутек энергетикасы және көміртекті азайту технологиялары Қазақстанның жаһандық тізбектердегі орнын күшейтуге мүмкіндік береді. Бесіншіден, өңірлік ғылымды дамыту. Ғылым тек Астана мен Алматыда шоғырланбауы тиіс. Әр өңір өз ерекшелігіне сай ғылыми-технологиялық бағыттарды дамытуы қажет. Сондықтан бізге ғылымды елдің ұзақ мерзімді дамуының, технологиялық егемендігінің және интеллектуалдық қауіпсіздігінің негізіне айналдыру қажет.
– Жасанды интеллект, биотехнология, экология, энергетика секілді бағыттардың ішінде қайсысына көбірек басымдық берілуі керек? Осы салаларда әлемдік көшке ілесу үшін бізге не кедергі?
– Қазіргі жаһандық ғылыми трендтер көрсетіп отырғандай, негізгі серпіліс дәл осы салаларда. Яғни, мәселе таңдауда емес, дұрыс пәнаралық байланыс жасауда. Егер жүйелік кедергілер туралы айтсақ, онда ғылыми қаржыландыруды екі негізгі механизмдерге қатысты атап айтқан жөн. Ол гранттық қаржыландыру және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру. Гранттық қаржыландыру деңгейінде, яғни ғалымдардың өз бастамалары негізінде ұсынылатын жобаларда, идеяларға жеткілікті деңгейде мән бермейміз. Ал ғылымның өзегі – идея. Қазіргі жүйе көбіне жаңа идеяларға сапалы сараптама жасаудан гөрі, оларды формалды талаптар арқылы іріктеуге бейім. Соның салдарынан көптеген жоба мазмұнына емес, рәсімдік критерийлерге байланысты өтпей қалады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында, яғни мемлекет нақты ғылыми-технологиялық міндеттерді өзі айқындайтын жағдайда, көбіне осы міндеттердің нақты мазмұны жеткілікті деңгейде пысықталмағанын көреміз. Көп жағдайда шешімдер ғылыми бағаға емес, әкімшілік логикаға сүйеніп қабылданады. Ал әлемде сараптамалық шолу, тәуелсіз сараптама, халықаралық бағалау – негізгі стандарт.
– Отандық ғылымның халықаралық интеграциясын жақсарту үшін тек зертханалар құру жеткілікті ме, әлде түбегейлі өзгерістер қажет пе?
– Инфрақұрылым мәселесі де өте өзекті. Бізде ғылыми инфрақұрылым баяу жаңартылуда, ал реттеу тетіктері заманауи технологиялардың даму қарқынына ілесе алмай отыр. Бүгінде ғылым өте жылдам өзгереді – жаңа әдістер, жаңа құралдар, жаңа платформалар пайда болады. Ал біздегі жүйе көбіне инерциялық сипатта. Халықаралық интеграцияның жеткіліксіздігі тағы бар. Бізге жетекші әлемдік зертханалармен тығыз байланыс қажет. Яғни, тек ынтымақтастық туралы меморандумдар емес, қазақстандық ғалымдардың алдыңғы қатарлы зертханаларда жұмыс істеуі, тәжірибе жинақтауы және кейін елге оралып, сол тәжірибе негізінде «айна зертханалар» (mirror labs) құруы маңызды. Бұл – технологиялық трансфердің ең тиімді жолдарының бірі. Ең үлкен кедергі тәуекел мәдениетінің әлсіздігі. Ғылымда серпіліс жасау үшін тәуекелге бару керек. Бізде көбіне «қателеспеу» түсінігі басым, ал дамыған елдерде «тез қателесіп, тез үйрену» қағидасы жұмыс істейді.
– Ғылым мен өндірістің арасындағы байланыс туралы жиі айтылады. Отандық ғалымдардың ғылыми жаңалығы тек қағаз жүзінде қалмау үшін не істеу керек?
– Ғылым мен өндірістің байланысы туралы айтқанда, патенттің болуы – дайын өнім деген сөз емес. Патент – тек бастапқы нүкте. Нақты нәтиже лицензия, стартап, өндіріс, экспорт және табыс арқылы өлшенуі тиіс. Қазақстанда бұл бағытта оң динамика бар. WIPO дерегіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан бойынша патенттік өтінімдер саны 975-ке жетіп, 17 пайызға өскен, резиденттік өтінімдер саны – 933. Университеттердің үлесі 2022-2024 жылдары 17,4 пайыз болған. Бірақ мәселе өтінім санында ғана емес. Ғылым қорының мәліметінше, 2016 жылдан бері коммерцияландыру бойынша 2148 өтінім беріліп, 416 жоба мақұлданған, 386 шарт жасалған. 180-нен астам өндіріс сатылымға шыққан, 19 жоба экспортқа шыққан. Бұл жақсы көрсеткіш, бірақ жүйелік тұрғыдан алғанда, әлі де патенттен нарыққа дейінгі жол әлсіз. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, табысты елдерде ғылымды коммерцияландыру жеке-жеке жобалар арқылы емес, тұтас экожүйе арқылы жүзеге асады. Мәселен, АҚШ-та Bayh-Dole моделінен кейін университеттерге федералдық қаржыландыру есебінен жасалған өнертабыстарды патенттеп, лицензиялауға мүмкіндік берілді. 1996-2020 жылдары АҚШ университеттерінің технология трансфері 554 мың өнертабыстың жариялануына, 141 мың патентке және 18 мың стартаптың құрылуына ықпал еткен. AUTM дерегі бойынша, 2023 жылы АҚШ академиялық технология трансферінен лицензиялық табыс 3,6 млрд доллар болған. Қазақстанға осы тәжірибеден бірнеше нақты тетік қажет. Біріншіден, университеттер мен ғылыми институттарда кәсіби технология трансфері кеңселері болуы керек. Олар тек патент рәсімдеумен емес, нарықты талдаумен, инвестор табумен, лицензиялық келісім жасаумен және стартап сүйемелдеумен айналысуы тиіс.
Екіншіден, патент саны емес, коммерциялық нәтиже негізгі KPI болуы керек. Лицензиялық келісімдер, сатылым көлемі, экспорт, жеке инвестиция, жаңа жұмыс орындары. Үшіншіден, ғалымға үлес пен мотивация берілуі қажет. Егер ғалым өз жаңалығының экономикалық нәтижесінен әділ үлес алмаса, коммерцияландыру қағаз жүзінде қалады. Төртіншіден, идеяның өміршеңдігін дәлелдеу және прототиптеуді қаржыландыру қажет. Көп идея зертханадан шыққанымен, бизнеске дайын болмайды. Сол аралықта шағын, жылдам, бюрократиясы аз қаржыландыру керек. Бесіншіден, ірі ұлттық компаниялар мен бизнеске ғылыммен жұмыс істеу міндетін енгізу қажет. Мысалы, жер қойнауын пайдалану, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина және экология салаларында компаниялар отандық ғылыми шешімдерді пилот ретінде сынауға мүдделі болуы керек. Қазақстанда патент бар, идея бар, ғалым бар. Енді басты міндет – патентті есеп үшін емес, нарық үшін жасау. Ғылым халықтың игілігіне айналуы үшін бізге «мақала – патент – есеп» логикасынан «идея – прототип – пилот – өндіріс – экспорт» логикасына көшу қажет.
– Бүгінгі жас ғалымдардың цифрлық технологияларға бейімділігі отандық ғылымның қарқынын қаншалықты жеделдетті?
– Бүгінгі жас ғалымдардың аға буыннан басты айырмашылығы – олардың ғылымды тек тар академиялық сала ретінде емес, жаһандық цифрлық экожүйенің бір бөлігі ретінде қабылдауында. Қазіргі жас зерттеушілер халықаралық дерекқорлармен, open-source платформалармен, жасанды интеллект құралдарымен, үлкен деректермен және халықаралық коллаборациялармен әлдеқайда еркін жұмыс істейді. Бұл ғылымның жылдамдығын түбегейлі өзгертті. Мысалы, халықаралық зерттеулер көрсеткендей, жас зерттеушілер generative AI және цифрлық құралдарды ең белсенді қолданады. Stanford университетінің AI Index 2025 баяндамасында ЖИ-дың ғылымдағы, медицинадағы және зерттеу процестеріндегі рөлі күрт өсіп жатқаны атап өтіледі. Ал Дүниежүзілік банк пен World Economic Forum есептері ЖИ және цифрлық дағдылар алдағы жылдары ғылым мен экономикадағы негізгі бәсекелестік факторы болатынын көрсетеді. Бұрын ғылыми ақпаратқа қол жеткізу ұзақ уақытты талап етсе, бүгінде жас ғалым бірнеше сағат ішінде әлемдік әдебиетті талдап, деректерді өңдеп, модель құрып, халықаралық әріптестермен бірлескен зерттеу бастай алады. Әсіресе биоинформатика, геномика, климаттық модельдеу және материалтану сияқты салаларда цифрлық технологиялар ғылымға өзгеріс әкелуде. Тағы бір маңызды өзгеріс – жас ғалымдардың пәнаралық ойлау қабілеті. Қазіргі буын биология мен бағдарламалауды, физика мен деректерді талдауды, медицина мен ЖИ-ды қатар байланыстыра алады. Әлемдегі ең ірі серпінді зерттеулер дәл осындай пәнаралық ортада туындап жатыр. Бірақ бұл жерде маңызды тәуекел де бар. Халықаралық сарапшылар қазір ЖИ пайдалану мен терең ойлау қабілетін сақтау арасындағы тепе-теңдік мәселесін көтеруде. Кейбір зерттеулер жасанды интеллектке шамадан тыс тәуелділік сыни ойлау мен аналитикалық дағдыларды әлсіретуі мүмкін екенін көрсетеді. Қазақстан үшін бұл үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Өйткені бізде жас буын цифрлық технологияларға өте бейім. Бірақ ендігі мәселе, сол таланттардың дұрыс ортасын орналастыру. Бізге суперкомпьютерлер, заманауи зертханалар, ашық ғылыми деректер, халықаралық тағылымдамалар және әлемнің жетекші зерттеу орталықтарымен тұрақты байланыс қажет. Қазір ғылымдағы басты ресурс – талант пен жылдамдық.
– «Ақыл-ойдың көшуі» (brain drain) мәселесі көптеген дамушы елдер үшін өзекті. Қазақстандық дарынды жастардың біршамасы шетелге кетіп қалмауы үшін қандай жүйелі жұмыс атқарылуда?
– Әлемде дарынды жастардың мобильділігі қалыпты құбылыс. Сондықтан басты мақсат – жастарды шетелге мүлде жібермеу емес, оларды қайта оралатын және елмен байланысын үзбейтін жүйе құру. Елімізде бұл бағытта соңғы жылдары бірқатар маңызды шаралар қолға алынып жатыр. Жас ғалымдарға арналған арнайы гранттық бағдарламалар бар. Постдокторантура институты дамып келеді, ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі біртіндеп артуда. Сонымен қатар халықаралық бағдарламалар арқылы (мысалы, «Болашақ») шетелде білім алып, кейін елге оралу тетігі жұмыс істейді. Соңғы жылдары жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды, жалдамалы пәтер беру, жеңілдетілген ипотека, ғылыми ұйымдар жанынан жатақханалар салу сияқты бастамалар бар. Бұл әсіресе ғылымда қалу туралы шешім қабылдауда өте маңызды фактор. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жаңа форматы, Жас ғалымдар кеңесінің құрылуы мотивацияны беретін маңызды қадамдар. Қазір шетелде тағылымдамадан өтіп, кейін елге оралып жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Бұл өте дұрыс бағыт. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ең тиімді модель – «brain circulation», яғни білім мен тәжірибенің айналымы. Бірақ, бұл шаралар жеткілікті деп айтуға әлі ерте. Негізгі мәселе, тек қаржыландыруда немесе әлеуметтік пакетте емес. Талантты адам ең алдымен ғылыми орта мен мықты зертхананы таңдайды. Егер ел ішінде әлемдік деңгейде зерттеу жасауға мүмкіндік болмаса, қандай жағдай жасалса да, негізгі шешім болмайды. Жас ғалым үшін ең маңыздысы – оның еңбегі мен нәтижесі әділ бағалануы. Егер жүйеде формализм басым болса, ол таланттарды ұстап тұру қиын. Ғалым өз болашағын түсінуі керек. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі «Ғылым жастары» концепциясын әзірледі. Ол – ғылымға келу → қалыптасу → халықаралық деңгейге шығу → ел ішінде орнығу кезеңдерін қамтитын үздіксіз қолдау жүйесін жасау, толыққанды ғылыми экожүйе құруға арналған. Қорытындылай айтқанда, талантты елде ұстап қалудың формуласы қарапайым. Қызықты ғылым + әділ жүйе + лайықты өмір сүру жағдайы. Егер осы үш нәрсе тең болса, онда Қазақстан ғылым үшін тартымды орталыққа айналады.
– Ғылымға енді келген жас зерттеушіге берер ең басты үш кеңесіңіз қандай болар еді?
– Бұл сауалға уақыт сынынан өткен ойшылдардың сөзімен жауап беруге болады. Альберт Эйнштейннің «Менде ерекше қабілет жоқ, тек шексіз қызығушылық бар» деген ойы ғылымдағы ең басты қасиет талант қана емес, қызығушылық пен ізденіс екенін аңғартады. Ал Мария Кюридің «Өмірде қорқатын ештеңе жоқ, оны тек түсіну керек» деген сөзі күрделі тақырыптардан қашпай, керісінше, оларды зерттеп, мәнін ұғынуға шақырады. Ричард Фейнманның «Ең басты қағида – өзіңді алдамау, өйткені алдауға ең оңай адам – өзің» деген тұжырымы ғылымдағы адалдық пен сыни ойлаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қысқаша айтқанда, жас зерттеуші қызығушылығын жоғалтпай, қиындықтан қорықпай, өзіне әрдайым сын көзбен қарай білуі керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!